ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛДЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 1357
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Әсімхан Қосбасаров, Бек Тоғысбаев пен Қастек Баянбаевтың шығармашылығы мен өмір жолы арқау болған «Ұлылар үндестігі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Зиялы қауым өкілдері мен ұрпақтары қатысқан рухани шарада бірқатар ұсыныс айтылып, ұлы тұлғалардың туындылары айшықталды.

Конференцияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізіп отырды. Ол қазақ жырының қасиетін асқақтатқан Әсімқан Қосбасаровтың 105, белгілі жазушы Бек Тоғысбаев пен балалар әдебиетінің классигі Қастек Баянбаевтың 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараның мән-мазмұнына тоқталып өтті.

Аталмыш конференцияда алғашқы болып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуат сөз алып, сырбаз жазушы Бек Тоғысбаевтың шығармашылығы туралы баяндама жасады. Қазақ прозасына нақтылық пен жинақылық алып келген қаламгердің бірқатар туындысын айрықша атап өтті. Шығармалары өз оқырманның таным тереңіне бойлай алған мөлдір жазбалар екенін де айрықша айшықтап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының кеңесшісі, белгілі ақын Ержан Алаштуған жыр жүйрігі Әсімхан Қосбасаровтың шығармашылығы туралы ой толғады. Ол қазақ жыраулық поэзиясының соңғы өкілі болған Әсімхан ақынның отты жырларын, ақындық құдіретін әспеттеп өтті. Сонымен қатар, қазақ балалар әдебиетінің классигі Қастек Баянбаевтың саналы ғұмырын әдебиетке арнағанын, оның жырлары мен прозалық туындылары ғажайып сыршылдықтан құрылғанын жазушы Дәурен Қуат баяндамасында атап өтті.

Даңқы үш жүзге жайылған классиктердің өмірі мен шығармашылығы айшықталған жиында қарымды қаламгерлердің ұрпақтары, ағайын-туыстары сөз алып, қимасының асыл қасиетін әспеттеп, тірліктегі азаматтық көзқарасы, адами келбеті мен асыл қасиеттеріне тоқталды. Өз кезегінде ақын ұрпағы Әлімхан Әсімханұлы әкесінің асқақ тұрпатты ақын болғанын тебірене толғап, жуырда шыққан «Жетісу дүлдүлі» атты кітапты шара ұйымдастырушыларына табыс етті. Балалар әдебиетінің классигі, Қастек Баянбаевтың бөлесі Жанат Асқарұлы да ет жақынының ел үшін жаралған азамат болғанын толғаса, Бек Тоғысбаевтың қыздары Айгүл мен Айжан Бекқыздары әкесі туралы жылы естеліктер айтты.

Айта кетерлігі, тұлғалардың өмірінен сыр шерткен ұрпақтары мен етжақындарына Жамбыл, Алакөл және Балқаш аудандарының әкімі атынан сый-сияпат тапсырып, иықтарына оқалы шапан мен зерлі камзол жапты.

«Ұлылар үндестігі» конференциясында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, белгілі сазгер Мұратхан Егінбаев, көрнекті ақын, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Әли Ысқабай сөз алып, рухани шара кейіпкерлері туралы жүрекжарды лебіздерін, естеліктерін тебірене толғады.

Ақын-жазушылардың рухани мұралары кітап болып жарық көріп, есімдері көшеге беріліп, еңселі ескерткіштері бой көтеріп, тұрған үйлеріне тақталары қойылса деген ұсыныс-тілектер айтылған шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Көлбаев конференцияда баяндама жасаған Ержан Алаштуған мен Дәурен Қуатқа жетісулықтар атынан сый-сияпат көрсетті.

АРДА БИ

А