ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АЛУДАН ГӨРІ САҚТАП ҚАЛУ ҚИЫН: ТАРИХШЫ ҒАЛЫМНЫҢ ПІКІРІ

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1346
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ғасырлар бойы азаттықты, мемлекеттілікті аңсап өткен батыр бабаларымыздың асыл мекені – Ұлы Даланың бүгінгі мұрагері Қазақстан Республикасының өз алдына ел атанғанына биыл 30 жыл толып отыр. Адамзаттық уақыт өлшемімен есептер болсақ, бір азаматтың есейіп, өз кіндігінен ұрпақ өндіретіндей кезеңмен тең. Сондықтан, оны аз немесе көп деп есептеуге келмейді. Тек, осы кезеңнің қиындығы мен ауыртпалығына, жетістігі мен табысына куә болғанымыз бұлтартпас шындық.

Осы жылдар ішінде елімізде көптеген игілікті шара қолға алынып, ауыз толтырып айтар жақсылықтар жасалды. Солардың ішінде ең маңыздысы 1992 жылы Мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануы дер едім. Сол арқылы Ту, Әнұран, Елтаңбамызды күллі әлем таныды. Одан кейін экономика, руханият, әлеуметтік салаларда бірқатар жұмыстар атқарылды. Әсіресе, мәдениет саласында қолға алынған істердің салмағы жеңіл еместігін тарихшы ретінде алға тарта аламын. Халықаралық қаржы ұйымдарына мүше болып, сауда-саттық, мәдениет саласында көптеген игілікті істердің қасынан табылған Қазақстанды әлем тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Осының бәрі еліміздің тарих сахнасына тәуелсіз шығуының арқасы.

Шындығында, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда ата-бабаларымыз кескілескен ұрыста қан төкті. Ауыр еңбекте бойының ащы терін сорғалатты. Ұлы Дала талай-талай азаттық күресінің куәгеріне айналды. Осылайша егемендік жолында көптеген белестерден өттік.

Мәдениетіміз бен руханиятымыздың өркендеуі үшін көптеген бағдарлама қолға алынып, аса маңызды шаруалар атқарылды. Соның бірі 2004-2011 жылдары жүрген «Мәдени мұра» бағдарламасы дер едім. Сол арқылы еліміздің тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген деректер, мәліметтер шетелдік архивтерден алынды.

Қоғамда ақтаңдақ болып тұрған Алаш қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін, репрессия, ашаршылық, ұлт-азаттық көтерілістер сынды өзекті, тың тақырыптар жан-жақты ашылды. Одан кейін 2013 жылы қабылданған «Халық тарих толқынында» деген мемлекеттік бағдарлама көптеген тұлғаның өмірі мен еңбегінің танылуына көмектесті. Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті, Ұлы Даланың жеті қыры мәдениетіміз бен руханиятымыздың серпілуіне ықпал етуде.

Осындай қолдаудың арқасында ұлттық тарихымыздың қалыптасуына, ұлттық сананың өсуіне біршама қолдаулар жасалып жатыр. Дегенмен, өскелең ұрпақтың ұлтын, Отанын, елі мен жерін сүйетін азамат болып өсуі үшін мектеп пен жоғары оқу бағдарламасына Алаш қайраткерлерінің қажырлы еңбегі мен ғибратты ғұмырын оқыту енгізілсе деп армандаймыз. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Жарлық шығарған болатын. Соған байланысты республикалық, облыстық, өңірлік деңгейдегі арнайы комиссиялар құрылып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Тәуелсіздікті алудан гөрі сақтап қалу қиын. Сол үшін еліміздің әрбір азаматы, бейнелеп айтқанда, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» бірлескені жөн. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз қажет. Ол үшін әрбір адам қолынан келген жұмысын адал атқарып, өскелең ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Шәмек ТІЛЕУБАЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты