АСПАНДАҒЫ АЙ ЖАСАНДЫ ЖЕРСЕРІК БОЛУЫ МҮМКІН БЕ? БІЗГЕ БЕЙМӘЛІМ ҚҰПИЯЛАР

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 1828
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ халқы аспандағы Айдың тылсым сырларға толы екенін ерте кезден-ақ білген. Содан болар, Айға байланысты түрлі наным-сенім, ырым көп. Тыйым да аз емес. Тілімізде Айға қатысты тұрақты сөз тіркестері, теңеулер жеткілікті. Шаруасын ежелден-ақ аспан денесіне қарап жүргізгені және белгілі. Балаға ат қойғанда да жұрнақ жалғанған, қос сөзден құралған Айнұр, Айгүл, Айша, Айкүн сияқты есімдер қазір де жиі кездеседі. Бір қызығы, Күннен бұрын Айды алдымен атайды. «Айдың, Күннің аманында» деген сөз тіркесіне қарағанда, Жердегі бүкіл тіршіліктің бойына қан жүгіртіп тұрған Күнмен салыстырғанда одан мың есе дерлік кіші екеніне қарамастан алдымен Айды ауызға алады. Айға мұншалық мән берудің сыры неде? Сөйтсек, Айдың адам білмейтін құпиясы көп екен.

Иә, адам баласы қанша сырын аштық, бетіне қонып, зерттедік дегенімен, Айдың құпиясы әлі күнге толық қаралған жоқ. Адамзат ары кетсе Ай бетінің оннан біріне ғана үңілген болар. Жердің табиғи серігі саналатын бұл ғаламшар құпияға толы. Оның қалай жаратылғаны туралы әртүрлі және бір-біріне қарама-қайшы болжамдар айтылып келеді. Кезінде АҚШ-тың "Аполлон-16" ғарыш кемесі Айға ұшып барғанда, бергі бетінен алып келген топырақ зерттеліп, құрамындағы үш металл: қорғасын, неодим және самарийдің изотопының қалыптасу уақыты өлшенеді. Соған қарап Айдың жасы есептеліп, ол жаратылғалы 4 миллиард 360 миллион жыл өткен деген қорытынды жасалды. Оған қоса "3 миллион жыл әрі-бері болуы мүмкін" деген қосымшасы тағы бар. Ай қалай пайда болды дегенге мынадай ғылыми жауап айтылды: сол жылы, яғни 4,36 миллиард жыл бұрын Жерге Тейя атты ғаламшар соқтығысқан. Көлемі Марспен шамалас Тейя күл-парша болып, Жер де біраз опырылып, ғарышқа үлкен көлемде күл-топырақ шашылады. Ып-ыстық сол қоламта уақыт өте суынып, тығыздалып, Жердің тартылыс күшін жеңіп шыға алмай, Жерді айналып жүретін серігі болып қалады. Ай ғаламат жарылыстан пайда болды деген екінші бір жорамал бойынша, сонау байырғы дәуірлерде Айдың көлемі Жермен бірдей болған екен. Кейіннен Жер мен Ай соқтығысқанда, Ай өзінің біраз бөлігінен айырылып қалған-мыс. Соның нәтижесінде қазіргі біз көріп жүрген Ай түзілген. Бірақ ғаламшарды зерттеушілердің дені бұл жорамалдың дұрыс емес екеніне сенімді. 1980 жылдың басында астрономдардың көпшілігі Айдың пайда болу себебін анықтау мүмкін емес екенін айтқан.

Алайда ғалымдар арасында «Ай ешқандай табиғи емес, жасанды ғаламшар» деген пікірдегілер көп. Оған бұлтартпас айғақ ретінде мынаны алға тартады: АҚШ Айды зерттеу үшін «Аполлон» бағдарламасын жасап, 1969-1972 жылдар аралығында осы аттас ғарыш кемелерін бірінен кейін бірін Айға аттандырған. 1969 жылдың 20 қарашасында Айға ұшып барған «Аполлон-12» ғарыш кемесінен арнайы ұшу аппараты бөлініп, ғаламшар бетіне қону кезінде тежегіш тетіктің кінәратынан қатты соғылады. Осы соққыдан қоңырауға ұқсас дыбыс шығып, тербеліс байқалған. Кабинада орнатылған сейсмометрдің есептеуінше тербеліс 55 минутқа созылыпты. Бұл жағдай ғалымдарды таңғалдырған. «Бұл қандай дыбыс, неден шықты» дегендей, сан-қилы сауалға жауап іздеп, АҚШ-тың ғарыш мамандары тағы бір сынақ жасауға бел буады. Ол «Сатурн-4» зымыранының орбитада қалдырылған жарамсыз бір бөлшегін Айға жеткізіп, қатты жылдамдықпен соқтықтыру еді. Зымыран қалдығы секундына 2,5 шақырым жылдамдықпен Айға соғылды. Не болды дейсіз ғой? Сейсмометрдің есептеуінше, соққыдан шыққан қоңырауға ұқсас дыбыс 3 сағат 20 минутқа созылыпты.

Осыдан кейін-ақ ғарышты зерттеп жүрген көптеген ғалымдар: «Ай табиғи ғаламшар емес, қолдан жасалған. Жасанды дүние», – деген тоқтамға келген. Олардың пікірінше, Ай өте берік титаннан жасалған қаңқадан тұрады. Оның қалыңдығы ондаған мың метр, бәлкім одан да қалың болуы мүмкін. Ортасы қуыс. Мүмкін онда бізге белгісіз тіршілік иелері өмір сүріп жатуы ықтимал. Ал титаннан жасалған қаңқа метеорит, комета секілді аспан денелері соғылған кезде, қорғап тұрар қалқан ретінде қапталған. Өйткені, айдың бетіндегі көлемі 150-200 шақырым болатын қазаншұңқырлардың тереңдігі небәрі 3-4 шақырымнан аспайтын көрінеді. Негізінде ондай көлемдегі кратерлердің тереңдігі кем дегенде 40-50 шақырым болуы тиіс. Демек, титан қаңқа ауыр соққылардан Айды қорғап тұр. Тіпті ғалымдар арасында Ай аса дамыған белгісіз тіршілік иелерінің ғарыш кемесі не болмаса жұлдызаралық сапар кезінде аялдайтын ғарыштық станса болуы мүмкін деген де әңгіме айтылған.

Мұндай пікірдегілер бұған тағы бір нақты дәлел ретінде ғарышкер Нил Армстронгтың көргенін алға тартады. 1969 жылы 20 шілдеде «Аполлон–1» ғарыш кемесі тұңғыш рет Айға қонғаны белгілі. Адамзат тарихындағы ұлы оқиғаны әлемнің жарты миллиард халқы теледидардан көрді. Кеме сатысымен төмен түсіп, жұмбақ ғаламшардың бетіне алғаш қадам басқан ғарышкер осы Нил Олден Армстронг еді. Одан кейін табан тіреген экипаждың екінші мүшесі  Эдвин Альдрин. Ал үшінші ғарышкер Майкл Коллинз кемеде қалады. АҚШ Туын қадап, айналаны лунаходпен шарлап, топырақ үлгісін алған олар кері оралады. Кенет теледидар қарап отырған жұртқа Нил Армстронгтың дауысы бұзылып, аса бір қобалжып, қорқа сөйлегені естілген: «Бұл не, Құдай-ау, мен нені көріп тұрмын? Сұмдық-ай! Мұндай да болады екен-ау!» Жердегі байланыста отырған ғалымдардың: «Не дейсің? Не болды, тез жауап бер!» – дегеніне Нил Армстронг: «Мен өзім де түсінбей тұрмын. Мұнда керемет үлкен ғарыш кемесі тұр! Сұмдық үлкен! Олар кратердің арғы бетіне тоқтап, бізді бақылап тұр», – дейді үрейлі дауыспен. Екі арада ғарышпен байланыс екі-үш минутқа үзіліп кетіпті. Сол арада не болды, белгісіз. Тек өмірінің соңғы жылдары ғана ғарышкер Айда жат саналы тіршілік иелерімен жолығысып қалғанын кейбір орталарда айтқан көрінеді.

Расында, Айда тіршілік бар ма? Шетел зерттеушілерінің келтірген дәйектеріне қарасақ, оны зерттеу барысында АҚШ астронафтары 140-150 мың түрлі сурет түсірген. Бірақ олар өте құпия жағдайда сақтаулы. Мәселен, НАСА-ның құпия суреттерін көруге мүмкіндік алған Джордж Леонард өз жазбаларында Айда белгісіз тіршілік иелері бар екенін келтірген. «Түрлі құрылыстар, нысандар салынуда. Пирамидаға ұқсас ғимараттар, мұнаралар бар. Белгісіз тіршілік иелері ондағы пайдалы қазбаларды зерттеп жатқан секілді», – дейді Джордж Леонард. Ал америкалық уфолог Фред Стеклинг өз кітабында: «Бұған дейін бізге Айда тіршілік жоқ деп түсіндіріп келді. Шын мәнінде басқаша. Ол жерде технологиялық дамуда адамзатты артқа тастап кеткен өркениет иелері бар», – дейді және нақты деректерді алға тартады. Тіпті, 1970 жылы телескоп арқылы ұзындығы 22, ені 5 шақырым болатын, сигарға ұқсаған белгісіз үш нысанды байқапты. Олар Ай бетінде бірнеше сағат болып, белгісіз қиырға ұшып кеткен. Жапонның бір астрономы да телескоп арқылы Ай бетінен ұзындығы 20 шақырымға жететін ұшатын нысандарды байқағанын айтқан. Бұған сенсек, Күн жүйесін белгісіз тіршілік иелері өз пайдаларына жаратуға ұмтылып жатқанға ұқсайды.

Бір қызығы, сыртқа құпиясын аша бермейтін АҚШ Ғарышты зерттеу орталығы (НАСА) өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында кейінгі төрт жүз жылда Ай бетінде орын алған 579 жұмбақ құбылыстың тізімін жасаған. Онда жарқыраған шамы бар нысандардың, ұшу алаңдарының, жойқын ұралардың, түр-түсі үнемі өзгеріп тұратын ірі күмбездердің, алып пирамидалардың кескіндері келтірілген. Осыған қарап ғарыш мамандарының көпшілігі Айда біз білмейтін тіршілік бар деген ұстанымда. Тіпті Айдың жердегілерге үнемі бір қырынан ғана көрінетінінде де бір сыр жатуы әбден мүмкін.

Ғалымдар Айдың салмағы Жерден 81 есе жеңіл, көлемі шамамен 50 есе кіші, тартылыс күші 6 есе аз екенін әлдеқашан есептеп шығарып қойған. Ол шар тәрізді болып көрінгенімен, шын мәнінде пішіні жұмыртқа сияқты сопақ. Ай бетінің температурасы түнде -173°C-ге дейін төмендеп, күндіз  +127°C-ге дейін көтеріледі. Айда болған адамдардың жалпы саны – 12. Жел мен ылғалдың болмауына байланысты, астронавтардың топырақ бетіне түскен аяқ киім іздері жарты ғасыр бойы өзгеріссіз тұр. Тартылыс күші аз болғандықтан, адам онда өз салмағымен бірдей затты оп-оңай көтере алады. Тасты да алысқа лақтыруға болады. Мәселен, салмағы 84 келі адам Ай бетінде 14 келі ғана тартады. Ай бетінде секіру де оңай. Сондықтан онда жаяу адамға жүргеннен гөрі кенгуру сияқты секірсе жүрісі өнімді болмақ. Онда суық пен ыстықтан, күн  радиациясынан қорғайтын, дем алатын оттегісі бар  арнаулы скафандрмен ғана жүріп-тұрады.

Егер қиялға ерік берсек, адамдар болашақта Айда үй салып, ғылыми-зерттеу стансалары мен зауыт-фабрикалар тұрғызып, түпкілікті қоныстануды көксейді. Айға ұшақпен жету үшін 20 күн қажет болады екен. Қазіргі заманғы ғарыш кемелері оған үш күнде жете алады. Айда жер сілкінісі болып тұрады, ол Жер гравитациясының әсерінен пайда болады. Айдың көлемі кішірейіп келеді. Миллиондаған жылдардан соң ол мүлдем жоғалып кетеді-міс. Ай Жерден жылына 4 см. алыстап бара жатыр. Алғашқы кезде ол Жерден 22 мың шақырым қашықтықта еді, енді ара қашықтық 400 мың шақырым. Оның гравитациялық әсері біздің ғаламшардағы мұхиттарда толқындардың пайда болуына әсерін тигізеді. Айда су бар, ол кейбір кратерде мұздатылған күйде сақталған. Жер серігіндегі атмосфераны экзосфера деп атайды. Оның құрамы: гелий, неон және аргон. Айдағы қазаншұңқырларды жақсы дүрбімен немесе қарапайым үй телескопымен де көруге болады. Біз Айдың тек бір жағын, дәлірек айтқанда 69 пайызын ғана көре аламыз.

Сонымен, Айдың бізге көрінбейтін арғы бетінде не бар? Бәлкім өзге ғаламшардан келген саналы тіршілік иелері сол жақтан Жердегі тіршілікті бақылайтын болар? Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кеңес елінің ғалымдары Михаил Васин мен Александр Щербаков Айдың жасанды дене екені жөнінде 8 болжам жасапты. Олар да Ай негізінен титаннан тұратыны, оны белгісіз тіршілік иелері белгілі бір мақсат үшін қолдан құрастырғаны жөнінде айтқан. Қытай Айға ай арбасын (лунаход) жіберіп, зерттей бастаса, Ресей 2030 жылы Айға алғашқы ғарышкерін аттандыруды жоспарлады. Мүмкін бұл сұрақтың жауабы сонда табылатын шығар.

Ай төңірегіндегі деректердің бір парасы осындай. Ал біз болсақ жаңа туған айға қарап: «Ай көрдім, аман көрдім. Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» дейміз бағзыдан жеткен ырыммен.

Айды киелі деп санап, оған табыну – түркі халықтарында ертеден келе жатқан ғұрыптардың бірі. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Ай бір кезде Тәңірі болған тәрізді. Қазақтар жаңа Ай көргенде иіліп сәлем береді және жаздыгүні сәлем берген жерінің шөбін жұлып, үйге келген соң ол шөпті отқа салады. Қазақтар Айға ұзақ қарамайды, өйткені Айдағы кемпір кірпік санайды деп қорқады. Айға қарап дәретке отырмайды. Жалпы, халқымыз Айды құрметтеп сөйлеген. Айдың туғанын көргенде үлкен кісілердің «ескі Айда есірке, жаңа Айда жарылқа» деп бет сипап жатқанын әлі де кездестіруге болады. Жаңа Айды көргенде қырғыздар да бата жасайды. Мұндай әдет-ғұрып, наным-сенім басқа да түркі халықтарының тұрмысынан берік орын алған.

Мәселен, башқұрттарда адам жаңа Ай туғанда қайтыс болса, Айдан ол адамға о дүниеден жақсылық жасауды өтінеді екен. Хакастар ай туған мезгілді жаңа жұмыс бастауға қолайлы уақыт десе, ал алтайлықтар бұл уақытта іс бастауға болмайды деп санаған. Қазақ тыйымдарының біразы Айды қасиетті санап, құрметтеуге байланысты туған. Халық ертеден-ақ басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға Ай сәулесінің әсер ететінін білген. Сондықтан ондай адамдарды Ай толған кезде далаға шығармауға тырысады. Ай толған кезде далаға жалаңбас шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға тесіліп ұзақ қарауға, жас баланың бетіне Ай сәулесін түсіруге, күн батқаннан кейін, әсіресе, айлы түнде, сыртқа үйден сүт алып шығуға болмайды. Өйткені сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Айлы түнде далаға сүт алып шығуға тура келсе, оның бетін мықтап жауып алу керек. Айға байланысты мұндай ырымдар мен тыйымдар халық арасында қазіргі уақытқа дейін сақталған.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Сурет және кейбір ақпараттар ғаламтордан алынды