МУЗЕЙГЕ БАСЫП КІРГЕН БҮЛІКШІЛЕРДІ ӘЙЕЛ АДАМНЫҢ АНАЛЫҚ МЕЙІРІМІ ТОҚТАТТЫ

Уақыты: 08.02.2022
Оқылды: 1455
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қаңтарда болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Жаңаөзен қаласынан бастау алған бейбіт митинг іле-шала еліміздің барлық аймағын қамтыды. Бірақ оның арты аласапыранға ұласатынын сол кезде ешкім білген жоқ. Көшеге шыққан қара халықтың көңіл-күйін терроршы-арандатушы топтар пайдаланып кетті. Қаскөйлердің мемлекетті төңкеріп тастамақ болған арам пиғылдары біртіндеп жүзеге асып жатқандай еді.

Алматыда жаппай тәртіпсіздік орнады. Полиция қызметкерлерін ұрып-соғу, дүкендерді тонау белең алды. Қаланың орталығында атыс-шабыс басталды. Әкімдік ғимарат отқа оранды. Бүлікшілер мұнымен тоқтаған жоқ. ҚР Президенті резиденциясын басып алмаққа ұмтылды. Дәл осы ғимараттың қарсы бетінде мемлекеттік орталық музей орналасқан. Тарихи жәдігерлер сақталған бұл киелі орын да терроршылардың нысанасына айналды. 200-ге жуық бүлікші ғимарат ішіне бұзып-жарып кірді. Алайда ондағы ұлттық құндылықтар, музейге  жасырынған жаралы сарбаздар дін аман қалды. Ғимарат іші қалайша тоналмай қалды? Оның жауабын кейін бір-ақ білдік.

Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Музейді сақтап қалған адамның аты-жөні алты Алашқа жайылды. Сын сағатта ерлік көрсеткен батыр ананың есімі Бибігүл Дәндіғараева екен.

Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары сол күні табандылық танытты. Жұмыс орнын тастап ешқайда кетпеді. Өзінің өміріне қауіп төнетінін біле тұра тарихи жәдігерлердің талан-таражға түсуіне жол бермеді. Музей жертөлесіне жасырынған он бес шақты сарбаздың өмірін де ажалдан арашалап қалды. Бұл ерлік емей немене?!

Екінің бірінің сын сағатта көзсіз батылдыққа, жанқиярлыққа бара алмайтыны рас. Бибігүл Дәндіғараеваның жүректен шыққан отты сөздері қиратушы топты райынан қайтарды. Міне, тілдің құдіреті! «Бір ауыз қасіретті тияды, бір ауыз сөз дертке шипа болады» деген Кәкімбек Салықовтың толғауы осындайда еріксіз еске түседі. Сөйтіп, ұлтымыздың рухани байлығы, асыл қазынасы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеді.

Батыр ана Бибігүл Дәндіғараеваның Балқаш ауданындағы Желтораңғы ауылының тумасы екенін естігенде жетісулықтар алабөтен қуанды. Бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. «Жақсыны көрмекке» дегендей, біз Алматыдағы музейге бет алған едік.

Арада бір ай өтсе де, Қаңтар қасіреті жүректерден өшкен жоқ. Атылған оқтардың іздері музей терезелерінде әлі тұр. Орталық есіктің сынған құлпысы да сол күндердің белгісіндей. Музей қызметкері бізді Бибігүл Дәндіғараеваның кабинетіне қарай алып жүрді. Ол кісінің түр-тұлғасын өзімізше сырттай сипаттап келеміз. Сөз жоқ, батырға тән мінез, батырға тән ерлік көрсеткен адамның жаратылысы да ерекше болатын шығар деп топшыладық.

Ойымыз алдамапты. Кабинетіне кірген бойда сұңғақ бойлы әйел адам алдымыздан шықты. Қимыл-қозғалысы шапшаң, дауысы нық. Әр сөзі мірдің оғындай. Сөйлегенде адамды баурап алады. Көшбасшылық қасиетін бірден аңғарасыз.

– Мен сол күні өз міндетімді ғана атқардым. Мойныма артылған жауапкершілікті жән-тәніммен сезіндім. Ал енді ерлік жасадым ба, жоқ, жасамадым ба, оның бағасын беретін халық, – деп бастады әңгімесін батыр ана.

Қасіретті қаңтар күні музей басшысы еңбек демалысында болған екен. Директордың қызметін уақытша Бибігүл атқарып жүрген.

– Таңертең жұмысқа келе жаттым. Жол-жөнекей қаланың орталығы нөпір халыққа тола бастады. Түске таман жағдай тіпті ушыға түсті. Қалалық әкімдікті қызыл жалын шарпыды. Атылған оқтың дауыстары ара-тұра естіліп жатты. Жағдайдың қиындай түскенін сездім. Сөйттім де жұмыстағы жүздеген қызметкерді дереу үйіне қайтардым. Ал өзім музейді тастап кеткім келмеді. Өйткені, «капитан кемеден кетпейді». «Мен осында қаламын. Сендер менімен бірге боласыңдар ма?» деп инженерлік шаруашылық бөлімінің жетекшілері Санжар Балай, Ерболат Әліпиев, Марат Сәкежанов, Дүйсен Көккөзовтерге қарадым. Олар менің сөзімді бірден құптады. Директордың қаржы жөніндегі орынбасары Анар Сәметова да қасымнан табылды. Сөйтіп, даңғарадай ғимаратта қалған бес-алтауымыз музейде түнейміз деген бір байламға келдік. Бірер уақыттан кейін бүлікшілер Президент резиденциясына шабуыл жасады. Бұл ғимарат біздің дәл қарсы алдымызда. Терезеден анық ешнәрсе көрінбейді. Өйткені, сол кезде қаланы қалың тұман басқан. Өртенген ғимараттан шыққан түтін қолқаңды қабады. Бойымызды үрей биледі. Алайда бүлікшілер музейге кіре қоймайтын шығар деп ойладық, – дейді Бибігүл Дәндіғараева.

Әрине, «жаман айтпай, жақсы жоқ». Музей қызметкерлері қауіпсіздік шараларына кіріседі. Орталық есік пен қызметтік есікті іштен мықтап бекітеді. Арнайы күзет полициясының екі қызметкерімен бірге камерадан сыртты бақылап отырды. Дәл сол сәтте жараланған екі сарбаздың музейді айналшықтап, кірерге есік таппай жүргенін байқайды. Дереу оларды қызметтік есіктен ішке кіргізіп, қанға бөккен бет-ауыздарын жуып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Соққыға жығылған әскерилер бірінің артынан бірі музейден пана табады. 15 шақты сарбазды жертөледегі бөлмеге апарып, сонда жасырады.

Санаулы минуттардан кейін бүлікшілер музей ауласына жиналады. Олар қоқыс салатын темір жәшікті көтеріп алып, орталық есікті сындыруға ұмтылады. Бибігүл Дәндіғараева қасында отырған күзет полициясының екі қызметкерін жертөлеге түсіреді. Өйткені, музейге басып кіргендер әскерилерді аямайтыны айдан анық еді.

Монитордан жағдайды бақылап отырған Бибігүл бүлікшілердің есікті сындырып ішке қарай лап қойғанын көреді. Сол кезде ол қорқыныштың бәрін ұмытады. Орталық есікке қарай жүгіреді.

Агрессивті топ музейге кірген бетте ең алдымен бейнебақылау камерасын талқандайды. Дабыл тетігін де істен шығарады. Банкоматты сындыра бастайды. Ары қарай ентелеп бара жатқанда олардың алдынан Бибігүл шығады. Бұл көріністі сол күнгі оқиғаға куә болған музей қызметкері Ерболат Әліпиев баяндады.

– Бибігүл Дәндіғараеваның артынан іле-шала біз де жоғары қабатқа көтерілдік. Ол кісіні өлтіріп тастамады ма деген ой маза бермеді. Музей фойесіне жеткен кезде бүлікшілердің қақ ортасында жалындап сөйлеп тұрған басшымызды көрдік, – дейді Ерболат.

Иә, Бибігүлдің қайтпас-қайсар мінезі сонау бала шағынан қалыптасқанын біреу білсе, біреу білмейді. Әкесі Мұрат «Желтораңғы» кеңшарында механизатор болып жұмыс істеген. Анасы Несбала мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бибігүлді кішкентайынан атасының қарындасы Ақжамал қолына алып өсіреді. Ол кісі әйелдер колониясында командир болып қызмет атқарған екен. Кішкентай қыздың бойына қайсарлық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттер әскери тәртіппен жүретін Ақжамал апасынан дарыса керек.

«Айналайын, балаларым, алтындарым. Бұл жер - киелі орын. Ата-бабаларыңның мұрасы осында сақтаулы жатыр. Егер рухани құндылықтарымыз талан-таражға түссе не болады? Ұлттық рухымыз жоғалады. Сондықтан, алтындарым, оған жол бермеңдер. Біз сол құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек», – деп сүйектен өтетін сөзді айтқанда қарулы топ аңтарылып тұрып қалады.

– Менің аналық мейіріммен айтқан жан толғанысым оларға әсер етпей қойған жоқ. Сол кезде топтың ішінен «Ештеңеге тимеңдер» деген дауыс естілді. Бәрі соған иланды. Кілең 19 бен 20-ның ішіндегі өрімдей қазақ жастары. Кейбірінің үстінде әскерилерден тартып алған киімдері бар. Қолдарында дубинка, темір, ағаш, тіпті, пышақ ұстап жүргендері де кездеседі. Осылайша сағат төрттен бастап кешкі тоғызға дейін бүлікшілердің ортасында болдық, – дейді Бибігүл сол бір қаралы күнді еске алып.

Бибігүл Дәндіғараева орта мектепті тамамдаған соң Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Өзінің болашақ жары Мұхитпен танысады. Ол да Балқаш ауданының тумасы екен. Мамандығы – металлург. Кейін оқу бітірген соң екеуі шаңырақ көтеріп, біраз жыл Теміртау қаласында тұрады. Бибігүл университетте тарих пәнінен дәріс берді. Сол шақтарда аудиториямен жұмыс істеуді меңгеріп, студенттердің алдында лекция оқудың нағыз білгіріне айналады.

Енді, міне, студенттермен емес, адасқан жастармен бетпе-бет келіп отыр. Олардың алдында тосылмай сөйлегені ұстаз болған жылдардың нәтижесі шығар.

Бүлікшілердің кететін түрі жоқ. Бір тобы сыртқа шықса, екінші бір топ қайта кіріп жатыр. Арасында жараланғандары да бар. Бибігүл Дәндіғараева оларға алғашқы көмек көрсетеді.

Бұлай істемеске оның әдісі жоқ еді. Бар ойы бүлікшілердің сеніміне кіріп, ызалы топты барынша тыныштандыру.  Қайткен күнде де жертөледегі сарбаздар мен тарихи жәдігерлерді сақтап қалу.

Айтпақшы, жертөледе жасырынған әскерилердің қасында орта санаттағы музей қызметкері Раушан Құлмағамбетова болған. Сарбаздардың жарасын таңып, олардың ата-аналарымен байланысқа шығуына жәрдемдескен.

Сағат кешкі тоғыздар шамасында қара пальто киген ұзын бойлы екі жігіт музейге кіріп келіп: «Жүріңдер, енді әуежайға барамыз», - деп бұйрық береді. Бүлікшілердің бәрі басшыларының артынан ереді. Олар сол кеткеннен мол кетеді.

Ертесі күні Бибігүл бастаған музей қызметкерлері ғимарат ішіне тағы түнейді. Әбден қауіп сейілді дегенде, тек 7 қаңтар күні ғана үйлеріне қайтады.

Кім білсін, егер ол кісінің орнында өзін-өзі ұстай алмайтын, сасқалақтап, бойын үрей билеп, жанын қоярға жер таппайтын адам болса қайтер еді? Оқиға басқаша сипат алар ма еді? Тарихи жәдігерлер тоналып, жертөледегі сарбаздар ажал құшар ма еді? Музей ғимараты қалалық әкімдік сияқты күлге айналар ма еді? Ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ солай болуы мүмкін еді ғой. Бибігүл Дәндіғараева сияқты ержүрек жан оған жол бермеді. Оның батылдығы, батырлығы сын сағатта айқын көрінді.

Үйіне кірген бетте Бибігүлдің қызы мен немересі оны қапсыра құшақтап: «Музейді қорғайтын армия бар емес пе, мемлекет бар емес пе? Сіз өз өміріңізді неге қауіп-қатерге тіктіңіз? Өліп кетсеңіз не болар еді? Әкемнің артынан сізді де жоқтап отыратын едік қой. Ендігәрі бұлай істемеңіз», – деп зар жылайды. Қайтсін енді, анасын ешкім жамандыққа қимайды ғой.

Қанша уақыт өтсе де Бибігүл Дәндіғараева өз-өзіне келе қоймапты. Ұйқысыз түндерді бастан кешіріп жүр екен. Ойы сан-саққа жүгіріп, маза бермейді.

– Біз бұл оқиғадан үлкен сабақ алдық деп ойлаймын. Музейдің не екенін білмейтін, тарихын түсінбейтін ұрпақ өсіп келе жатқанын аңғардық. Әйтпесе, олар рухани жердің есігін сындырып, ішінде тайраңдамас еді ғой. Оларды жәдігерлердің құндылығы емес, алтын-күмісі қызықтырды. «Алтын адам қайда?» деп іздеді. Мұндай ұрпақпен ел ертеңі қандай болмақ? Музей ұжымы алдағы уақытта аймақтарға шығып, ауыл-ауылды аралап, жастарға музейтану туралы дәріс оқуды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы ұлттық құндылықтарды олардың санасына сіңіруіміз қажет. Өскелең ұрпақтың дұрыс жолға түсуіне осылайша өз үлесімізді қоссақ дейміз, – деп Бибігүл әңгімесін аяқтады.

Балқаш ауданының тумасы Бейсетай Дәуренбековтің 1972 жылы жасаған ерен ерлігі әлі күнге дейін ел есінде. Ол кісі қайығы аударылып, суға батып бара жатқан он екі оқушыны ажалдан аман алып қалған болатын. Енді, міне, жарты ғасырдан астам уақыттан соң Балқаштың тағы бір перзенті ерлік жасап отыр. Он беске жуық сарбаздың өмірін сақтап қалды. Сөз жоқ, Бибігүлдің жанкештілігі мемлекеттік наградаға әбден лайық. Батыр ананың кеудесінде жұлдызы жарқырайтын күн де алыс емес шығар деп ойлаймыз.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы