РАНОНАНЫҢ БИІГІ. ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША ЕҢ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА

Уақыты: 20.02.2022
Оқылды: 1364
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. Осыған орай біз облысымыздағы талантты балаларды жазуды жөн көрдік. Елімізде күміскөмей әнші, дарынды сазгер, топжарған саңлақтар сияқты әр салада есімі күллі әлемге мәшһүр, ерекше қабілетті, тума таланттар жетіп артылады. Жер жаннаты Жетісу өңірі ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен талапты балаларға кенде емес. Солардың бірі – Ранона Жалелқызы.

Білімқұмарлығымен көпті сүйсіндіріп, тау асар табандылығымен сан алуан жетістіктерге жеткен шынашақтай қыз Талдықорған қаласында дүниеге келген. Дана халқымызда «Болар бала – жасынан, жөргегінен» деп текке айтпаса керек. Болашағынан үлкен үміт күттіретін кейіпкеріміз былдырлаған балдырған шағынан айтқан затты қағып алатын зеректігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленген.

Ата-анасының айтуынша, Ранона бала күннен түрлі салаларға қызығып, жан-жақты болыпты. Кісі болар баланы кісесінен танитын халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Қызының алғырлығы мен талантын байқаған ата-анасы баланың өнері толық ашылу үшін бірден әріп танытып, есеп шығартпай, әуелі ән айтқызып, би билеуге баулиды. Атадан қалған ақылдан, анасы құйған тағылымнан айнымаған бүлдіршін әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеп, өнерімен елге танылады. Түрлі байқауларға қатысып, ел абыройын асқақтатады.

Небәрі 5 жасында Алматы қаласында өткен халықаралық жарыста актерлік шеберлігін көрсетіп, ән айтып, би билеп жеңімпаз атанады. Кішкентай ғана қыздың таудай талабын байқаған қазылар алқасы жас өнерпазды Латвиядағы «Riga Symphony» жарысына жібереді. Айналасын таңғалдырған таңғажайып қыз бұл сында да топ жарып, үмітті ақтайды.

Бес жаста халықаралық додада үздік шығу екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Қуыршақ ойнайтын жасында өнерімен елін қуантқан талшыбықтай қыз тұманың тұнығындай нағыз тума талант!

Тілі шыққаннан шығармашылыққа бейім бүлдіршінге ата-анасы 5 жасынан бастап қана әріп танытып, жаттау жаттатып, есеп шығарта бастайды. Табиғат-ана талант дарытқан елгезек бала ә дегеннен бәрін қағып алады. Кітапты зуылдатып оқи бастаған Ранона жеті жасында Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің табалдырығын аттайды. Ойы ұшқыр дарынды талапкердің талабын ұстаздар одан әрі шыңдайды.

Жас дарын мектепке келген күннен бастап бар ынтасымен сабақ оқуға кіріседі. Оқып қана қоймай, математиканың сан саласын білетін, күрмеуі қиын есептің кез келгенін шешетін өте зерек балаға айналады. Көбіне оқушылар бір ғана пәнді жақсы көріп, соған қатысты салаға бейім болады емес пе? Ал біздің кейіпкеріміз барлық пәнді үздік оқиды. Бірінші сыныбын кілең "беспен" бітірген соң ата-анасы жас өнерпазды музыка және сурет мектебіне береді. Болмысы бөлек, бітімі ерек бүлдіршін бір жылдың ішінде өнері өрге жүзіп, ән, сурет байқауларына қатысып, түрлі жетістіктерге жетеді. 3-4 сыныбында ән мен сурет салуды мейлінше тоқтатып, бар зейінін бал арасын зерттеу жұмысына аударады.

Сөйтіп, бал арасының пайдасы, емдік қасиеттері, балдың түрлері, адамдардың арадан фобиясын жою мақсатында зерттеу жұмысын жазады. Алғашқы зерттеуін «Жетісу жеріндегі балдың түрлері» тақырыбында жазады. Осы жұмысының арқасында V халықаралық байқауда топ жарады. Бал арасын зерттеп жазған екінші жұмысымен VІ халықаралық жарыста бағын сынап, Гран-при иегері атанады. Бесінші сыныбында-ақ шетелді мойындатқан Ранона осы жеңісінің арқасында "Қазақстанның белсенді 100 баласының" тізіміне енеді. Бастауышты тамамдаған талдықорғандық қаршадай қыздың бұл алғашқы үлкен жетістігі. Талабына нұр жауған оқушы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Талантын одан әрі шыңдап, толағай табыстарға жетті.

Атап айтсақ, 2017 жылы «Muzzon» телеарнасының премиясында өнер көрсетті. 2019 жылы Талдықорғанда өткен «Қазақстан­­ – күллі түркі халықтарының «Қасиетті қара шаңырағы» атты оқушылардың ғылыми конференциясында жасаған танымдық ғылыми жобасымен бас жүлдені қанжығасына байлады. Осы жылы математикадан өткен республикалық олимпиадада 1-орын алады. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Көзімнің қарасы» атты оқушылар арасында өткен халықаралық жарыста көркемсөз оқудан, қолөнер бұйымдарын жасаудан, ғылыми жоба жазудан  топ жарды. Сонымен қатар, «Әлемге танылған ұлы Абай» атты халықаралық байқауында «жас ғалым» номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығалады. Былтыр физика-математика бағытындағы «Слон» халықаралық жарысында 1-орынды жеңіп алады. "Зерде" XIV, ХV республикалық жарысының жеңімпазы атанады. «ҚР 100 үздік дарынды оқушысы» атты республикалық байқауының жеңімпазы болады. «ҚР дарынды оқушыларының алтын кітабы» атты жинаққа еніп, аталмыш республикалық байқауында жеңістің желкенін көтерді. Оқушылар арасында өткен "Күмісқалам" республикалық эссе байқауында да асығы алшысынан түсті. Дарыны мен көшбасшылық қабілеті үшін жас талант «ҚР дарынды оқушысы» алтын төсбелгісімен марапатталады. Биыл дарынды жастардың өнер, ғылым, білім саласындағы жетістіктерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған республикалық "Жас өрен" энциклопедиясы жинағына енді.

Дарынды дарабоз білімқұмарлығы мен ізденімпаздығының арқасында үлкен жетістікке жетті. Әлі де биік белестерді бағындыру үшін бал арасын зерттеп, курстық жұмыс жазу үстінде. «7-сыныпқа көшкендіктен бар назарымды сабаққа бұрып жатырмын», – дейді кейіпкеріміз. Түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып жатыр. Десе де биыл бал арасының пайдасын тереңірек зерттеп, курстық жұмыс жазу жоспарында бар екен.

Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған кезінде көп тіл білу – заман талабы. Біздің кейіпкеріміз де тіл меңгеруге айрықша ден қойған оқушы. Бүгінде Ранона қазақ, ағылшын және орыс тілінде еркін сөйлейді. Оның үстіне қазір неміс тілін оқып жүр. Иә, небәрі 7-ші сыныбында үш тілде еркін сөйлеу үлкен жетістік. Дарын мен қабілеті тасыған қаршадай қыз алдағы уақытта да тіл білуге баса көңіл бөлетіндігін жеткізді. Оның ең басты арманы – мектепті үздік бітіріп, ата-анасының үмітін ақтау.

Жетісу жерінде ерекше қабілетімен танылып жатқан бүлдіршіндердің көп болуы көңілге қуаныш ұялатады. Олай болса жас таланттарымыз әлемге танылып, ұлтымыздың мерейін асқақтата берсін деп тілейміз. Талантыңа талабың қанат болсын!

Айдар ҚАЛИЕВ