ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРІП, ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН ЕЛГЕ БІРЛІК КЕРЕК - ПРЕЗИДЕНТ СҰХБАТЫ

Уақыты: 30.01.2022
Оқылды: 2041
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында елдің қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік жағдайды жақсарту барысындағы ойымен бөлісті.

Елдегі "Қасіретті қаңтардың" кесапатын айтып өтті. Бейбіт шерушілер қымбатшылық ауыздықталса деген талаппен шыққан еді. Бейбіт шерушілердің топтасуын арандатушылар пайдаланып, жаппай бұзақылыққа ұласып кетті. Ең қауіптісі сол, терроршылар үшінші толқын болып келіп, мемлекеттік ғимараттарды бүлдіріп, өртеп, басып алу қаупін төндірді. Сол кезде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің тізгінін қолға алып, нақты шешімдер қабылдады.

Президенттің сөзінше әскери күш, полиция жоғары жақтан тапсырма күтіп, терроршыларға уақытында тойтарыс бере алмай, аңтарылып қалған. "Мұндай ел басына күн туғанда құқық қорғаушылар жылдам шешім шығарып, террорға қарумен қарсылық білдіру керек еді", - дейді Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қ.Тоқаев. “Бейбіт шеруге қару қолдануға болмайды деген талаппен олар оқ қолданбаған. Соның салдарынан талай жас әскерилер мен полиция қызметкерінен айрылдық”, - деді ел Президенті.

Сұхбат кезінде "Қазақстан халқына" қорына жиналып жатқан қаржы, оның қайда жұмсалатыны жайлы да жан-жақты мағлұмат берілді. Бүгінде қорға 20 млрд. теңгеден аса қаржы түскен. Ол сырқат балалардың емі, спорт, Алматыны қалпына келтіру сынды әлеуметтік қолдауларға берілмекші. Мен дәрігер ретінде ірі кәсіпкерлерден жиналған қаржының балаларды емдеуге берілетініне ризашылығымды білдіремін.

Соңғы жылдары балалар арасында тірек-қимыл, жүйке-жүйе, сал аурулары көп. Оларды емдеу үшін қыруар қаржы керек. Оңалту шаралары үнемі жүргізілуі тиіс. Сондықтан, Президенттің әлеуметтік жағдайды жақсартуға, медициналық көмекке  қалталы азаматтардың да қаржысын тартқанына қуаныштымыз. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерліктің өркен жаюына мүмкіндік жасалмақшы.

Адамдардың сырқаттануының бір себебі - тұрмыстық жағдайдың нашарлығына да байланысты. Мысалы, елдің әл-ауқаты төмендеген жылдары туберкулез, қан қысымы, жүйке дертіне шалдығушылар саны өседі. Ал елде жұмыс болған, тұрақтылық орын алған жылдары өкпе сырқаты күрт азаяды. Сұхбаттағы көрші елдермен кәсіпкерлік әріптестік, саясат, мемлекеттік құндылықтарының басты орында тұратындығы жайлы ойлар көңілімізден шықты. Қандай жағдайда болсын, қиындықты еңсеріп, жетістікке жету үшін елге бірлік керек. Күш білекте емес, бірлікте екенін ұмытпайық. Ол үшін әр адамға мықты денсаулық керек. Ел аман болсын! Денсаулықтарыңызды күтіңіздер!

Анарбек МОҢҒОЛХАН,

Алматы облыстық ауруханасының директоры