Көңіл толқытқан көрме

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1279
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру барысында Көркемөнер галереясында Жетісу әуесқой қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылды.

Қолөнер – атакәсіптің бірі. Ол халықпен бірге жасап, өрістеп отырады. Қолөнер шеберлері табиғаттың тамаша көріністерін суреттеп, оған өзгеше өң береді. Сонымен қатар, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшеліктерімен өшпес із қалдырып отырады. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, баскиімдерді әшекейлегенде көп қолданады. Мысалы, ою-өрнекпен әшекейленген бұйымда қатырма жапсыру, моншақтармен, түрлі түсті тастармен безендіру жиі кездеседі. Дегенмен де, көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап келеді. Оған дәлел –Жетісу жерінің қолөнер шеберлері Шынар Мұхтарханқызы мен Нұргүл      Сүлейменова. Екі шебердің де көркемөнерге деген сүйіспеншілігі жүздерінен-ақ байқалып тұр. Гобелен тоқуды, гүл панносы арқылы кестелеуді жетік меңгерген. Салт-дәстүрден аттамай, әжелерден көргенін, түйгенін істеуде. 
Көрмеге қолөнер шеберлерінің 60-тан астам  туындысы ілінген. Мұнда тоқыма кілемдер, құрақ көрпелер, киізден ұлттық нақышта тігілген қолөнер бұйымдары бар. Көрмеге келген адамдардың ұлттық өнерімізден бір сусындап, шөлін басқаны байқалады. Ежелден келе жатқан салтымыз бен дәстүрімізден мол рухани әсер алғаны сөзсіз.
Көрменің иесі  Шынар Мұхтарқызы өз сөзінде:
– Мен қаламыздағы гуманитарлық колледжде 6 жыл сабақ бердім. Алдыма қолдары қалтырап, инені сабақтай алмайтын, қайшыны ұстау әдісін білмейтін қыздар келді. Оларды бір ай ішінде қолөнерге бейімдедім. Әріптестерім бұл ісімді жоғары бағалады. Негізінде, қазақтың кесте өнері кейінгі кезде шатқаяқтап қалды. Менің жаныма бататыны осы. Сондықтан оқушыларға шымқай кесте, шым кесте, біз кесте, бірыңғай кесте, аламыш кесте, кереге, өзек кестелермен жұмыс істеуді үйретемін. Өзімнің жаныма жақыны – баспа тігіс кестесі. Сол арқылы әртүрлі жастағы ер адамдардың тақияларын тіктім. Атакәсіпті туғалы бері жаныма серік етіп келемін, – дейді. Сонымен қатар, үйдегі ескі киімдерді лақтырмай, олардан әртүрлі бұйымдар жасайтын көрінеді. Бұл да болса шебердің көрегендігі болар. 
Көрмеге келген көпшіліктің көңілдері бір серпіліп қалды. Қабырғаға ілінген туындылардан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қос шебердің де қуанышында шек жоқ. Ұйымдастырушылар көрменің әлі де жалғасатынын айтты.


Қабыл ИСА.