ҚАРА ЖЕР, СЕНЕН ҚОРЫҚПАЙМЫН. 10 АҚПАН - ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕКТІҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 10.02.2022
Оқылды: 2452
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихтың қай кезеңі болмасын өз көкейіндегіні халықтың ойымен қабыстыра жырлаған ақындардың ғана есімі ел есінде қалған. Күйбеңі көп күнделікті күйкі тірлігіміздегі талай тауқыметті дөп басып айтса да жігеріңді жасытпайтын, әр өлеңі зәмзәм суы құйылған құтыдай дертіңе дәру боп дарып, кеудеңе үміт гүлін егіп, тәуекелге мінгізіп жіберетін ақындар аз емес. Солардың бірі де бірегейі, өз жүрегінің әнін әлдилеп, өз көңілінің күйін шерте отырып-ақ заманның күнгейі мен көлеңкесін жырлай білген, қаламы мен домбырасын қатар ұстаған ақын Есенқұл Жақыпбек. «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деп жырлаған Мұқағали ақыннан бір күн кейін туған күні аталатын Есағамыз да ақиқатқа келгенде алдаспандай жарқ етіп өтті. Шындықты айтқанда айғаймен емес, сөзінің астарында алты батпан ой жатқан әдемі әзілімен-ақ айтатын. Есағамның орны қазіргі қазақ қоғамында, қазақ руханиятында ойсырап-ақ тұр. Орайы келгенде осы бір сыр-сұхбатты жазып қалғаным бүгінгі көңіл таразысына салсам, баға жетпес байлықпен пара-пар екен. Екеуара әңгіме былай басталып еді:

– Есаға, сіздің «Тазқара құстың тағдыры» деген кітабыңызды оқып шығып, бүгінгі қоғамға байланысты ой түбінде жатқан біраз асыл сөздеріңізбен таныстым. Мағжан Жұмабаев: «Қол емес, қызыл тілім кісендеулі» десе, бүгінгі күні жанымызда жүрген жерлесіміз Жомарт Игіман «Мұқағалилар мұң ішіп, қысылып өтті сан Қасым» деп жырлайды. Кешегі саясат белгілі. Қазақтың тарихы да, мәдениеті де жоқ артта қалған қараңғы ел дегенді біздің санамызға сіңірді. Ақындардың аузына қақпақ, ойына өрмек салды. Аллаға шүкір, қазір біз Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Айтамын дегендер ойын ашық айтып жүр. Дегенмен де сіз «Тіл ұшында» деген өлеңіңізде «Тіл ұшында тұрған сөзді іркемін, қыл ұшында тұрғандай боп үркемін», – депсіз. Осы өлеңді оқығанда Есаға неге сөзін іркіп, неден үркіп жүр екен деген ой келеді.

– Адам баласына Алла тағала ақыл бергенде біреуге қасықтай, біреуге мөлдір суға толы шелектей ақыл береді. Қасық толып тұрғаннан кейін ол ойлайды ақылдымын деп, шелек те толып тұрады, ол да ойлайды өзгеден ақылым көп екен ғой деп. Ал біреулерде өзендей ақыл болады. Сондықтан бір шындықты айтсаң адамдар өзінің ақылына байланысты қабылдайды. Сол себепті ақиқатын айтамын деп әлі де болса күйіп келеміз. Талай оқиға болды, кезінде айтылатын шығар. Жалпы шындықты айтқанды жақсы көретін пенде сирек-ау. Оның үстіне ауылда жүргеннен кейін біздегі биіктік Астана мен Алматыдағы өлшеммен бірдей емес. Биіктіктің өзі әртүрлі болады. Сол биіктікке қарай ақиқатты айтасың. Айтуын айтып таяқ жеген де, жүрегім ауырып ауруханаға түскен кездерім де болды. Сонда мына байғұс шырылдап шындықты айтып ауырып қалды ғой деп іздеп келген адамды көргенім жоқ. Соңғы кітабымда біраз ақиқатты айттым. Біреулер жазылғанды өзіне деп қабылдады. Кейде асырып айтып жібереміз, содан кейбіреулердің шамына тиіп, құйрығымызға шала байлап жүреміз.

Екеуара әңгімелесіп отырғанымызды мүлдем ұмытқандай Есағам бір сәт үнсіз қалып, қалың ойдың орманына кіріп кеткендей болды. Самайының ағы көбейіп, маңдайының сызығы тереңдей түскендей. Көзге бірден көрінетін маңдай сызығында өмірінің қызығынан гөрі шыжығының белгісі көп байқалатындай. Шылым шеккісі келгендей қолын қалтасына салып, жылдам шығарып ала қойды. Бұл әрекеті телеарнаның студиясында отырғаны енді ғана есіне түскенін сездіргендей әсер етті. Тәуелсіз ел атанып, еркіндіктің есігі айқара ашылғанда да шындықты айтудың өзі басыңа пәле әкелетін болса, онда кер заманның салқыны әлі де басыла қоймағаны да. Әсілі қай заман, қандай қоғам болмасын шындықты айтқандардың күні бірден шуақты бола қоймайтыны да рас. Пушкин «Әріптестерге» деген өлеңінде «Ол мені тырнағымнан таныды, мен оны құлағынан таныдым» дейді. Егер Есенқұл ағам өлеңінде ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де, сол өлеңнен өзін танып, артына шырақ алып түсіп алса, ол ақын өлеңінің мықтылығынан болар. Менің де ойымды бірден оқып отырғандай:

– Ауызекі айтпаған ойымды өлең арқылы айтуға тырысамын, – деді бір серпіліп. Тағы да қалың ойдың құшағына еніп кетпес үшін сөзімді жалғастырып әкеттім. Ақындықты маңдайға, әншілікті таңдайға Алла береді десек, ақындық Алланың адамға берген бір нығметі ғой. Сізге ақындық берілді. Жалпы өлең жазу жаңа өзіңіз айтқандай қоғамдағы айтылуы керек дүниені поэзия арқылы жеткізу ме, әлде ат мініп, шапан жамылып атақ-даңқ үшін бе? Кейбір өлеңдеріңізде астарлап болса да тән азығын жан азығынан биік қойған талапсыз, санасыз қоғамды суреттейсіз. Шашасына шаң жуытпайтын шалқар шайыр, ойлары бүгін де, ертең де тозбайтын философ ешқандай марапатқа зәру еместігін де айтып жүрсіз. Дегенмен де ақындықты күнкөріске айналдырған қаншалықты дұрыс? Сұрағым сыздаған жеріне дәл тиді ме, әлде өзінің де айтқысы келгені осы болды ма, Есағам бір күрсініп алды да әңгімесін жалғастырып әкетті:

– Шындығында қазіргі кезде ақын-жазушылардың қадір-қасиеті төмендеп кеткендей. Себебі мемлекет тарапынан қаламгерге жағдай туғызып отырған жоқ. Кітап шығаруың керек, әндеріңді шығаруың керек, сондықтан болар, қалталылар мен биліктегілерді жағалап кететініміз. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыспен менің бір-ақ кітабым шығыпты. Қалғандары айналамдағы адамдардың, мені сыйлаған жандардың көмегімен шығып жүр. Көмек беретін жақындары жоқ ақындар да бар. Олар қоғамның ең төменгі сатысында қалып қояды. Сол төменнен көтерілемін деп амал жоқ жоғарыдағылардың сөзін сөйлейді. Дегенмен де, жанбағарлық ақынға аса жараса қоймайды, бірақ кейде мықтылардың кітаптарын жазып жағдайымызды түзейміз.

Өзіне тән жымиысымен сәл ғана езу тартты. Езуінің астарында шынайы қуаныштың лебі емес, сөз қадірінің кетіп бара жатқанына күйінген жанның жүрек сызы байқалды. Сөз түсінетін жанның жүрегін қарып өтетін бұл сыздың ызғары шынымен де бөлек сияқты. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», – деп Төлеген Айбергенов айтқандай, ақындық оңай болмайтынын, қиындықтар кездесетінін біле тұра өзі таңдап алған соқтықпалы-соқпақты жол болған соң біреуге өкпе артудан аулақ. Дегенмен, қолына домбырасын алып айтысқа шыққанда, қаламын алып, түн қараңғылығын жүрегінің жарығымен тіліп өтіп, алдындағы аппақ қағазға төне түскенде әуелгі мақсаты атақ алып, ат міну емес екенін екінің бірі білмесе де, ақынның өзі жақсы біледі. «Сөз өнері дертпен тең» деп дана Абайдың ескерткенін де жақсы біледі. Оны ақын көңілі білмеді дейсіз бе? Білді ғой! Ақын жүрек сезбеді дейсіз бе? Сезді ғой! Менің де санама салмақ салған осы сұрақты қойғанымда өзі таңдап алған өлең-тағдырына өкінбейтіндей еркін жауап берді.

– Иә, мен оны бала кезімнен сезінгенмін. Өйткені, менің әкем ақын адам болатын. Соның тұрмыс-тіршілігіне қарап білуге болады. Өзім ақын екендігімді, жалпы әдебиет адамы екендігімді сезінгеннен кейін соған бас тіктім. Рас, енді дәулетім тасып, жұрт сияқты үйдей мәшине мініп жүрмеген шығармын, коттеджім де жоқ, бірақ осы өмірге ақын болып келгеніме шүкір деймін. Миссиямды адал атқарып кетсем деп ойлаймын. Қаншалықты атқарып жүрмін уақыт өзі таразылайды. Жалпы ақындық қиын әрі қызық әлем ғой. Жақсы өлеңің жарық көргенде қиындық ұмытылып кетеді. Алла тағала екінің біріне ақындық жүректі сыйлай бермейді. Сондықтан қиын да тауқыметті болса да Жаратушы мені ақын деп таңдап алғанына шүкіршілік етіп, өзімді бақытты сезінемін.

Осы сөзді айтқанда шынымен де дүниедегі ең бақытты адамдай дидарынан нұр ойнап шыға келді. Жаңа ғана бір тұңғиыққа түсіп кеткендей ақын қияда түлеген қырандай жанарынан от шаша қарайды.Уақытқа тән әлеуметтік мәні бар шындықтарды дөп басып, бүгінгі күрделі қоғамдағы адамның, күрбелте жан дүниесінің күнгейі мен теріскейін, мына жалған өмірдің өткіншілігі мен өкініштілігін, ащысы мен тұщысын алмастың алпыс алты қырын жеке-жеке суреттегендей көрсетіп беріп жүрген ақын өмірі осысымен бақытты шығар. Оларға мына дүние төрден гөрі босағадан жақсы көрінетін сияқты. Егер Есағам да бай-қуатты болып, төрт құбыласы тең, еркін жүзіп, қалқып ішіп, қиналмай жүрсе бүгінгі Есенқұлдың өлеңі деп ел аузында жүрген таудан түскендей ірі, шарболаттан жаралғандай берік, гауһардан жасалғандай асыл шығармалар туар ма еді? Таудан аққан бұлақтай шөліңді қандырар ма еді? Санама салмақ салған қорғасын ойларды алдына сыбаға етіп ұсынып, жауабын күтіп отырмын. Есағам осындай соқтықпалы-соқпақты ақындық жолын бақыт санаған келбетін бұзбаған қалпы әңгімесін жалғастырды.

– «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта», – деп Мұқағали ағам айтқан ғой. Төрт құбылам тең болса, жан дүниемді толғандырып, оқырманымды ойландыратын өлең туа қоймас деп ойлаймын. Баяғыда жігіттер: «Осы Есенқұлды үш күн түрмеге қамап қойса тіпті керемет ақын болар еді», – деп әзілдейтін. Кейде маған «тоғайып бара жатқандайсыз, тоқмейілсіп кеткен сияқтысыз» деп өкпелейтіндер де бар. Бірақ олай емес, күнделікті жазып та жүрмін. Тек бұрынғы Есенқұлдан айырмашылығым қазір өлеңдерімді жарыққа шығаруға асыға қоймаймын. Біраз алар асуымды алдым ғой, өз уақыты келгенде шығар. Жас ақындар кітабын тезірек шығаруға асығады. Содан кішкене күлдібадам кітаптар шығып жатады. Сосын ол шала піскен нан сияқты болады. Өлеңдерімнің жыр құрсағымда толысып, толғағы жеткенде бір-ақ сыртқа шыққанын қалаймын.

Көз алдыма айтары аз, қарадүрсін баяндаулардан тұратын кітап деп айтуға келмейтін кітапхана сөрелерін қайыстырып тұрған қалың-қалың томдар елестеп кетті. Сабан мен алтынның түсі ұқсас болғанымен салмағы бөлек. Сол сияқты кітаптың да кітабы болады. Бүгінде сол сабан жинақтар кітап деген алтынның қадірін кетіріп жатыр. Осы ойларымды Есағама айта отырып ақындық әлеміне қайта оралдым. Мысалы, бүгінгі күні бір жерде айтыс өтті десе, көпшіліктің арасында кім не айтыпты деген әңгіме айтылмайды, кім не алыпты деп сұрайды. Яғни, ақынның айтқан сөзі аса маңызды емес. Сонда осы айтыс – бір кездері атағы дүркіреп тұрған айтыскер Есенқұлдың өзі айтқандай жанбағысқа айналып бара жатқан жоқ па?

– Шындығында ақындыққа адал болу үлкен ерлік. Ол да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ақындардың арасында дүниеқоңыздық, атаққұмарлық, күншілдік, көлік алғандары ғана ақын, қалғандары ақын емес деген сияқты дүниенің қалыптасқанын байқайсың. Осы күнде біз ақындар айтысына төрелік етіп жүрміз ғой. Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова үшеумізді жиі шақырады. Сонда жас ақындармен араласқанда пендешіліктің басым екендігін байқап қаламын. Мысалы, аймақта болатын айтыстарда облыс әкімін мақтайды да, Елбасын сынайды. Сонда мен айтамын, облыс әкімі Президенттің солдаты емес пе? Қалай айтып отырсың? Сеніңше облыс әкімі жақсы да, Президент нашар болғаны ма? Бұл жерде жоғарғы жақты сынап, ел алдында ұпай жинаған болады да, жергілікті басшыны мақтап, бірдеңе алып қаламын ба деп бақай есепке барады. Айтыста ақиқатты айту керек. Бірақ айтты деген осы екен деп жалпы ұлтты күстаналау ақынға лайық мінез емес. Сол өзің жамандап отырған қазақ емес пе сенің айтысыңа келіп, қолдап-қолпаштап отырған. Сахнада отырып алып: «Қазақ құрып барамыз, жоғалдық, тоналдық» деп қара суды кері ағызып, аңырап отырғаннан заман түзеліп кетпейді. Бір кезде «зар-заман ақындары» деген болды емес пе? Олар құры зарлап отырған жоқ. Сол тығырықтан шығатын жолды көрсетті. Соңына елді ерте білді. Қазір де ондай ақындар жоқ емес, бар.

Сағат Әшімбаев бір сөзінде: «Ақын жаны оңай жараланады, оңай жазылады, емі көп. Ақын жүрегінде кек тұрмайды. Кек тұрса, қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек тот басқан асыл, енді одан берекелі үн шықпайды. Ақын бойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біреуіне ақау түссе алдымен ақындық өледі», – дейді. Шындығында ақын Төлеген айтқандай «сыздаған жараның аузында тұрып» қоғамдағы барлық келеңсіздіктерді, көзі көрген, жүрегі сезген қиянаттардың егелеріне кектене берсе, ақындығы бір күндік болып қалар еді. Бродский деген еврей ақыны: «Ізгілікті ояту үшін кез келген қонақүйде поэзия кітаптары жату керек», – деп айтыпты. Егер Есенқұл ақынның қолында сондай мүмкіндік болса, қазақтың ұлттық санасын оятады деп кімдердің кітаптарын қояр еді? Ағамның жауабынан қай ақынға құрметі ерекше екенін бірден аңғаруға болатындай.

– Мағжан, Қасымдардың поэзиялары ұлы поэзия ғой. Насихатталып та жатыр. Мен өз басым Жұматай Жақыпбаевтың кітаптарын қояр едім. Жұматайдың поэзиясы нағыз шайырлық поэзия. Гүлнар Салықбаева, Есенғали Раушанов, ақтөбелік Ашықбаевтың кітаптарын қояр едім.

Осыған ұқсас тағы бір сұрақ ойыма орала кетті. Орыстың Леонов деген ақыны: «Пушкинді оқымаған адам Ресейді сүймейді» деп айтыпты. Осы авторды оқымаған адам қазақты жақсы көрмейді деп кімді атар едіңіз деген сауалым да түйінді жауабын алды.

– Прозада Бейімбетті оқымаған қазақ – қазақ емес деп есептеймін. Нағыз ұлттық мінез Бейімбетте бар.

Егер ғайыптан нәсіп болып, дүниеден өткені бар, арамызда жүргені бар, өзі тұлға деп санайтын адаммен сұхбаттасудың сәті түссе, кіммен сөйлесер екен деген сауалыма да жауабы қысқа болды.

– Әттең, жастықтың буымен жүріп, Асқар Сүлейменовпен емен-жарқын әңгіме құра алмадым. Және Қажытай Ілиясов ағамыз да жатқан бір қазына еді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқтың» кебін киіп отырған жайым бар.

Есағаммен сұхбатымыз біразға барды. «Жақсыменен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей» дегендей, жаманның өміріне бергісіз сәттен алған әсерім де аз болмады. Сөз соңында жас ақындарға айтар ақылы мен тілегін сұрап қалдым.

– Табиғи ақынға ақыл айтудың қажеті жоқ. Жүрегің нені қалайды соны ғана жаз, кітап шығаруға асықпа дегім келеді. Бір өлеңмен тарихта қалуға болады. Елінің, жұртының әдебиетін, тарихын, өткен жолын, мінез-құлқын, барлық қасиетін бойына сіңірген жастар билікке келсе деп армандаймын. Сонда біз ұлт ретінде талай ғасырлар елегінен өтер едік деп сенемін.

Бағбан бір гүл үшін мың тікенге қызмет етеді. Есағаны өз басым сол бағбанға ұқсатамын. «Алысып шаршап-шаршап «мыңмен жалғыз» деп өзі айтқандай, алысып шаршаса да, «мың тікенге» қызмет етіп жүріп, жырдан ерекше әдемі гүл өсіріп, жүрегінің түбінен сүзіп, тұнығынан алған құнды дүниесін келер ұрпаққа сыйлап кетті. 

Жұмахмет ЖАНАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі