ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА МҰҚАҒАЛИҒА АРНАЛҒАН ПОЭЗИЯЛЫҚ ӘН КЕШІ ӨТТІ

Уақыты: 11.02.2022
Оқылды: 1257
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ескелді аудандық Мәдениет үйінде Мұқағалидың туған күніне орай «Хантәңірінің мұзбалағы» атты поэзиялық ән кеші өтті.

Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған жыр кешін тамашалауға тұрғындар көп жиылды. Ақын өлеңдеріне деген құштарлықты, поэзияға деген сүйіспеншілікті жиылған көрерменнің ыстық ықыласынан-ақ байқауға болады. Рухани ләззат алып, тамылжытып орындалған әннен, жалындатып оқылған өлеңнен әсер алғандары соншалық, олар кеш аяқталғасын да өнерпаздарды қошемет-қолдауымен жібермей тұрып алды.

Аудандық Мәдениет үйінің әнші-бишілері бар өнерлерін ортаға салды. Поэзия құдіретін жүрегімен сезініп, әр өлеңнің образын аша білген өнерпаздар мұзбалақ ақынды қайта тірілткендей әсер қалдырды. Салтанатты шара төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімінде ақынның ел мен жер, Отан жайлы патриоттық өлеңдері оқылды. Сахна безендірілуі де кештің шырайын кіргізді. Жомарт Керімбеков, Әнуар Напихан, Динара Ермолдина, Өркен Нұрғазы, Рауан Тұмарбаев, Қайрат Абылқасымовтар өлең құдіреті мен әртістік шеберлікті ұштастыра білді. «Таудағы нөсер», «Мен - таулықпын» өлеңдері оқылғанда құдды бір тау шыңындай асқар биіктікті, табиғаттың тылсым күшін көз алдымызға әкелді.

Ақынның сөзіне жазылған «Бесік басында», «Ауыл жатыр той жасап» атты әуезді әндерін Ғалия Шахарбаева мен Айдос Күдербаев нақышына келтіре орындап, көрерменнің көңілін одан ары желпінтті. Әншілер әнді жанды дауыста орындап, құлақ құрышын қандырды.

Ақынның лирикалық өлеңдері жас буынның тұла бойын шымырлатса, «Әке аманаты», «Анашым» өлеңдері жасамыстың да көзіне жас үйірді. Әсерлі кеш Қайрат Қасымбай, Сәкен Нұрпейісов, Мағжан Айтжанов, Мирас Оспанов, Дәурен Асылбеков орындаған әндермен түйінделді. Кештің шымылдығы «Сарыжайлау» әнімен жабылып, көрерменнің жүрегінде ыстық сезім қалдырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Ескелді ауданы

Алматы облысы