ПРЕЗИДЕНТТІҢ "МЕН ЕЛОРДАДА ҚАЛАМЫН" ДЕГЕН СӨЗІ ЖҮРЕКТІ ТЕБІРЕНТТІ

Уақыты: 16.01.2022
Оқылды: 1370
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осы күнге дейін "ел аман, жұрт тыныш болсын", "бейбітшілік болсын" деген сөздердің қадір-қасиетін түсіне бермеген сияқтымыз. Ақсақалдардың аузынан түспейтін жаттанды бата-тілектердің бірі ғой деп қарап, астарына үңілмеуші едік. Сөйтсек, бұл тілектің мәні де, мағынасы да тым тереңде екен. Қаңтар қасіреті бізге көп дүниені ұғындырды. Тыныштық пен татулықтан асқан, елдің бірлігі мен ынтымағынан артық байлық жоқ екеніне осы жолы шын көзіміз жетіп отыр.

Жаңа жылдың дәл бұлай дүрбелеңмен басталғаны бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатты. Жұмыр жер Қазақстанға көз тікті. Мың өліп, мың тірілген қазақ бұл сынақтан да сүрінген жоқ. Санаулы күнде есімізді жидық. Еңсемізді тіктедік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма бере отырып, сындарлы саясаткер әрі мықты дипломат екенін дәлелдеді.

Кезекті мәлімдемесінде айтылғандай, "Мен ешқайда кетпеймін, халқыммен біргемін, елордада қаламын" деген сөзі жүректі тебірентті. Лаңкестердің арам пиғылы жүзеге аспай қалды. Ең алдымен елдің амандығын ойлаған Президент дер кезінде шұғыл шешім қабылдап, террорлық әрекетке тойтарыс бере білді. Әлем елдері Қазақстан Президентінің шешіміне оң баға беріп, қолдау танытуда. Мен Тоқаевқа сенемін!

Қазіргі таңда бізге тек Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіріп, қасынан табылу ғана қалды. Ендеше, баршаға Тоқаевтың маңайына топтасайық, жұмылып жұдырық болайық дегім келеді.

Бақтияр ҚАБАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Талғар ауданы

Алматы облысы