ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС КЕМІНДЕ БІР НЕМЕСЕ ЕКІ ШЕТ ТІЛІН БІЛУІ ТИІС

Уақыты: 19.07.2021
Оқылды: 2001
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір халық үшін тілдің орны бөлек. Тіл – достықтың, бейбітшіліктің, сыйластықтың кепілі. Оның ішінде көп тіл білген адамның көкжиегі кең, танымы жоғары. Бір сөзбен айтсақ, тіл білу – байлық.

Бүгінгі таңда озық ойлы жастар көп тіл білгеннің болашағы зор, керегесі кең екендігін терең түйсінеді. Алты құрлыққа кең таралған ағылшын тілінде 1,5 млрд.-тан астам халық сөйлейді екен. Бұдан бөлек, қазақ жастарының арасында да бірнеше тілді жетік меңгерген жастардың қатары жыл санап артып келеді.

Мен де ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде мектеп оқушыларының осы пәнді сүйіп оқып, меңгеруіне үлес қосу парызым деп білемін. Өйткені, мемлекетімізді әлемге танытуда шет тілінің маңызы зор. Ағылшын тілін білу арқылы әлемнің экономикасын, мәдениетін, әдебиетін танимыз, жаңа технологияның қыр-сырын меңгереміз. Бұл дамып келе жатқан қазақ елі үшін ауадай қажет. Әлемдік озық мәдениетті меңгергенде ғана Қазақстан өркениетті елдердің ең алдыңғы қатарынан көріне алады.

Әлбетте, ана тілі бәрінен де артық. Бірінші кезекте туған тілдің уызынан қанып ішіп, одан соң өзге тілдерді меңгерсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Бүгінде көп тіл білу – заман талабы. Шет тілін білу арқылы ол халықтың озық тәжірибесін меңгере аламыз. Сондықтан да әрбір қазақстандық жас кемінде бір-екі шет тілін меңгеріп, өзге елдің игіліктерін көріп игерумен қатар, ұлттық құндылықтарымызды да паш етіп, халқымыздың биік тұғырдан көрінуіне қызмет етуі тиіс. Бұл орайда әр адамның бойындағы патриоттық сезімі жоғары болуы қажет. Елін, жерін шынайы сүйетін, сол үшін жан аямай қызмет ете алатын адам ғана мұндай үлкен жүкті арқалай алады.

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа білім беруде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Ал ұрпағымыз терең білімді болып, көп тіл білгенде ғана өзге елдің жастарымен иық тірестіре алатын, бәсекеге қабілетті тұлға болмақ. Ол үшін бірінші кезекте тіл білуі керек. Осы орайда жас ұрпаққа шет тілін меңгеруді мақсат етіп қойып, болашақта еліміздің өркендеп, дамуына өз тараптарыңнан үлес қосыңдар дегім келеді. Ұрпағы білімді халықтың ғана келешегі кемел болмақ.

Әсем САЙБОЛАТОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан