ОБЛЫСТА ТЕГІН ТІЛ ҮЙРЕНЕМІН ДЕУШІЛЕРГЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

Уақыты: 02.02.2022
Оқылды: 1731
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірнеше тіл білу – өмір қажеттілігі, жаһандық талап. Қазіргі таңда өз бетінше тіл үйренмін деушілерге мүмкіндік көп. Алайда оқытушымен тікелей байланыс орната отырып тіл үйренген неғұрлым тиімді әрі нәтижелі екенін бәріміз жақсы білеміз. Бұл тұрғыда Алматы облысында тегін тіл үйренемін деушілерге барлық жағдай қарастырылған.

Қазіргі таңда Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және 19 аудандық, қалалық филиалы және 1 облыстық, жалпы 20 орталық  жұмыс істейді. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Ж.Жолдыбаевтың айтуынша, орталық ашылғаннан бастап 2006-2021 жылдар аралығында мемлекеттік тілді үйрену курсына 24 833, орыс тілі курсына 766, ағылшын тілі курсына 4075 тыңдаушы қабылданып, жалпы саны 29 674 тыңдаушы тілдерді меңгеріп шыққан. Оның ішінде  5423-і мемлекеттік қызметкер, 14 237-сі бюджеттік сала қызметкері, 1792-сі жеке тұлға. Жалпы, 11 881 этнос өкілі оқыту курсы арқылы  мемлекеттік тілді меңгерген.

Тыңдаушылар мемлекеттік тілді үйренудің А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, орыс тілінің бастауыш, жалғастырушы, дамытушы ал ағылшын тілі бойынша А1 (beginner), A2 (elementary), B1 (Pre-Intermediate), B2 (Intermediate), C1 (Advanced) деңгейлері бойынша 6 айлық мерзімде оқу курсына қатыса алады. Ал мемлекеттік тілді үйренудің  В2 –  ортадан жоғары деңгейі және іс жүргізу курсы бойынша оқу мерзімі – 3 ай.

Тілдерді меңгеру курсына мемлекеттік тілді үйренудің А1 (қарапайым), А2 (базалық), В1 (орта), орыс тілінің бастауыш, жалғастырушы, дамытушы және ағылшын тілінің А1 (beginner), A2 (elementary), B1 (Pre-Intermediate), B2 (Intermediate), C1 (Advance) деңгейлері бойынша жылына 2 рет тыңдаушылар қабылданады.

Тілдерді оқыту курсына 18 жастан асқан кез-келген азамат тегін қатыса алады. Сондай-ақ, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында мемлекеттік тілде қызмет көрсету үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне, жергілікті жердің этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін грамматикасыз, жеңіл әрі оңай жолмен, яғни, ауызекі сөйлеуді үйрету мақсатында облыстық орталықта, аудандық және қалалық филиалдарында  «Қазақша сөйлейік» клубы құрылып отыр.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Алматы облысы