ТӘУЕЛСІЗДІК! БҰЛ СӨЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘҢГІЛІК ҰРАНЫ БОЛУЫ ТИІС

Уақыты: 18.09.2021
Оқылды: 1541
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік... Бір ауыз сөздің астарында қаншама мағына, бабалар қаны, аналардың көз жасы бұғып жатыр. Топырақ қойнауына тоғытылған қарт тарихпен сырлассаңыз, тәуелсіздік тұғырын тік көтеру оңай соқпағанын аңғарасыз. Бұл – орасан еңбек пен ерліктің жемісі.

Шүкір дейміз... Биыл егемендіктің отыз жылдығын ел болып тойлап, даңқымыз бен парқымыздың жеткен жерін әспеттеп жатырмыз. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен қазақ үшін  ғасырлық жұмыс атқарылған бұл уақыт арасында талай сыннан өттік. Алайда еңсемізді қайта тіктеп, мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік ел» болу мұратына қадам бастық. Мұның барлығы тәуелсіздікті тәу еткен тәубешіл азаматтардың, бұқара бірлігі мен берекесінің арқасы деп білемін.

1991 жыл. Жалғанды жалпағынан басып жатқан Кеңес одағы ыдырап, жетпіс жылға жуық бодандық қамытын киген еліміз дербестікке қол жеткізді. Арайлап атқан ақ таңның азаттықпен астасқан тұсы да осы еді. «Тәуелсіздік» деп ұран салған ұлтымыз дәл осы мезетте дағдарыс, жұмыссыздық, кедейшілдік сынды ауыр мәселелермен жолықты. Талай жылдар орталықтан басқарылған мемлекеттік саясат пен билік басындағы атқамінерлердің нағыз іске кірісер, білек сыбана, балақ түре ел болашағы үшін еңбек етер мезеті басталды.

Сол кезеңде ұлы көшті бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы ойлары, пайымды пікірі мен байыпты шешімдерінің арқасында бүгінгі бедел биігіне шығып отырғанымыз да жасырын емес. Мемлекет болып ұйысқаннан бергі өнегелі өткеніміздің қай тұсына көз жүгіртсек те Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы менмұндалап тұратындығы хақ. Талай мехнаттан кейін бұйырған егемендігіміз Ұлы дала елінің еңсесін тіктеп, иығынан төмен иілген басын биіктете түсті.

Тоқсаныншы жылдардың қаржылық, дағдарыстық, өндірістік, экономикалық езгісіне төтеп беру жолында Елбасымыз бен ел басындағы тұлғалардың төккен тері мен кеткен уақыты, сарқылған күш-жігері мен қажыр-қайратының құны өлшеусіз. Кешегі «мызғымас одақтан» бөлініп шыққан бірқатар елдер кезіккен қиындықтардың түйінін әлі күнге дейін тарқата алмай жатқанда, тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстанымыз мұзарт шыңдарды кезегімен бағындырып, серпінді даму жолына түсті. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезеңді көзіміз көрді.

Тарих үшін қас-қағым сәт саналғанымен біз үшін талай мүмкіндікке жол ашып, қарқынды даму даңғылына түсірген осы уақыт аралығында елімізді әлем таныды һәм мойындады. Енді, міне, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күннің куәгері болып, берекелі де мерекелі тірлік кешудеміз. Бабалар арманы ақиқатқа айналып, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен тереземіз теңелді. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық дүние.

«Өткенін еркін білмеген болашаққа болдырып барады»  деген тәмсілдің тамырын қуаласақ, тәлімді ой жатқанын аңғарамыз. Себебі, туған еліміздің тарихын танымау бабаларымыз салған сара жолдың бағытынан жаңылумен тең. Ел ертеңі үшін етігімен қан кешіп, еңіреп өткен ерлер мен аналардың көз жасы құмға сіңбесін десек, кешегімізді келешегімізбен сабақтастырып, өткенімізді өнеге тұтқанымыз абзал.

Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деп атап өткен еді. Ендеше, осы құндылықтарымыздың қадірін әрбіріміз жете түсініп, лайым солардың қадір-қасиетін сезіне білейік.

«Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп»  демей ме?! Ұлы дала елінің тірегі мықты, тегеурінді 30 мемлекеттің қатарына қосылу межесі бүгін арман, ертең айқын дүние болсын. Бірлігіміз бұзылмасын, тыныштығымызға көлеңке түспесін. Тарих үшін қысқа ғана сәт саналатын небәрі 30 жылдың ішінде ғасырлық дүниелерге дем бітірген еліміздің болашаққа деген беталысы күннен-күнге арта түссін. Елмен бірге жасайық, елмен бірге аспандайық!

Досан КАРИМОВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты