ТАЛДЫҚОРҒАНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ПОЭЗИЯ КЕШІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 1925
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында поэзия кеші өтті. «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атымен өрнектелген рухани шарада шайырдың асқақ жырлары оқылып, әуезді әндері әуеледі.

Мұғалім, ата-ана және оқушы үштігінің қатысуымен шырайын тапқан шарада 4 "Г" сынып оқушылары ұлы ақынның туған ел, туған жер мен Отан, табиғат пен қазақы құндылықтарға шығарылған өміршең жырларын нақышына келтіріп оқыса, ата-аналар мен ұлағат иелері кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Ахмадиева:

– Жалынды жырларымен елінің сөз өнерін асқақтатып, қазақ әдебиетінің қоржынына телегей жырларын тоғытқан Мұқағали Мақатаев шын мәнінде мәңгілік ғұмыр иесі. Оның әрбір жыры туған елінің жүрегінде жатталып қалды, – деп толғана келе арнау оқыды.

Сахнаның сәнін келтірген оқушылар да өзін таныстырып, өлең атты қасиетті туындыны термелеп берді. Сонымен қатар, бірқатар ата-ана мұзбалақ ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді домбыраның сүйемелдеуімен әуелетті. Арнайы мектеп ұстаздарынан сайланған әділқазы алқасы поэзия кешінде өнер көрсеткен үштіктің (мұғалім, ата-ана, оқушы) еңбегін бағалап, қорытынды шығарды. Үздік деп танылғандар мен белсене қатысқандарға мақтау қағаздары мен диплом табыс етілді.

Осы ретте айта кету керек, 4 "Г" сынып оқушыларының арасынан бейнелеу өнеріне қалам тартып, ақын портретін салған жас таланттардың жұмысы көрмеге қойылды. Мазмұнды шараны 4 "Г" сынып оқушыларының сынып жетекшісі Ләззат Салтақова ұйымдастырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы