ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫЛАРЫ 6 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1308
Бөлім: РУХАНИЯТ

ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауының жеңімпаздары анықталды. Үздік оқытушыларды марапаттау рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.

Байқауда Қазақстанның 45 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Бұл қатарда Жетісу университетінің төрт оқытушысы бар. Атап айтар болсақ,  педагогика ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар Рыскүл Тасболатова, Айгүл Алдабергенова, филология ғылымдарының кандидидаты, қауымдастырылған профессор Мамиля Жақыпбекова, философия докторы (Ph.D), қауымдастырылған профессор Дәурен Бекежанов топ жарып, облыс абыройын асқақтатты. Байқау жеңімпаздарына төсбелгі мен 6 млн.теңгеден астам сыйақы берілді.

Марапатты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.

– Біз үшін ұстаздарды ынталандыру, мамандықтың беделін көтеру маңызды. Еліміздің жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын жинадық. Білім және ғылым министрлігінің атынан университет оқытушыларына кәсіби шеберліктері мен қызметіне адалдығы үшін алғыс айтамын. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларын жаңартуда, академиялық адалдық мәдениетін дамытуда және жалпы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруда оң серпін бар екенін байқадық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында грант құны өсті, тиісінше, университет оқытушыларының жалақысы да көтерілді, – деді министр.

Сала басшысы мемлекет білім беру сапасын арттыру және ғылымды қолдау бойынша жүйелі жұмыс істеп жатқанын айта кетті. Осыған дейін ғылыми-зерттеу байқаулары үш жылда бір өткізіліп келсе, енді ол жыл сайын өтетін болды. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде ғылымды грант арқылы қаржыландыру мерзімі бес жылға дейін ұзартылды.

Жалпы конкурсқа 76 жоғары оқу орнынан 718 үміткер қатысқан. Конкурста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы сияқты көрсеткіштер сарапқа салынған. Сондай-ақ, үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі бағаланған.

Оқытушыларды кәсіби тұрғыда ынталандыру мақсатындағы байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйе базасында өтті. Қатысушылар барлық кезеңнің ашықтығын бақылай алды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар электрондық форматта қабылданды.

Комиссия құрамында үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының, студенттік және жастар ұйымдарының, жоғары оқу орны қауымдастықтарының өкілдері және білім беру саласының сарапшылары болды. Өздерінің ғылыми ізденісі және жаңашылдығымен дараланған жетісулық ұстаздардың жеңісі өзге әріптестерін де шабыттандыра түсті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы