Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚОЙШЫ БАЛА: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАҒЫ БІР ТЫҢ ШЫҒАРМАМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 13.09.2021
Оқылды: 897
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ерназар сабаққа тағы кешігіп келді. Көзінің алды ісіп кеткен. Ұйқысының қанбағаны көрініп тұр. Оның үстіне қатты қиналған ба, жанарынан аққан жастың орны ма, түнімен жылаған адамдай беті көнектеніп, айғызданып қалыпты. Дұрыс жуынып үлгермеген болуы керек, көзінің алдына қатқан сары былшығын да дұрыс кетірмепті. Сыныпқа кірді де, есіктің алдында басын төмен салып, қаққан қазықтай қалшиды да қалды. Мұғалім сабағын жүргізіп тұрып, есік алдындағы Ерназарды басынан аяғына дейін бір шолып шықты да, зілді дауысымен: «Отыр орныңа!» – деп зекіп қалды. Үстіндегі киімі жұпыны демесеңіз тазалығына аздап алаңдаулы. Қыртысын жазып, киіп алған мектеп формасына көңнің иісі қатты сіңіп кеткенін өзіне болмаса да, мектептегі оқушыларға қатты сезіледі. Жалма-жан сөмкесін ашып, ішіндегі бір ұшы бүктеліп қалған дәптері мен кітап, қаламын алдыға қойып, мұғалімнің айтқанына зер салды.

Ерназар әке мен шешеден ерте қалды. Көлденең келген кесел шешесін алып кетті. Ұзақ уақыт науқастанып, еміне шипа таппаған анасы бауырына басқан Ерназарды әкесіне аманаттады да бұл өмірмен қош айтысты. Жас қалған баланың қамы бар, әйелінің қайғысы ол бар, Омарға ауыр тиді. Қайғы ішіне түсіп, ішкілікке де салынды. Тағдырдың қаталдығына төтеп бере алмаған Омар өзі де науқастана батады. Күйіктің үстіне күйік жамап, әйелінің жылын бергесін жүрек байғұс шыдамады. Ақыры түн ұйқысынан оянбай, соғуын тоқтатты. Сорлы бала көзі жәутеңдеп, бір шаңырақта жалғыз қалды. Бұғанасы қатпаған Ерназардың тағдыры не болмақ, деген елдің сөзі аяушылық танытқанымен жақындарының біреуі бауырына баспады. Жастайынан жетімдіктің қамытын мойнына киіп, нағашы апасының қолында өсті. Жетімді бақтым дегені болмаса, апасы Ерназарды аямады. Отырса опақ, тұрса сопақ етіп, қой соңына салды да қойды.  «Жастайыңнан әке мен шешені жұттың», деп талай нұқыды. Мейірімі ояна қалса, «қызымнан қалған көз», деп бауырына басып, шерін бір тарқатып алатын кезі де болды. Мұндай сәт сирек еді. Ши бұттанып, жусаннан бойы асқаннан бастап қозы бақтырды. Осылайша Ерназардың қой соңындағы өмірі басталды.

Таң қылаң бере Қара кемпірдің дауысы күнмен бірге шығады. Ауыл солай атап кеткен. Қара кемпірдің шын есімі – Қарашаш.

– Бұл үйдің таңы қашан атады? Әй, жетпегір, тұр орныңнан. Қой өрістен қалды. Осы сорлының ұйқысы қанбайды. Тілеуі жаман жетім, енді мені жұтасың, сосын көрінгеннің есігін сығалап, тоз-тозың шығып өлесің. Бол, қораның есігін аш, қойды өріске қарай айда, – деп зарлап кеп берді.

Қара кемпірдің бұл айқайын көрші-көлең күнде естиді. Сай сүйегіңді сырқыратар сөздері өңменіңнен өтіп, жаныңды тіліп өткенімен ешкім оның бетін қайтаруға дәті жетпейді. Қарсы келген адамға одан зорғысын ақтарып, қарғыстың не түрлісін қарша борататын болғасын ешкім араласқысы келмейді.

Ал бұл уақытта Ерназар ұйқысынан тұрып, қораға бет алған еді. Оразасын ашып та үлгерген жоқ, Қара кемпірдің аузы жабылсын дегендей үнсіз қораның есігін ашып, қойды өріске қосты. Ұйқысының қанбайтын жөні бар. Кеше түні отардан бөлініп, адасып қалған қойды түнімен іздеген. Таңға жуық тауып әкеп жатқаны сол болатын. Сілесі қатып әбден шаршаған Ерназар күнделікті тірлігіне қайта араласты. Босағада тұрған қара сөмкені мойнына іліп, қорадағы қозы-лақты жаюға аттанды. Оразасын үйде емес, қозыны жайып жүріп ашты. Қара кемпірдің салып берген қара наны мен бір бөтелке айранды ішіп, жан шақырды. Күні бойы қозының соңында жүріп, терең ойға бататын кезі көп. Ышқырына тығып алып шыққан кітапты парақтап, әңгіме оқиды. Кей уақытта сабағын да қой соңында жүріп орындайтын кезі көп. Әсіресе, «Жалын», «Жұлдыз» журналдары қолынан түскен емес. Жазушылардың әңгімесін жатқа айтатын. Оны ауыл балаларының алдында талай мәрте дәлелдеген.

Сабаққа кешігіп келген Ерназар мұғалімнің айтқанын жанталаса дәптеріне түсіріп, қасындағы баладан қалып қалған жерін толықтырып та үлгеріп отыр. Математика сабағы болатын. Жаңа тапсырманы түсініп үлгермеді, үйге берген тапсырманы мұқият түртіп алды. Қоңырау шалынып, балалар үзіліске шықты. Ал Ерназар болса, қалып қалған есепті дәптеріне жазып, есептің шығу жолын зерттеп отыр. Келесі сабақ қазақ әдебиеті болатын. Өткен сабақта шығарма жазып, барлығы өткізген еді. Бүгін соның қорытындысын білетін күн. Елмен қатар Ерназар да «Кім болам?» деген тақырыпта шығармасын өткізген. Үзіліс аяқталып ішке кірді. Ерназар отырған орнынан тапжылмай өткен сабақты аяқтап, жаңа сабақтың кітаптарын алдына шығарды. Сынып іші тыныштық. Барлығы да шығармадан қанша алғанына алаңдайды. Мақсұт ағай журнал бойынша тегін атап, бағаларын айтып жатыр. Бірі қуанып, кейбіреуінің бағасы төмендеп қалған. Ерназарда үн жоқ. Іштей алаңдап, өзінің жазғанына қысылатындай күй кешуде. Оның фамилиясы Шанақбаев болатын. Тізім бойынша ең соңында. Сыныптағы барлық баланы атап келіп, Ерназарға келгенде сәл кідірді. Ел екі парақты толтырғанда Ерназар алты парақты толтырып жазып жібергенге ұқсайды. Осынша не жазды, қозы мен қой баққанын қосқан ба деп арттағы отырған балалар келекетіп жатыр. Осы сәтте Мақсұт ағай: «Ал, Ерназар, орныңнан тұр», – деді.

– Сен бар арманыңды алты парақ қағазға сыйғызыпсың. Сенің бағаңды айтпас бұрын мен сені ортаға шақырайын, – деп жалғады сөзін мұғалім.

Ерназарда ес қалмады, бір нәрсенің бүлінгенін біліп, ағайдан сөз еститін болдым деген қорқыныш бойын билеп кетті. Көзі алақтап, теңселіп ортаға шықты. Қыртыстанған кәстөмін қайта-қайта жаза береді. Басын бір сипап, мұғалімге бір қарап, ыңғайсызданып тұр. Өзімен жақсы араласатын Әлиге қарады. Екеуінің сөзі бір, үнемі мұңы мен әңгімесін соған ғана айтатын. Бірақ Әлидің бағасы көңіл көншітерлік. Мен не бүлдірдім дегендей, Әлиден жәрдем тілейтіндей. Осы кезде Мақсұт ағай: «Ерназар өзінің жазғанын өзі баяндап берсін, біз тыңдайық», – деді.

Маңдайы тершіп, дауысы дірілдеп, қобалжып тұрған Ерназарға мұғалім тағы да қайталай: «Ұялмай жазған шығармаңды басынан-аяқ айтып бер», – деді.
Осы сәтте Ерназар шығармасын бастады.

– Мен өмірдің соқпақ жолымен жүріп келе жатқан бір бейбақпын. Алдында арманы жоқ бейшара секілді тұманның ішіндемін. Әр адамның алға қойған мақсаты, қол созып ұмтылатын арманы бар. Сол мақсатқа жеткен кезде сенің кім екеніңді айтпаса да, айналаң анықтайтын болады. Менде мақсат жоқ, бірақ арман бар. Сол арман мені күні-түні мазалайды. Бірақ арманның алыс екенін мен қазірден-ақ ұғамын. Жалпы арман деген не? Ол қолға ұсталатын, көзге көрінетін нәрсе ме?! Егер солай болса, әрбір азамат міне, менің арманым қолымда, деп елге жарқыратып көрсетпей ме? Ал менде қазір көрсететін өріс пен қой ғана. Мүмкін, арман деген осы шығар. Жоқ, бұл арман емес, арман алыста. Оған жету үшін көп еңбектену керек. Талпынып, соған қарай батыл қадам жасау керек. Сонда ғана адам арманына қол жеткізеді. Бірақ менің арманыма қол жеткізуім екіталай. Менің батылым жетпейді, мүмкіндік те бермейді. Мақсатына жетпейтін адамға «Кім боласың?» деген сұрақты қоюдың өзі әбестік болар.  Кім болатынымды бір Алла біледі. Өмір көрсетеді. Ал шынымен менің кім болғанымды білгіңіз келсе, мен айтайын. Мен шет тілінің маманы боламын. Жаңағы айтқанымдай дәл осы мамандықты армандаймын.  Бірнеше тілді меңгеріп, әр түрлі елдің мәдениетін көремін. Өзге елдерді аралаймын. Мен таңдаған мамандық осы. Дүниенің төрт бұрышын көріп, дипломат атансам деймін. Кім боларымды шығармада көрсеттім, ал кім болатынымды өмір көрсетеді, – деп шығармасын аяқтады.

Дәл осы сәтте сыныпта өлі тыныштық орнады. Ерназардың маңдайын тер жуып, басын төмен салбыратып, ауыр күрсінді. Шығарманы бұлай жазғанына өкінетін секілді ме жоқ ішіндегі бар зарын ақтарып, жеңілдеп қалды ма, әйтеуір басын көтермеді.

Осы сәтте Мақсұт ағай орнынан жаймен тұрып, бар тыныштықты орнатқан Ерназарды құшағына қысты.

– Сенің шығармаң өте жақсы, бағаң да сондай болады. Сен шет тілінің маманы емес, жазушы болғаныңды қалар едім. Қалай болса да, арманыңа қол жеткізуіңе тілектеспін, орныңа отыр, шығармаңа «бес те бес» деген баға қоямын, – деді.

Сол күннен бастап Ерназарға барлық оқушының көзқарасы өзгерді. Ойының ұшқырлығы мен зеректігін ескерді. Қой соңынан ерген қара бала емес, болашақ маманның егесі екеніне көздері жетті. Осылайша күн өтіп, сабақтағы үлгерімі мен қойдың кезегін бағып Ерназар күн кешіп жатты.

Бір күні кешкісін қой бөлініп келді. Қара кемпір сол түні Ерназарға тыныштық бермеді. Қорадағы қойдың ішінен бесеуі өрістен қайтпай қалған. Түнеу жолы түн жарымына дейін іздеп, әрең тауып келген болатын. Бұл жолы да қойды қарамаған жері жоқ, өрістің әр бұтасын тінтіді. Қойын таппай үйге келіп құлады. Қара кемпірде маза жоқ, қой кезегін баққан адамнан бір сұрап, көрші-қолаңның мазасын бір алып, Ерназарды жерден алып, жерге салды.

– Сен, жетім, қойды таппадың, бір бұтаның түбінде жатып, ұйқыңды қандырып қайттың ба, жоқ, әлде, құшағыңа қысқан кітаптан бас алмай бос қайттың ба? Қой жоғалғанша сен өзің неғып жоғалмадың? Құдайдың таңы атсын, өзім іздеймін. Сол қой маған емес, сендерге керек. Мен ертең өлем, малға иелік ететін сендерсіңдер. Өлсем қонақасыма сояды деген құнан қойдың жоғалғанын қарасаңшы. Мен кетсем, тоз-тозың шығып, елдің есігінде қаласың, – деп жер-жебіріне жетті.

Іші ызалы Ерназар сол күні-ақ өзіне қол салып, кемпірден бұрын өлгісі келді. Әке мен шешеден ерте айырылғаны жанына қатты батты. Егер олар тірі болғанда, мына қара кемпірдің қарғысын мұнша естімес едім деген ойы жанарынан жас болып сорғалады. Күндізгі Мақсұт ағайының құшағына басқаны ақ мамықтай жұмсақ болып, көңілі одан ары құлазыды. «Неге, неге ерте кеттіңдер? Осы күні тірі болғанда мен де ел баласы секілді бақытты балалықты өткізіп, Мақсұт ағайымның тапсырған шығармасын арманға толтырмай, кім болатынымды нақты жазар едім. Мені осындай сормаңдай болсын деп ерте кеттіңдер ме, қара кемпірдің қарғысын қашанғы естимін? Қой соңына салпаңдап қанша жүрем, армандаған шет ел өздеріңмен кетті ме?» – деп өксігін баса алмай, көрпе астында булықты.

Ертесіне сабақты жайына қалдырып, қой іздеуге аттанды. Қолына өзінің қара сөмкесін алып, ішіне күлшелеп піскен нанның жартысы мен қою айранды құйды да, кең даланы бетке алды.

Биік төбенің басына шығып, қарға-құзғынды бір шолып өтті. Жемтік көрсе, топырлап ұшып, үймелеген қарға көзге шалынбады. Іштей қой тірі деп ойлады, қарға көрінбейді. Тек қасқыр тартып кетпесе болғаны. Бірақ қойдың сүйегі де жоқ, қара кемпір маған тыныштық бермес деп күйінді. Терең өзекті жағалап ұзақ жүрді. Ауылдан алыс жаққа кеткенін өзі де сезбеді. Әр із, шашылған әр құмалақты бір ұстап көріп, қойдың жүрген бағытын бағдарлады. Кезек баққан бақташының нұсқауы бойынша жүріп келеді. Бір сәтте маңыраған қойдың дауысын естіді. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанған Ерназар өзеннің сағасына қарай жүгірді. Жазда суы азайып, көктемде толып ағатын Көкөзек бүгін тасып жатыр екен. Жыл сайын арнасы бұзылып, жаңа арал жасап кететін Көкөзек бұл жолы да арал жасаған секілді. Жоғалған бес қойы сол аралда қалып кетіпті. Сәуірдің аяғы болатын. Күн әлі қыза қойған жоқ, су әлі қою және суық.

Бірақ Ерназарға басқа амал жоқ, суық суға түсуге тура келеді. Судан өте алмадым деп үйге барса, қара кемпір Көкөзекке өзі лақтыратынын жақсы біледі. Ақыры шешініп, арғы қабаққа қарай жүзді де кетті. Көктемнің мұздай суы Ерназардың денесін шымырлатып жіберді. Жағасы тым алыс емес, жаз айы болса, еркін жүзіп шығар еді. Тек бұл жолы су мұздай, содан болар, Ерназар арғы бетке өткенше тісі тісіне тимей, сақылдап кетті. Өткен бойда қойларды сабалап ап жөнелді. Түнімен қара кемпірдің қарғысы бар, Көкөзектің мұздай суы бар, әбден ашуына тигені анық, кішкентай аралды қуалап жүріп соққылады. Бытырай қашқан бес қой соққыдан қашқанымен суға түспеді. Ақыры Ерназар біртіндеп судан алып шығуға бел буды. Бірінші бір қойды судан өзімен бірге толқытып өткізді. Ерні көгеріп қалған Ерназар бұлай көпке бармайтынын сезіп, от жақты. Аздап денесін қыздырып алып, келесі қойды өткізді. Төрт қойды өткізіп, соңғы құнан қойға кезек келді. Тайыншаға жетер-жетпес дәу қойдың мойнынан ұстап біраз тұрды.

«Қара кемпір өлсем қонақасыма соямын деп отыр. Апама емес, осы жерде-ақ бауыздап тастайын ба? Апамның жазығы жоқ, күйінгеннен бізге ұрсады, ол сорлыға да оңай дейсің бе?! Үлкен ұлынан бір айырылды, одан кейін менің шешем мен әкемнен көз жазып қалды. Соның қайғысын көтеру оңай емес, енді сен, қара қой, апамның қайғысына қайғы қосып қойдың», – деп іштей күбірледі.

Сөйтті де, құнан қойдың мойнына асылып, Көкөзекке түсті де кетті. Алдындағыдай емес, Көкөзектің мұздай суы Ерназардың бойын одан ары тырыстыра түсті. Жарым жолға жеткенде Ерназардың аяғы тартыла бастады. Өзінің салмағын әзер алып жүретін қара қой суға түскенде қырқылмаған жүні одан ары ауырлап, жүзе алмады. Мойнына айқастыра құшақтаған Ерназардың қолы жазылмай, қол-аяғы бірдей тартылды. Жанталасып көргенімен ештеңе болмады. Жан дауысын шығарды. Айғайлап көмекке шақырғысы келді. Бірақ жағы қарысып, дауысы шықпады, көмекке келетін де маңайында ешкім жоқ.

Суға батып бара жатқанын Ерназар сезді. Тағдырдың салғанына мойын ұсынып, қимылсыз қалды. Сонау күні Мақсұт ағай мен сыныптастарына баяндап берген шығармасындағы арман-мақсаты сағым болып көз алдынан тізбектеліп өте шықты. Өзі шығармасында жазғанындай, арманына жетпеді, мүмкіндік те жоқ еді. Ақыры Қара кемпірдің қонақасына соямыз деген қара қойын құшақтаған қойшы бала су түбіне батып кетті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды