БІЗ ОҒАН МӘҢГІ ҚАРЫЗДАРМЫЗ! ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 1796
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген жақсы сөз бар. Сол айтқандай, елу жыл бойы ел басқарып, артына талай-талай жақсы істер қалдырған халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев туған елінің үмітін ақтаған ұлы тұлға. Ал енді ер атағын сақтауға келгенде туған елі кенже қалған жоқ. Бүгінде көптеген жоғары оқу орындары мен көшелер, алаңдар, өзі салдырған Үлкен Алматы каналы мен Іле өзеніне салынған көпір, өндіріс орындары сияқты алып құрылыстар Димаш ағаның есімімен аталады. Димекеңнің ескерткіші бүгінде қалалар мен елді мекендердің біразына қойылған.

Адам есейген сайын көрген-білгенін қайта жаңғыртып, бәрін ой елегінен өткізетін көрінеді. Ондайда өмірден үлесіңе тиген несібең, өнегең мен алған тағылымың кіре тартқан керуендей тізбектеліп көз алдыңнан өтіп жатады. Солардың арасында жан дүниеңді жадыратып, айрықша қастерлейтін қас қағым сәттер зердеңе терең ұялап, ешқашан есіңнен шықпайды. Мен үшін мұндай естен кетпес сәттер Қазақ халқының бітімі бөлек біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлымен алғаш ұшырасқан 1960 жылдан басталған еді.

Жастық шағымды есіме алсам мағыналы өмір сүрдім деуіме әбден болады екен. «Мал шаруашылығы екінші тың» деген ұран көтерілгенде қатардан қалмаппын. Бақытыма қарай, сол тұста республика басшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың мен сияқты жастарға айрықша шарапаты тиді. Оны қалай ұмытайық?!

Димаш ағаның қамқорлығы, мейірімі өміріме нұр болып құйылды. Еңбектегі, қайраткерлік жолдағы қол жеткен табыстарым алдымен бір құдайдың, одан соң Нұрмолда Алдабергенов пен Дінмұхамед Қонаевтың ақ батасымен еселеніп, маңдай терім бағаланды. Дегенмен, берілген жоғары атақ оңайлықпен келмеді дей алам. Сауын агрегатымен жалғыз өзі 120 сиыр сауған жаңашыл озат ретінде республика көлеміне әйгілі бола бастаған кезім еді. Осыны естіген Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Д. Қонаев пен Алматы обкомының хатшысы М.Бейсебаев сауын фермамызға келді. Ақ, адал, қажырлы еңбегім шығар, менің талабымды құптап: "Қызым, жас екенсіңдер, оқып, мамандық алыңдар, Нұрмолда ағаларыңның еңбегін жалғастырыңдар! Істерің сәтті, бақтты болыңдар!" – деп қолымды алып аттанғаны әлі күнге есімде.

Үлкен кісінің «қызым» деген бір ауыз сөзі ой-қиялымды көкке шарықтатып жіберді. Мал фермасында сиыр сауып жүрген қыз Дінмұхамед Қонаевтай әлемге әйгілі басшының назарына ілінем деп ойлады ма? Алып жүректі жанның елдің қамын ойлайтын ақылгөй, дана болғанын тебірене еске аламын. Қазір ойласам, елдің Қамы қарапайым сауыншының мұң-мұқтажына құлақ асудан басталады екен-ау. Кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Орталық комсомол комитетінің мүшесі ретінде Дінмұхамед Ахметұлымен Алматыда, Мәскеуде өткен салтанатты жиындарда жүздесіп жүрдім. Көрген сайын хал-жағдайымды, үй ішімді сұрастырады. Ондайда: «Бәрі жақсы, аға, рахмет!» – деп жауап беремін.

МӘҢГІ ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Қазақ xалқының болмысын жоғалтпай, ұлт болып қалу жолында тағы бір адамға қарыздармыз. Кімге десеңіз, Қонаевқа дер едім. Өмірде де, еңбек жолында да қасиет-құны бір сәт түсіп көрмеген Дінмұxамед Қонаевтың дара жолы даналықтан өрілген. Бір ғасырда бір туатын ұлы кемеңгердің шынайы болмысы жайлы әлі де айтыла берері xақ, ал өзім Дінмұxамед Қонаевтың ҚАЗАҚТЫҒЫ, ҒАЖАПТЫҒЫ, АЗАМАТТЫҒЫ, АДАЛ, АҚТЫҒЫ үшін бас иіп, руxына тағзым етемін!

Бақтияр ҚАБАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Әрбір қайраткердің атақ-даңқы оның байлығымен емес, елге, ұлтқа, мемлекетке сіңірген еңбегімен асқақтайды. Сол сияқты, Дінмұхамед Ахметұлының да шын бағасын кейінгі ұрпақ белгілеп, тарих төрінен орын берді. Жалпы халық Димаш ағаның еңбегін жоғары бағалайды. Оны күнделікті ақпараттардан, естеліктерден оқып, біліп отырмыз.

Димаш ағаның тағы бір ерекшелігі – жасы үлкен кісілерді ерекше құрметтейтін. Әсіресе, Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев сынды еңбек ардагерлеріне айрықша ықылас танытатын. Олардың арасындағы құрмет пен ықыластың ерекшелігін, достық пейілдің шынайылығын «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабымда кеңінен жаздым.

Дінмұхамед Ахметұлы көзінің тірісінде Нұрмолда Алдабергеновпен қарым-қатынасын үзген жоқ. Жиі-жиі келіп тұратын. Кейін Мұқыры аулының биігіндегі беткейде жатқан Нұрағаның кесенесін тұрғызуға ықпал етті.

1986 жылдың шілде айында Талдықорғанға келген іссапарында Нұрмолда Алдабергенов ауылына ат басын бұрып, елді мекеннің тыныс-тіршілігін өз көзімен көрді. 19 Еңбек Еріне арнайы тұрғызылған «Батырлар аллеясы» мен ұжымшар тарихын баяндайтын жәдігерлермен толықтырылған Нұрағаның екі қабатты үйін безендіргенімізді көргенде шынайы ризашылық танытты. «Жақсының аты өлмейді» деген сөзді күлімдеген жанары ұқтырды. Ақпейілді, адамдарды өзіне баурап алатын мінезімен, мейірімі мол, күлімсіреген жылы шырайлы жүзімен ауыл азаматтарына алғыс айтқан Дінмұхамед Ахметұлы маған қарап: «Тәңір жарылқасын, қызым!» – деп ақ бата берді. Риза, қош болып, ауылдан аттанып кетті. Бұл Димаш ағамен соңғы кездесуіміз екен. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, көп ұзамай, нақтырақ айтсақ, 18 тамыз күні Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің қаулысымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергенов атындағы тарихи музей ашылып, облыстық мәдениет басқармасына бағындырылды. Мұражай үйі ресми түрде Н.Алдабергеновтің туғанына 80 жыл толу қарсаңында ашылды.

"Дала академигі" атанған Н.Алдабергеновтің мұражайы  өткен ғасырдың шежіресінен сыр шертеді. Қорында 5700-ден астам жәдігері бар мәдени орталықтағы Дінмұхамед Қонаевтың портреті мен мұражайдың естелік кітабына қалдырған қолтаңбасы төрден орын алған.

Елінің ертеңі үшін тер төккен Дінмұхамед Ахметұлын халқы ешқашан ұмытпайды, жүрегінде мәңгі сақтайды. Мемлекет және қоғам қайраткері елдің есінде ізеттілігімен, адамды баурап алатын сыпайы мінезімен, үлкен адамгершілігімен қалды. Есімін елі әрқашан ардақ тұтады.

Шайбала ТЕРГЕУОВА,

Алматы облысының, Ескелді ауданының Құрметті азаматы, еңбек және тыл ардагері