ТАЛДЫҚОРҒАНДА АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР ЖИНАЛЫП, "БІРДЕҢЕНІҢ" ТҰСАУЫН КЕСТІ

Уақыты: 16.09.2021
Оқылды: 1590
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясы әлемінде өзінің үнін айшықтап, қолтаңбасын даралап алған ақын Айнұр Төлеудің «Бірдеңе» атты жаңа жинағының тұсаукесер кеші өтті. С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында өрбіген рухани шараға аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен қалың оқырман қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазақ прозасында айшықты із қалдырып келе жатқан жазушы-журналист, «Janr» әдеби бірлестігінің төрағасы Есболат Айдабосын шара тізгінін ұстап, алдымен ақын шығармашылығына тоқталды. Сұлу теңеу, тегеурінді тіркеспен зерленген өлеңдердің мөлдірлігін, шынайылығын әспеттеген ол алғашқы сөзді руханиятқа жанашыр болып жүрген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевқа берді.

­- Шығармашылық әлемде жүрген ақын-жазушының жан дүниесінде мөлдір сыр, сырбаз саз бұғып жататындай. Соны ақын-жазушылармен қоян-қолтық араласқалы бері анық аңғарып келемін. Айнұрдың поэзиясы мөлдірліктен, сұлулықтан, сырбаздықтан үзіліп түскен саф дүние. Оқырманын алға жетелеп отыратын, өз әлеміне ынтық қылатын дүние, - деген М.Қапашұлы «Бірдеңе» жинағының оқырман олжасына айналарына сенімді екенін жеткізіп, авторды жаңа кітабымен құттықтады.

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз алып, қазақтың аяулы ақын қызына деген жүрекжарды лебізін ақтарды. Кесек теңеулермен парасатты талдау жасаған айбоз ақын кеш кейіпкерінің рухани әлемінен сөз саптап, «Бірдеңе» кітабындағы ақық ой, асыл баламаларды айшықтап өтті.

Өз кезегінде бас редактор Әміре Әрін, басқарма басшысы Мәрлен Көлбаев пен ақын Сағыныш Намазшамова, белгілі журналист Назым Дүтбаева «Бірдеңе» кітабының тұсаукесерін өткерді.

«Уақыт және Кеңістік...

Кеңістікте ерегестік - керістік!

Біз секілді миллиард дене, мың дене,

Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе», - деп келетін философиялық жырды тамылжыта оқыған Айнұр Төлеу өз кезегінде «Бірдеңе» кітабының атауын оқырманға түсіндірді. Әдебиет есігін осынау мөлдір жырмен ашқанын да атаусыз қалдырмады.

Әдеби ортада «Аспан қызы», «Күн қызы» сынды көптеген атауға ие болып, қазақ әдебиеті классиктерінің үлкен бағасына ие болған ақын кешінде Гүлбақыт Қасен, Айдын Кәлімхан, Жұматай Оспанұлы сынды ақындар да ақжарма тілегін ақтарып, кеш кейіпкерінің жүрегін жарып шыққан ғажайып жыр жолдарына тоқталды.

Өз кезігінде «Janr» әдеби бірлестігінің мүшелері, ақын Әмина Адайхан, Салтанат Құмархан, Асыл Сұлтанғазы, Ерден Нұрахмет, Бейбарыс-Сұлтан Өмірбай сөз алып, жаңа жинақтан жыр оқыды.

Шара соңында кеш кейіпкері оқырмандар сауалына жан-жақтылы жауап беріп, шығармашылығы туралы баян етті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"