МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТУ БІЛІМДІ ҰРПАҚТЫҢ ҚОЛЫНДА: РЕКТОРДЫҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 13.09.2021
Оқылды: 1134
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осымен үшінші рет халыққа Жолдау жасады. Онда мемлекет дамуының стратегиялық жоспарын нақтылай келе әр салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, еліміздің алдағы даму үдерісіне бағыт-бағдар берді. Сапалы білім беру мәселесінде педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысының 25 пайызға көбейгенін айтып, алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатынын жеткізді. Бұл - педагог мамандардың әлеуетін арттырып қана қоймай, мемлекеттің күретамыры саналатын білім беру ісін дамытуға даңғыл жол ашатын шешім.

Биыл педагогикалық мамандыққа тапсырудың орташа балы өсті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімі педагог мамандығына деген талаптың күшейгенін аңғартады. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті өңірдегі педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орны болғандықтан негізгі мақсатымыз – облыстағы барлық мектепке қажетті пән мұғалімдерінің мониторингісін жүргізе отырып, сол негізде педагог-кадрларды  әзірлеу.

Биылғы оқу жылында жергілікті бюджет есебінен және мемлекеттік тапсырыс бойынша біздің университетке түскен 318 грант иегерінің 250-і болашақ мұғалім. Бұл мектеп түлектерінің педагогикалық мамандыққа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Шектік балы 75-тен асқан түлектердің ғана осы мамандықта оқи алатынын ескерсек, бұл жас ұрпақты оқытатын педагогтардың сапасын арттыру бойынша қабылданған шара деп білеміз және өз жемісін беретіні анық. Себебі, заман алға жылжыған сайын білім жаңарып келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл тұрғыда: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа», – деп атап өтті.

Жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде түлектің білімі мен еңбек нарығындағы теңсіздік жайына қанықпыз. Теңсіздікті болдырмаудың жолы, Мемлекет басшысы айтып отырғандай, «білім бағдарламаларын жаңа жағдайға міндеттеу керек».

Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі аппарат жиналысын өткізді. Онда: «Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті. Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жыл соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - деген міндеттеме ерекше ескеріліп, заңнамаға өзгеріс енгізу жұмысы басталатыны айтылды.

Президент осы Жолдауда: «Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес», – деп атап көрсеткен еді. Мемлекеттілікті нығайту үшін ұрпақтың білімді болуы маңызды. Бұл тұрғыда салмақ білім беру саласына түсетіні аян. Педагогикалық мамандықтар даярлайтын жоғары оқу орны үшін тіпті екі есе жауапкершілік деп білеміз. Сол себепті де Білім және ғылым министрлігі шешімдерінің аясында аянбай еңбек ете береміз.

Жолдау білім жүйесін ғана емес, еліміздің барлық саласын қамтыды. Пандемия, әсіресе, экономика мен денсаулық сақтау саласындағы олқы тұсымызды ашып көрсетіп берді. Бұл туралы Мемлекет басшысы ашық айтып өтті. «Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады». Бұл қарапайым кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік, ел экономикасының дамуына қосылған қомақты үлес. Осындай мүмкіндікті азаматтарымыз тиімді пайдаланып, тиісті орындар ашық әрі нақты жүзеге асырса, нәтижелі болатынына сенеміз.

Біздің облыс экономикалық тұрғыда аграрлық секторға жатады. Аймақ тұрғындарының көп бөлігі егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Жолдауда айтылған: «Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс», - деген міндеттемелер біздің облысқа қатысты.

Жетісу университетіндегі биотехнология институты дәл осы дақылдарды сұрыптау, олардың сапасын арттыруға байланысты зерттеулер жасап жүр. Жолдауда айтылған осы міндеттемелер, бұл институт жұмысын жетілдіре түсуге серпін береді деген ойдамын.

Бағдарламалық Жолдауда орта мектептердің жетіспеушілігі де айтылды. Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеді. Бұл да білім саласына деген үлкен қолдау. Биылғы оқу жылында Алматы облысында 8 жаңа мектеп ашылды. Бұл Президенттің бұған дейін тапсырған 800 мектеп салу тапсырмасының негізінде жүзеге асты.

Жолдауда сөз болған «пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, өңірлік саясатты жетілдіру» мәселелерінің барлығы да еліміз үшін өзекті. Дәл осы айтылған міндеттемелерді әрбір басқарушы орган жауапкершілікпен атқарғанда ғана алға жылжимыз. Мемлекет басшысы айтқандай, «ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» екені анық. Ұлттың ұйысуы дегеніміз – әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауы деп түсінемін. Жолдауды қолдау дегеніміз де осы жауапкершілікке келіп тіреледі.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма төрағасы - ректор,

география ғылымдарының докторы, профессор