ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ МҰҒАЛІМГЕ "ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН" МЕДАЛІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.01.2022
Оқылды: 1390
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ білім саласындағы жетістіктері үшін Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Сергей Полянскихті «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Сергей Полянских – олимпиадалық қозғалыс көшбасшыларының бірі. Оның тәрбиеленушілері математикадан халықаралық олимпиадаларда 200-ден астам медаль иегері атанған. Олардың ішіндегі ең маңыздылары ретінде (IMO) Дүниежүзілік олимпиадада Нұрсұлтан Хажымұрадов пен Қанат Сатылхановтың жеңістерін атап өтуге болады.

Дарынды математик, ұлағатты ұстаз 2010 жылдан бері Талдықорған қаласындағы НЗМ-де жұмыс істейді. Ол олимпиадаға дайындалумен қатар, оқушыларға робототехника, нанотехнология, математика академиясы және математикалық бағдарламалау курстарынан сабақ береді. Бүгінгі таңда ол Назарбаев Зияткерлік мектебі жүйесіндегі ең жоғары «Шебер ұстаз» дәрежесін алған жалғыз мұғалім.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"