ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ 18 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗЫ ОРТА АЗИЯДА ЖОҚ ЖАҢА ЖОБА ОЙЛАП ТАПТЫ

Уақыты: 05.01.2022
Оқылды: 1325
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бала күнінен ақыл-ойының жүйріктігімен көзге түсіп, зеректігімен танылғандарды «вундеркинд» деп атайды. Асылында сол таланттылар қанаты қатайып, топшысы нығайған соң мемлекеттің келешек тұтқасын ұстар тұлғаға айналары сөзсіз. Жер жаннаты Жетісу жерінде де дарабоз дарындылар жетіп артылады. Осыған орай жасындай жарқылдаған жастарды жазуды жөн көрдік. Біздің алғашқы кейіпкеріміз таудай талабын ұштап, бармақтай бақпен қатарынан оза шапқан – Ажар ӘБІТАЕВА.

Жаңашылдыққа жаны құмар зияткер 2003 жылы 15 шілдеде Талдықорған қаласында дүниеге келген. Асқар тау әкесі Қуаныш Атамбаев пен асыл анасы Әсем Атамбаеваның тұла бойы тұңғышы. Ата-анасының айтуынша Ажар былдырлаған бала күннен ізденімпаз, зерек болыпты. Әсіресе, сурет салуға ерекше қызыққан. Бала болып ойыншық ойнамаса да қолынан қағаз, қаламы түспепті. Осы орайда ойға Абай атамыздың жетінші қара сөзі оралады. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынады. Білсем, көрсем, үйренсем дейді».

Ажар да бала шағынан айналасындағы дүниелерді білуге, үйренуге талпынды. Балабақшада жүрген кезінде қазақша кітап оқып, тілге жеңіл мақалдарды, тақпақтарды жатқа айтатын болған. Дана халқымыз «Өсем деген баланың бетін қақпа, белін бу», – дейді емес пе?! Тілі шыққаннан шығармашылыққа бейім, өлең жаттап, кітап оқуға деген ынтасын, ерекше таланты мен талабын байқаған ата-анасы балаларын Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебіне береді. Ойы ұшқыр дарынды талапкердің таудай талабын ұстаздар одан әрі дамытады.

Ажар мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап білімге деген талпынысымен, еңбекқорлығымен ерекше көзге түседі. Ол небәрі жеті жасында қазақша, ағылшынша, орысша жазу жазып, кез келген кітапты зуылдатып оқыды. Дана халқымыз: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп ежелден тіл меңгеруге айрықша ден қойғаны белгілі. Сол бабадан жеткен даналық сөзді балдырған шағынан бойтұмар етіп таққан зияткер тіл білу арқылы ой-өрісін дамытып, көкжиегін кеңейтуде. Шынымен жеті жасында үш тілде еркін сөйлеп, ойын жеткізу екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Айналасын таңғалдырған таңғажайып қыз бүгінде шет тілдерін тереңірек оқып, зерттеп жүр. Тал шыбықтай қаракөз қарындасымыз алдағы уақытта француз, неміс тілдерін үйренбекші.

Талабына нұр жауған дарын иесі оқуда озат. Алғыр оқушы барлық пәнді аса ыждаһаттылықпен оқиды. Әсіресе, әдебиет пәні ол үшін өте қызық. Түрлі тақырыптарды зерттеп, мақала жазғанды жақсы көреді. Бала арманы әркімді-ақ ғажайып әлемге жетелейді емес пе?! Өмірге құштар, өнерге іңкәр Ажардың «саясаткер немесе журналист болсам» деп таңды таңға ұрып кітап оқып өскен арманы оны алға жетеледі. Білімнің қайнар бұлағымен сусындағанның арқасында асқақ арманы орындалып, мектептегі «Шаңырақ» газетінің тілшісі атанды.

Жас дарын мұнымен шектеліп қалған жоқ, сабағына да, мектептің қоғамдық жұмыстарына да, мерекелік шараларына да белсене қатысып, сан мәрте «Жылдың үздік оқушысы» атанды. Оқу ордасында білімділігімен, қиялының жүйріктігімен, ойының ұшқырлығымен танылған жас тілші «ЮНИСЕФ» Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының мүшесі болады. Қордың еліміздегі филиалында екі жыл еріктілік қызмет атқарады. Алғашқы алты ай «Қалай ерікті болу керек?», «Қалай ақпарат тарату керек?» деген сияқты шеберлік сабағын оқып, білімін шыңдап, жарты жыл әлеуметтік желіде балалар құқығы туралы ақпарат таратты.

Бірде зерек оқушы жаңалықтардан балалар үйінен түлеп ұшқан жастардың алуы тиіс қажетті қаражаттың кейбір жерлерде берілмей жүргенін естиді. Осыған қатты налыған шынашақтай қыз балалардың құқығын қорғау мақсатында орталық ашуды ойлайды. Қаражат жағынан қолдау білдіре алмаса да, бала құқығын қорғау жайында алған білімін елге берсем деп армандайды. Алғашында инстаграм әлеуметтік желісіне балалардың құқығын қорғау туралы жазбалар салады. Кейіннен осыны түбегейлі қолға алу мақсатында «ЮНИСЕФ» қорына клуб ашсам деген өтініш білдіреді.

Әрине, дарынды баланың идеясын аталмыш қор қуана қолдайды. Бірақ бұл Орта Азиядағы алғашқы жоба ретінде, оның ешқандай ереже, талабы болмағандықтан біраз қиындықтар туындайды. Кейін аяқтан тік тұрып, құрамына еріктілер жинап жұмыс істегенін көрген аталмыш қор басшылары қаршадай қыздың елге көмектесейік деген бастамасына таң қалып, неге осындай орталықтар көптеп ашпасқа деп, өзге елдерге де ұсыныс білдіреді.

Осылайша, талапты таланттың бастамасының арқасында Қазақстан бойынша балалардың құқығын қорғау үшін 9 клуб құрылады. Ажардың қолға алғаны медиаволонтерлік болғандықтан ол тек қайырымдылық алушыларға ғана емес, еріктілер қызметін ұйымдастырушыларға, ерікті орталықтарға, қайырымдылық қорларға, КЕҰ көмектеседі. Биыл қайырымды қыз құрған клубтың екінші маусымы аяқталды. Бірінші маусымда 36 бала еріктілік қызмет істесе, екінші маусымда елуден астам адам волонтерлікті қолға алыпты. Олар балалардың құқығын қорғау сабақтарынан бөлек, «Айналайын» балалар үйіне жаңа жылдық акция сияқты түрлі мерекелерді ұйымдастыруда. Дарынды жанның ендігі арманы балдырғандар да оқып қызығатындай балалар құқығы жайлы шағын еретегілер жазу.

Қазақ қайырымдылық жасап, қайырын көрген халық. Өзін қоя тұрып, өзгені ойлап, тұрмысы төмен отбасыға, тағдыры талқыға түскен ағайынына қолда барын бөліп беретін дарқан мінезді, кеңпейілді ұлт. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған атымтай жомарттар жетерлік. Десе де кәмелет жасқа толмаса да еріктілікпен айналысып, орта Азия бойынша тұңғыш клуб ашу нағыз ерлік. Қаршадай қыздың бұл ісі көпке үлгі.

Еріктілікпен айналысатан оқушы «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі мүшесі. Жетістігі де жетерлік. Атап айтсақ, талабы тас жарған талант Елбасы медалінің иегері. Биыл «Жылдың үздік еріктісі» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министірі Аида Балаеваның Алғыс хатын иеленді. Озат оқушы таудай талабымен ата-анасының ізін басса, соңынан ерген екі інісіне үлгі болып жүр. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушы «сабаққа баса көңіл бөліп жүрмін» дейді. Дарын мен қабілеті, таланты мен талабы тасыған Ажар биыл мектепті үздік бітіріп, ата-анасының үмітін ақтап, елге қызмет етуді алдына мақсат етіп қойған.

«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» қыздың елім деп соққан бала жүрегінен қалай ғана айналмайсың?! Талабың оң болсын, Ажар! Дарынды жастар мемлекеттің гүлденуіне, көркейіп дамуына тікелей үлес қосып, атсалысады. Сондықтан, ел ертеңін өрге сүйрейтін, мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, тәуелсіздігімізді баянды қылатын білімді, ақылды, қайратты жастарымыз көп болғай.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы