ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ - БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Уақыты: 18.02.2022
Оқылды: 1645
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Қазақстан» Ұлттық арнасына берген сұхбаты қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформаларды қозғауымен салмақты болды. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы белгілі журналист Жайна Сламбектің қойған өткір сауалдарына ұтқыр жауап беріп, еліміздің ішкі, сыртқы жағдайын жан-жақты талдап берді.

«Қаңтар оқиғасы егемендігімізге, ел тыныштығына сызат түсіре ме, жеріміздің жағдайы, тіліміздің ахуалы не болмақ?» деген сауалдар әркімді де мазалағаны анық. Бұлардың бәріне жауап берген Президент: «Ешкімде егемендігіміз туралы күмәнді ой болмауы керек, мен Қазақстанның жарқын болашағына кәміл сенемін», – деп қадап айтты.

«Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады» деген қауесеттің де негізсіз екенін алға тартты. Бұл орайда Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар екенін, Ресей ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі екендігін, екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындамағанын, шекарамыз толық айқындалып, бекітілгенін айта кетті.

Қаңтар оқиғасына да жан-жақты баға беріп, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатқандығын, халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен екендігін, мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында қалып, теңсіздік белең алып жатқанын жеткізді. Ал арандатушылар мен қарақшылардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болғанын айтты.

Өкініштісі де осы, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық. Ендігі мақсат, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, жемқорлықсыз Жаңа Қазақстанды құру екендігін Президенттің сөздерінен анық аңғардық. Бұл ертеңгі күнге сенім ұялатты.

Марат МӘЛТЕКБАСОВ,

«Jetisy College» директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Алматы облысы