ЖАМБЫЛДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНЫП ЖАТЫР? МЕМХАТШЫНЫҢ ЖИЫНЫ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 1378
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға, жыр алыбы атанған Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де тойлануда. Заманында ғұмырын жырға айналдырып, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған дала дауылпазының мерейтойы жалғасын табуда. Осыған орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен селекторлық жиын өтті.

Жыл бойы бекітілген мерейтойлық жоспарлар іске асырылып, ел көлемінде игілікті істер атқарылғанын Мемлекеттік хатшы жиын басында атап өтті. Ол:

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының аясында тойланып жатқан жыр алыбының мерейтойына орай биыл ақын кітаптарын басып шығару бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Бүгінде Жамбыл Жабаевтың таңдамалы шығармалары мен кітаптары түрік және қырғыз тіліне аударылған. Жақында ғана Елордамызда Жамбылдың 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін өткіздік. Оған қазақстандық белгілі ғалымдар мен жамбылтанушы ғалымдар қатысты. Алматы облысы әкімдігі ҚР Жазушылар одағымен бірлесіп «Жамбыл әлемі» сериясынан 30 томдық кітап дайындады, – деп ел көлемінде атқарылған және жоспарда тұрған рухани, мәдени, спорттық шараларды егжей-тегжейлі баяндады.

Мемлекеттік хатшы жиын барысында күн тәртібіне ұсынылып отырған төрт мәселені атап өтті.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарды орындау мәселесі бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ақын мерейтойы аясында білім беру және ғылыми ұйымдарда ағартушылық және ғылыми зерттеу шаралары мәселесі бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын сақтау және зерттеу бойынша Алматы және Жамбыл облысы әкімдіктерінің шаралары туралы қос аймақтың әкімі Амандық Баталов пен Бердібек Сапарбаев баяндама жасады. Ал, селекторлық жиында ұсынылған төртінші мәселе – Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ақпаратпен сүйемелдеу туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз алып, атқарылып жатқан дүниелерді айшықтап өтті.

– Биыл ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде аталып өтуде. Барлық кітапхана, музей, Мәдениет үйлерінде онлайн форматта 9630 шара өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында 327 мақала жарық көрді. Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейін қайта қалпына келтіру және музейлендіру жұмыстары үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жетісулықтар атынан алғыс айтамын, – деп өз кезегінде баяндама жасаған облыс әкімі Амандық Баталов көптеген игілікті істің атқарылып жатқанын жеткізді.

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі таңда аталған музейге республикалық мәртебе беру бойынша құжаттар рәсімделіп жатса, Ж.Жабаев ескерткішіне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал, Жамбыл ауданында ақын атымен аталған көшелерге абаттандыру, жөндеу жұмыстары жүйелі атқарылып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» кітабы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жамбыл феномені. Жамбыл ғылымы мен білімі» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өткен. «Жамбыл Жабаевқа 175 жыл» атты арнайы хроникалық фильм «Жетісу» телеарнасында дайындалған.

Биыл Елордада ақынның әдеби-мемориалды музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, музей көрмелері мен облыс өнерпаздарының концерттері Жамбыл, Ақмола облыстарында өрнек тапты. Павлодар облысы Жамбыл музейімен бірлесіп, «Жамбылдың шексіз мұрасы» атты онлайн «достық көпірін» ұйымдастырды. Республикалық оқушылар айтысы, «Жамбыл бейнесі» атты халықаралық пленэ өтті. Осындай рухани шараларды айрықша атап өткен Амандық Ғаббасұлы алдағы уақытта атқарылатын мерейтойлық шаралар жоспарымен таныстырып өтті.

Айта кетерлігі, Алматы облысы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп 30 томдық «Жамбыл әлемі» кітабын жарыққа шығарды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 114 млн.теңге қаржы бөлінген. «Жыр алыбы – Жамбыл» спактаклі қараша айында көрермен назарына ұсынылатын болса, алдағы уақытта халықаралық ақындар айтысы мен республикалық конференция өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, қараша айында «Жамбыл ізімен» атты экспедиция Мәскеу, Бішкек, Санкт-Петербург қалаларына барып қайтпақ.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз кезегінде «Жамбыл әлемі» атты 30 томдықтың тұсаукесер рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы