АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 17.12.2021
Оқылды: 2596
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының сахнасында мәдениет қызметкерлері марапатталды.

Мерекелік жиында алғашқы болып облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасының басшысы Мәрлен Көлбаев сөз алып, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары болатындығын атаусыз қалдырмаған ол өнер майталмандарын марапаттады.

Өз кезегінде Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері Алмахан Кенжебекова, Аман Қожабеков, Ж.Жабаев әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Ерғали Кенжеғұлов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова, Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары Айнаш Қабыкенова, Марат Бердіғұлов, Гүлнәр Шегенова, Ерболат Еркенов және М.Тынышпаев атындағы облыстық тарих-өлкетану музейі директорының орынбасары Күләш Исабекова «Қазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жыл» мерекелік медалін тақты. Сонымен қатар, Көксу ауданы «Үлгілі балалар» оркестрінің жетекшісі Алыбай Базаралин, Ұйғыр ауданы Ақтам ауылдық клубының меңгерушісі Болатбек Шалдыбеков, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Сағындық Жұмәділ, С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Салтанат Аханова, Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары Ерғали Кенжеқұлов, Ардақ Құлжабеков, Сәле Әлімбетовалар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін өңірінде жарқыратты.

Айтулы жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі өнер жолында маңдай терін шүмектетіп келе жатқан азаматтарға салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жаңа ән» атты жергілікті композиторлар мен авторлардың облыстық байқауында жеңіс тұғырынан көрінген ақын мен сазгерлер де марапатталды.

Азаттық әні тербеліп, қасиетті домбырадан күй түлеген сахнада өрнектелген салтанатты жиынның соңы концертке ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы