NIS-ҚА ОҚУҒА ТҮСУ ҮШІН "ӨРКЕН" БІЛІМ ГРАНТЫН ҰТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 1638
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу медиа» алаңында Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алу үшін «Өркен» білім алу грантын тағайындау жөніндегі конкурсқа іріктеу тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Жиын барысында Талдықорған қаласындағы зияткерлік мектеп директорының орынбасарлары Анаргүл Сарыева мен Ералы Бижанов білім ордасының жетістіктеріне тоқталып, қабылдау жүргізу ретін айтып берді.

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2010 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін ашты. Оқуда, спортта, әлеуметтік жобаларда мектеп білімгерлері көшбасшылыққа  талпынады. Оқушылар мен мұғалімдерді іріктеу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Мектепте 600-ден аса бала білім алады. Мектептің 12-сынып оқушылары халықаралық ұйымдар мен білім туралы сертификаттарға ие болады, сондықтан оларда шетелдік оқу орындарына түсу мүмкіндіктері зор. Атап  өтер болсақ, атаулы мектепте 2010 жылдан бері 695 түлек бітіріп, олардың 122-сі Назарбаев университетіне, 95-і АҚШ, Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Чехия, Қытай елдеріндегі жоғары оқу орындарына түскен.

Аталмыш жетістіктерді саралай келе сөз алған Анаргүл Тойкенқызы:

– Жалпы білім беретін орта мектептердің 6-сынып оқушылары зияткерлік мектепке емтихан тапсырып, үміткер бола алады. Қазіргі таңда республикадан құрылған комиссия жұмыс жасауда. Өту балын жинақтаудың өзі оңай емес. Үміткердің түсу туралы қорытындысы 40 күннен кейін жария етіледі, – деп зияткерлік мектепке қабылдау ережесін түсіндірді.

– Зияткерлік мектепте бағдарлама қарапайымнан күрделіге қарай өзгеріп отырады. Зертханалар жұмыс істейді. 11-12 сыныптар сыртқы емтихандар тапсырады, оны бейтарап эксперттер анықтайды. Еліміздің тарихына да назар аударылады. Мектепте «Жаңа әлемдегі Қазақстан» деген пән бар. Оқушылардың цифрлық әлемде өз ойын қалыптастарып, қорыта білуіне, сандық технологияларды меңгеруіне көңіл аударамыз. Зерттеу еңбектері болса, авторлық құқыққа назар аудару керектігін де  ұғындырамыз. Алдағы уақытта бастауыш сыныпта оқыту тоқтатылады, – деп директор орынбасары Ералы Бижанов атап өтсе, өз кезегінде аталмыш білім ошағының 7-сынып оқушысы алтын ұя мектептің артықшылықтарын атап өтіп, ерекшеліктерімен бөлісті.

Айта кетерлігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2022-2023 оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу үшін үміткерлерге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындауға конкурс жариялап отыр. Үміткерлер өз өтініштерін 5 қаңтардан 21 ақпанға дейін бере алады. Кешенді тестілеулер 2022 жылғы 14-15 сәуір күндері өтеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы