ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАМБЫЛДЫҢ ТҮРІК ТІЛІНДЕ БАСЫЛҒАН КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1276
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай жер-жерде түрлі шара ұйымдастырылып, жарқын бастамалар бой көтеруде. Елімізден бөлек, өзге мемлекеттерде де ұлы ақынның ұлық тойы дүркіреп аталып өтуде. Жыл басында Алматы облысы әкімінің қолдауымен Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» романы оқырманға жол тартса, күні кеше облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген Жамбыл Жабаев кітабының тұсауы кесілді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Өмірі аңызға айналған жыр алыбының мерейтойына орай жарық көрген жинақтың тұсаукесер салтанатын облыстық мәдениет, архив ер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев ашып, жүргізді. Ол әуелі қазақ руханиятының алтын діңгегінің бірі саналатын сүлейдің ғұмыры мен шығармашылығынан ой тарқатса, келесі кезекте шараға арнайы келген қонақтарды таныстырып өтті.

Алғашқы болып сөз алған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілі Бақытжан Омар Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы толғанысын ортаға салды.

– Халқының өміршең өлеңін кеудесіне қондырып, еліне жырмен жігер берген Жамбыл Жабаев қазақ поэзиясының алыбы. Ол өзі өмір сүрген кезеңді өлең құдіретімен суреттеген ақын. Одақтас мемлекеттер арасында ақындық абыройы асқақ тұрды. Егемендік алғаннан кейін де жамбылтану бағыты қарқын алып, түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Ақынның ұлы ұстазы Сүйінбайдың 200 жылдығы Түркия мемлекетінде аталып өтіп, бір саябаққа есімі берілсе, ескерткіш маңындағы бір көше Жамбыл бабамыздың есімімен аталды. Абай атамыз «бес нәрсеге асық бол» деп ұлтымызды 5 ұлы нәрсеге шақырса, Жамбыл атамыз да: «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт», – деп баршамызға бес түрлі құндылықты ұсынады. Шынында да осы бес қасиет, яғни, адамдық, ерлік, батырлық, бірлік пен татулық қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін ауадай қажет, – деген Б.Омар халықаралық түркі мәдениеті ұйымының атқарып жатқан рухани істерін атап өтті. Сонымен қатар, игі шараны ұйымдастыруға ықпал еткен облыс әкімі Амандық Баталовқа деген алғысын халықаралық ұйым атынан жеткізді.

Дүйсен Қасейінов басқаратын «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының атқарып жатқан рухани шараларының мазмұндылығы мен өміршеңдігін, түркі халықтарына ортақ құндылықтарды әспеттейтінін, бауырлас елдердің мәдениеті мен руханиятын көтеретін елеулі еңбектерін айрықша атап өткен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов өз кезегінде ұлы Жамбыл туралы тебірене термеледі. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жыр алыбының мерейтойына орай «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық жинақтың жарық көретінін, ол томдықта Жамбыл Жабаевтың шығармалары мен ол туралы зерттеулер, ақынның ұстаздары мен шәкірттерінің және замандастарының шығармалары кеңінен насихатталатынын да атаусыз қалдырмады. Шарада «ТҮРКСОЙ» ұйымының бөлім басшысы Санжар Мехмет те сөз сөйледі.

Жаңа кітаптың тұсаукесер салтанатын ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, Жамбылдың немересі Салтанат Жамбылова, сатирик жазушы Тұрлыхан Кәрім өткерді.

Салтанатты шарадан кейін сөз алған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор К.Матыжанов ұлы ақынның өмір жолына, шығармашылығына тоқталып, Жамбыл мерейтойына орай 3 томдық академиялық жинақ жарық көретінін жеткізді. Облыстық әмбебап кітапхана қорына өткен жылы Абайдың 175 жылдығына орай шығарылған 3  томдық  академиялық  жинақты тарту етті. Сондай-ақ, шара барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, жамбылтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбаев, жамбылтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Жамбыл музейінің директоры, жыр алыбының немересі Салтанат Жамбылова сөз алып, ақын жырын асқақтата оқып, шығармашылығы мен түркі руханиятында алатын орны туралы тебірене термеледі.

Өз кезегінде Жетісу жерінің қаламгерлері Тұрлыхан Кәрім, Есболат Айдабосын сөз алып, алыстан ат арытып келген зиялы қауым өкілдеріне деген ризашылықтарын жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы