Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАЛТАҚПЫЗ! ЖАҒЫМПАЗДЫҒЫМЫЗДА ШЕК ЖОҚ! ТІЛ ТУРАЛЫ ЖАНАЙҚАЙ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 2036
Бөлім: РУХАНИЯТ

Арыдан орағытып, ақыл айтқандай болмай Алаш арыстарының аманатынан бірден бастайын әңгімемнің әлқиссасын! «Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шере-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге көрмейсіңдер», – депті Алаштың алдаспан ұлы Мұстафа Шоқай. Құдай-ау, содан бері де жүз жылға жуық уақыт өтті ғой диірменнің тасындай шыр айналған заманда. Шоқай ұрпағының жанымызды шоқтай қарып өткен мына сөзі дәл бүгініміздің кескін-келбеті ғой. Сонда Мұстафаның көңілін торлаған күмән тұманының әлі де сейіле қоймағаны ма? Санада сауал көп, жауабы мардымсыз!

Сана демекші... Иә, ұлттық санаға сілкініс жасамай дәл осы күнгі халімізде тіліміздің тағдыры жайлы толғану, таяз суға ау салып, сазан сүзгісі келген әпенденің тірлігіндей болары ақиқат. Қашанғы өткен күнге өкпемізді айтып, келмеске кеткен кеңестік кезеңге деген кегімізді сөз қылып жүре бермекпіз. «Аттан» десе атқа қонатын, рухы өр, сезімі аспан елдің ұрпағы намысымыз неге сонша құздан құлаған қорым тастай ұсақталып, шағыл құмдай ұнтақталып барады?

Мұстафаның жүз жыл бұрынғы мұңын әлі арқалап келе жатырмыз. «Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретін» қазақ бүгін де жетіп артылады. Биылғы оқу жылының басындағы ақпарат тіпті, жағаңды ұстатады. Қаймағы бұзылмаған, тұнығы лайланбаған құтты мекенінен көшіп, қаланың маңына қоныстанған ауыл қазақтарының біразы балаларын орыс мектебіне беріп жатыр екен. 

Бұл ақпараттың анық дерек екенін нақтылай түсейін. Биылғы білім күні қарсаңында, дәстүрлі «тамыз кеңесі» деген ұстаздар жиыны тұсында яғни, 25 тамыз күні өзінің Фейсбуктегі парақшасында белгілі ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмахамбет Мұқаметқали бауырым мынандай жазба қалдырды:

«Алматыдағы бір мектепте: 6 бірінші сынып ашу жоспарда болған, үшеуі қазақша, үшеуі орысша. Қазақшаға бала толмай, 20 орыннан екі сынып ашылған. Есесіне... орысша 4 сынып болайын деп тұр екен. Орыс тілділерді 2-сыныпқа 24-25 баладан бөлсе, үшінші сыныпқа қабылданатын бала саны отыз төртке жетіпті. Еріксіз 2-сыныпқа бөлген... Жан басына сай қаржыландыруға көшкен мектеп үшін оқитын бала санының көп болғаны жақсы ғой. Бірақ, бұл директор жаңашыл, қазақы қарындас еді. «Қазақтарға бірдеңе көрінген бе, өздері орысша әрең сөйлеп жүріп, баласын орыс сыныбына беріп жатыр. Біз түсіндіруге тырыссақ, ренжіп, үстімізден шағым айтамын деп шу шығарады. Ал бізде орыс тілді мұғалімдер жетіспейді», - дейді күйініп. Шынымен, қазақтарға не болған? Ана 4 сыныптағы 82 бала болашақта орысша сөйлейтін Қазақстан азаматы болмай ма?!»

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр!» Өзегіне құрт, тамырына сызат түспеген ауыл балаларының санасын саналы түрде санасыз әрекетпен улап жатырмыз. Қалмаханбеттің бұл жазбасына жазылған пікірлер күмәнімізді тіптен қалыңдатып, күдігімізді күшейтіп, үлбіреп тұрған үмітімізді үзіп жібергендей болды. Ақынның алаң көңіліне үн қосқан Айнұр Мұратова қарындасымыздың да мына жазбасы жанымызды сыздатпай қоймады:

"Жұрт неге балаларын жаппай орыс мектебіне беріп жатыр? Өткен жолы 6 жастағы қызымды мектепке дайындау үшін жеке оқу орталығына бердім. Балаларымыздың сабақтан шығуын күтіп отырып біраз ата-ана сөйлесіп қалдық. Орысша мүлдем білмейтін бір келіншек қызымды орыс мектебіне беру үшін дайындап жатырмыз дейді. «Ау, қазақша сайрап тұрған баланы неге орыс мектебіне бермексіздер?» - десек: «Орыс мектебі дұрыс», - дейді. Өзіңізге де оқыту қиындау тиеді ғой деп үгіттеп көріп едік, көнбеді. Не өзі, не баласы орысша білмейді, бірақ орыс мектебіне құмар. Бұл не болғаны?!"

Дәл осы тұста алдаспан Мұстафа көрден атып тұрып: «Сол баяғы, баяғы. Әз Қожаның таяғы» болған ұлты мен ұрпағын көріп: «Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шере-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге кермейсіңдер?» – деп күңіренетіндей.

Иә, Алаш арыстарынан қалған аманаттың бірі – ана тіліміз еді ғой! Олар өмір сүрген қоғамға дейін бабамның тілі айбынды болғаны ақиқат! «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін қабады» деген бабаларымыз сөз қадірін өз қадірінен биік қойған дәуірде қасиетті тіліміз салтанат құрғаны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Өйткені ол заманда сөз сүйектен өтетін еді, қазір құлаққа жетуден қалды. Бір кездегі құрығы ұзын ақ патшаның бұғауына түскен сәттен көкжиегі тұманданған тілім, кеңестік кезеңде шұбарланды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан: «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалатынын» жақсы білген қызыл өкіметтің көсемдері сексеуілді сексеуілмен ұрып сындырудың оңай тәсіл екенін өз пайдаларына шешті.

Сөйтті де бірімізді-бірімізге айдап салып, өр рухымыздың тамырын кесті, қансыраған халімізбен бірге найзағайдың жасынындай жарқ еткен намыс оты да өшті. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары сол намыс қайта тұтанғандай еді. Жыланның ғана тілі айыр болатынын ашық айтып, қос тілді қосақтап, қос иығымызға асып қоймай, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы керектігін үлкен мінберде қасқайып тұрып жеткізген Шерағаңдардың қайсарлығы рухымызды асқақатып-ақ тастаған. Бірақ, жетпіс жыл бұғаудан босану үшін бұлқына-бұлқына қалжыраған ұлттық сана бірден сілкініп кете алмады.

Сол Шерағаңның айналасындағы санаулы аға буын мен шапанынан шыққан кейінгі толқынның біразы бодандықтың ноқтасын енді қайта кимейтінін айтып сес көрсетті. Қалғанымыз күйбең тірліктің илеуіне шырмалып,  шыңнан шыңырауға құлап бара жатқан ұлттық құндылықтарымызға араша түсуге жарамадық. Әзір де ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып қарық қылып жатқанымыз шамалы. Ахмет ұстаздың аудармасындағы «Аққу, шортан һәм шаянның» тірлігімен күн кешіп келе жатқанымыз ащы да болса ақиқат. Тіліміздің де өз тұғырына қона алмауының басты себебі өзгенің емес, өз қазағымның кінәсінен екенін несіне жасырайық?!

Тәуелсіз мемлекет атанып, еркін ел болдық деп бөркімізді аспанға атып алақайлағалы да арада отыз жыл өтіпті. Осы уақыттың ішінде бір емес қазақтың үш перзенті аспанға жол салып, Айға ұшты. Мұның өзі алып елдерге арман болған, Алаш жұртының маңдайына қонған бақ емес пе?! Сан түрлі техниканың тілін біліп, ғылым мен білімнің де көкжиегі кеңіп келеді. Осыған шүкір етіп, сабыр қылайын десең, салымызды суға кетіріп тұрған ұлтымыздың ұлы құндылығы баба тіліміздің жағдайы. Тағы сол Шерағаң айтқан: БІР КЕМ ДҮНИЕ!

Бүгінгі күннің мінберінен Алаш арыстарының үні жиі естілетіндей. Санасын тұрмыс билеген, баласын орыс мектебіне сүйреген намыссыз қазаққа өзге жұрт санасатын ұлт болуымыз үшін ұрпағымызды ана тілінде тәрбиелеу керектігін қайта-қайта есімізге салатындай ұлт перзенттері. Ендеше арыстар аманатын қашанғы аяқасты қыла бермекпіз?! Атаның қаны мен ананың сүті арқылы бойымызға дарыған тіліміздің болашағына алаңдаған қайсар қазақтың бірі Сұлтанбек Қожанұлының да мына сөзі тура бүгінгі күннің тамырын дөп басып тұр:

«Бала әуелі ана тілінде тәрбие алуы тиіс. Мезгілсіз жат тілге байланып сорлағаны дұрыс емес. Білім түсініктерде, тәрбие орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда, жас балаға бұлар ана тілінде, ұлт мектебінде табылады. Басқа  жерден табылмайды, табылса да қымбатқа түседі. Жат тіл – тәрбие ісіне пайдасыз!»

Бірақ құлдықтың құрығына өз еркімен бас сұққандардың құлағына кіре қояр ма екен бұл сөз? Солақай саясат сілтеген сойылдан әлі ес жия алмай келеміз. «Күшігінде таланған – төбет кезінде де қорқадының» кері. Жалтақпыз! Жағымпаздығымызда шек жоқ! Жан бағудың қамытын қымтап тұрып киіп алғанбыз.

Арғы тарихтан Алаш арыстарына дейін аман жеткен тіліміз – бүгінгі біздің шұғылалы күніміз үшін қорғасын оқ құшақтап кеткен асылдарымыздың аманаты екенін ескеруден қалдық. Жетпіс жыл қанды шеңгелінде ұстаған көршіміз бізді әлі өзіне тәуелді ұлт санап, шегараның бергі жағына тас лақтыруын қояр емес. Оған да ыңғай беріп жатқан биік тақта отырған биліктегі өз қазағым. Билігің орыс тілінде сөйлеп, солтүстіктен соққан желге тербеліп, билеп тұрған қазіргі жағдайда тілдің ұшындағы «керемет болып барамыз» деген жаттанды сөзден кермек дәм шығатындай.

Данышпан Абай атамның: «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» дегеніндей осындайда тілімнің тағдырын ойлаған Алаш арыстарының асыл бейнесі көз алдымызға келіп, алмас сөздері жон арқамыздан таспа тіліп жатқандай сезінсек, бәлкім ұлт болып рухымыз селт етіп ояна кетер ме еді?!

«Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің ҚАЗАҚ болуы қиын. Сондықтан, баланы осы бастан ҰЛТ РУХЫН сіңіріп, ҚАЗАҚ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала Ұлт қызметкері бола алмайды», – депті Жүсіпбек Аймауытұлы.

Ендеше ұлттық тәрбиенің негізі сол ұлттың тілі арқылы берілетінін естен шығармайық! Ақ патшаның санамызды улауға еккен дәні кеңес өкіметі тұсында санымызды кеміте отырып, тамырын тереңге салып, жетпіс жылдық баптаудың нәтижесінде жемісін әлі беріп келеді. Жасыратыны жоқ, өздерін мәдениетті санайтын, бірақ ҚАЗАҚ болғысы келмейтін жандардың көбі биліктің биік орынтағында отыр. Ал ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақын өскендерінің саны аз және олардың мәртебелі мінберден сөз алуға мүмкіндігі жоқтың қасы.

Осындайда Есенқұл ақынның: «Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінберден, Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі», – дегені еріксіз ойға оралады. Біздің қоғамда Жүсіпбек айтқандай «орыс тәрбиесін алып, ұлтқа қызмет ете алмай жатқандар» шаш етектен. Менің түсінігімде «ұлт қызметкері» болу – ең алдымен өзіңнің ана тіліңді білуден басталады. Қарапайым қазақтың «сенерім де, сүйенерім де сендер» деген ақ үйдің айналасындағылар ана тілін айналып өтуге әбден машықтанып алған.

Ең сорақысы, мәртебелі жиындарда бірауыз қазақша амандасқаннан кейін «бәріңізге түсінікті тілмен айтайын» деген антұрған тіркес пайда болды. Сонда ғасырлар бойы небір соқтықпалы-соқпақты жолдармен жүріп, тарихын тасқа қашап жазып бүгінге аман жеткен бабамның тілі, анамның тілі – тілдің соры да, қазақ халқы ұлттың қоры ма?!

Иә, орысша білім алып, бірақ ұлты үшін ұмтылып, жұртым деп жұлқынып жүрген жандар жоқ емес. Олар екі тілде де есе жібермейді. Көбінесе орысша сөйлегенімен діліндегі қазақы рух ұлттың сөзін айтқызып тұрады. Мәселе, жанымен де, қанымен де өзге ұлтқа айналып кеткендерде болып тұр ғой. Осы топтың билікте көп болуының салдарынан өз жерінде өз елінде, ана тіліміз өгейдің күнін кешіп келе жатыр.

Ана тіліне қажеттілік тудыру үшін экономиканы, құқық саласын, банк жүйесін, сауда-саттықтың тілін қазақшалау керек деген пікірлер де айтылып жатыр. Бұл әрекетіміз де «суға кеткен тал қармайдының» кері. Жоғарыда айтқанымдай сана сілкінбей, сана тазармай, санаға ұлттық сәуле түспей тілдің жыры бітпейді.

Санаға сілкініс жасау – қарапайым қазаққа емес, тәуелсіз еліміздің даму жолындағы барлық тетіктің басында екі тізгін, бір шылбырды ұстап отырған биліктегі қазаққа керек ең әуелі. Олардың құлағына: "Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!" – деген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның жанайқайын құя бермек керек! Олар осы сөзді бойына сіңірмейінше, асыл бабаларымнан аман жеткен тілімді Алланың парызы демесе де, Алаштан қалған аманат екенін сезінбейінше ұзақ жыл жырлай беруіміз де, жылай беруіміз де бек мүмкін!

Жұматай ӘМІРЕ

Сурет ғаламтордан алынды