САРЫӨЗЕК АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ӨНЕР МЕКТЕБІ БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 04.12.2021
Оқылды: 1531
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кербұлақ ауданында жұртшылықты қуанышқа бөлейтін әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер көптеп салынуда. Күреңбелдіктер үшін жағымды жаңалықтардың бірі - «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Сарыөзек ауылында бой көтерген өнер мектебі. Жаңа нысан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту болды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Ауылдың өнерлі балаларына қосымша білім беру мақсатында салынған ғимарат заман талабына сай. Өнер мектебі бір ауысымда елу орынға есептелген, яғни, күніне екі жүзден аса балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа ғимаратта көркемдік сыныптар, пианино, қобыз, домбыра, баян, би студиясы, сондай-ақ, техниканың соңғы нұсқасы бойынша жабдықталған 100 орынды акт залы бар. Бұған қоса, қолөнерге баулитын сабақтар өтеді.

Өнерлі оқушыларға отыз жеті маман қызмет көрсетеді. Бұл өнерлі, талантты да талапты жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады. Өнер мектебінің директоры Гүлмира Андабаеваның айтуынша, оқушылар ұлттық аспаптар мен би бойынша төрт жыл, пианино, скрипкада ойнауда жеті жыл білім нәрімен сусындайды. Ерекшелігі сол, оқу аяқталған соң балаға арнайы құжат беріледі.

Ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы да көптеген жұмыс атқарылуда.

Атап айтқанда, Сарыөзек ауылындағы 40 пәтерлі, 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы және 50 жеке үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл баспаналар әкімдікке үй кезегіне тіркелген азаматтарға, соның ішінде алдымен көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға ретімен табысталатын болады.

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Асхат Жанатұлы құрылыс істерінің алдағы уақытта да жалғасып, халыққа қажетті нысандар мен тұрғын үйлердің бой көтеретінін жеткізді. Сонымен бірге, бұқаралық және балалар спортымен айналысудың қолжетімділігін арттыру мақсатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені, орталық әскери спорт клубының спорт кешені, 98 жазықтық құрылғылар, 39 спорт залы және 8 жапсарлас спорттық залдары ашылып, жалпы 147 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетуде. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы