АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 23 БАЛА СУИЦИД ЖАСАҒАН. БЕС ОҚУШЫ ШЕРУГЕ ШЫҚҚАН

Уақыты: 19.02.2022
Оқылды: 1621
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім саласының өткен жылғы жұмыстарын қорытындылап, алдағы уақытқа мақсат қойған алқа мәжілісін Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жүргізді. Білім басқармасы ұйымдастырған жиында кемшіліктер де айтылып, өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Білім сапасы мен тәрбие берудегі мақсаттар мен міндеттер жөніндегі жиында алғашқы баяндаманы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова жасады. Ол сөзді 2020-2021 оқу жылындағы білім сапасы жайынан бастады. Атап айтарлық мәселе, қала мектептеріндегі білім сапасы мен ауыл мектептеріндегі білім беруде алшақтық байқалған.

Мысалы, өткен оқу жылында қалалық білім шаңырақтарының білім сапасы – 66,9 пайыз, ауыл мектептеріндегі білім сапасы – 61,3 пайызды құраған. Алшақтық – 5,6 пайыз. Ал 2021-2022 оқу жылының ІІ тоқсан соңына білім сапасы қала мектептерінде 62%, ауыл мектептерінде 63,4% көрсетіп отыр. Яғни, бұл жолы ауыл мектептерінің білім сапасы жоғарғы көрсеткішті көрсеткен. Баяндамашы білім сапасының осы көрсеткіштеріне қарап, оқушының білімі нақты бағаланбайды деген тұжырымды ой айтты.

Мұның себебін талдағанда ұстаздар қауымы карантиндік шектеу шаралары кезінде ауыл мектептері штаттық режимде білім алса, қала мектептері бала санының көптігіне байланысты қашықтықтан білім алды деген пайымдау жасаған. Бірақ, ол былтырғы жылы орын алған. Ал биылғы оқу жылындағы бірінші жартыжылдықта барлық білім беру ұйымдары штаттық режимде оқытылған. Бірақ алшақтық жаңағындай.

Білім сапасын облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткен аудандар: Қарасай, Көксу, Ескелді, Талғар, Балқаш аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары. «Алтын белгі» иегерлерінің білімі мониторингтік PISA зерттеулері кезінде дәлелденбей қалған. Жоғары білім сапасын көрсеткен мектептердің «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ көрсеткіші төмен болуының себебі неде?  Өткен 2020-2021 оқу жылында мектеп бітіруші 17 761 түлектің 1389-ы «Алтын белгі» белгісінің иегерлері атанған. Ол 2020 жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны 282-ге артқандығын көрсеткен. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100-ден жоғары баллдан алған «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі 56,7% құрады, 2020 жылмен (45,5%) салыстырғанда 11,2% өсу бар. Алайда, осы көрсеткіш бойынша Ұйғыр ауданында 64 «Алтын белгі» иегерлерінің 53-і, яғни 82,8%, Еңбекшіқазақ (59,6%), Райымбек (59,4 %), Ақсу (59,1%), Алакөл (58,1%), Кербұлақ (57,1 %), Жамбыл (56,7%), Панфилов (55,3%), Талғар (52,9%) төмен нәтиже көрсеткен.

«Алтын белгі» иегерін шығарып отырған мектептердің білім сапасы 62-68 % аралығында. Ал «Алтын белгі» иегері шектік деңгейден төмен нәтиже көрсеткенін қалай түсіндіруге болады? Оқушымен мектеп психологы да жұмыс жасайды, мектеп-оқушы-ата-ана үштігі де жұмыс жүргізеді десек, облыс бойынша 25 «Алтын белгі» иегері шекті баллға да жетпеген. Себебі не?

Бұл орайда баяндамашы Жаңыл Сүлейменова: «Қорытынды аттестаттау кезінде «Алтын белгі» үміткерлерінің жазбаша емтихан жұмыстары білім басқармасы тарапынан тексерілгенін білесіздер. Нәтижесінде Іле ауданынан 1, Кербұлақ ауданынан – 1 оқушының бағасы төмендетіліп, оқушы «Алтын белгі» белгісін ала алмады. Сонымен қатар, түлектердің эссе жазуға да дағдыланбағаны байқалды», – деп сынға алды.

Жаңыл Мағданқызы қаңтардағы қайғылы оқиғаға оқушылардың да қатысқанын атап өтті. Дүрбелең кезінде Талдықорған қаласының мектептерінен 5 оқушы шеруге шыққан. Осының барлығы тәрбие жұмысының дұрыс еместігінен деген пайым айтылды.

Өткен 2021 жылы облыста 23 бала суицид жасаған. Өзіне-өзі қол жұмсағандардың алтауы қыз, 17-і ұл. Осы орайда өзіне өзі қол жұмсамақшы болған балалардың жан-дүниесіне мамандар үңіліп көрген. Нәтижесінде, жасөспірім қыздардың ата-аналары мен мұғалімдерінің назарын өздеріне аудармақшы болғандығы анықталды.

Мұндай қадамға барар кезде балалардың мінез-құлықтарының өзгеріп, көптен оқшауланып, тез ашуланғыш келетін күйге түсетіні айтылды. Яғни, балалар қиындыққа төтеп бере алмай күйзеліске түскен. Өкінішке қарай, жан-жағындағылар балалардың жан дүниесіндегі «арпалысты» түсінбеген. Облыс бойынша суицид жасаған 23 оқушының 9-ның отбасының әлеуметтік жағдайы жақсы. Ал 14-нің отбасылық жағдайы орташа. Олардың 16-сы толық отбасында, біреуі қамқоршылықта, алтауы толық емес отбасында тәрбиеленген.

Баяндамашы суицидтің алдын алудың маңызды міндеттерінің бірі – психологиялық дискомфортты ерте анықтау және дер мезгілінде әрекет жасау екендігін айта келіп, аудандарында бірнеше бала осындай жағдайға душар болған білім бөлімінің басшыларына қызмет істей алмасаңыздар жауапты міндеттен бас тартыңыздар дегенді айтты. Бүгінде мектептерде 1116 педагог-психолог жұмыс істейді, оның ішінде 1092-сі (97,8%) жоғары білімді, 16-сы жоғары оқу орындарында сырттай оқиды, 11 психолог арнаулы орта білім дипломымен жұмыс істейді. Жаңыл Мағданқызы білім мен тәрбиені тең ұстау барысындағы тапсырмасында мектеп психологтарының сапалық құрамына назар аударып, педагогтарға кәсіби біліктілігін арттыру бағытында жұмыс жүргізуді міндеттеді. Мектеп психологтарының жұмысы үнемі бақылауда болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығында «Психологиялық қызмет көрсету» бөлімі құрылғандығын айтты.

Өткен 2021 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 182 қылмыстық әрекет тіркеліп, алдындағы жылмен салыстырғанда 9,3% (2020 жылы – 165) өскен. «Кәмелетке толмағандардың жыныстық әрекетіне байланысты 2020 жылы 99 қылмыстық әрекет тіркелсе, 2021 жылы 90 қылмыстық әрекет тіркелді. 7,1%-ға төмендеуді көрсетті дегенмен, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізу қажет. Облыс бойынша аралас тілде оқытатын 57 мектепке кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында «Құқықтық тәрбие менеджері» штаты енгізілді. Бұл штатқа тәжірибесі бар, заң орындарында қызмет еткен маман қабылдану керектігін ескертемін. Жалпы білім беретін мектептерде патриоттық білім беруге жете көңіл бөлінуі қажет. Бұл бағытта алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мен директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан сынып жетекшілерімен нақты жоспарға сай жұмыс жүргізу талап етіледі. Яғни, апта сайын «Уроки мужества», «Ерлік сабақтары» өткізілуі тиіс, – деді баяндамашы.

Балалар мәселесіне байланысты келесі сөзді білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбаева алып, балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында баяндама жасады. Бұл орайда облыстағы барлық білім шаңырағының қауіпсіздігі бойынша мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде бірнеше мектепте бейнекамераның жұмыс істемейтіндігі және дәретханалардың талапқа сай еместігі анықталған. Сондай-ақ, санитарлық-тазалық орындарына ауаны алмастыру, желдеткіш, жылумен қамтамасыз ету құрылғылары қойылмаған. Асханаларда мәзір дайындауда сүт, ірімшік, сүзбе, жеміс, бал өнімдері пайдаланылмай, керісінше, асқазанға зиян кетчуп, маргарин, шұжық сияқты тыйым салынған тағамдар қолданылған. Жетім және отбасы қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық тәрбиеге алуға ниет білдірген азаматтар туралы мәліметтер толықтай тексеріліп, ретке келтірілсін деген тапсырма берілді. Алқада колледждердің тәрбие жұмысының және психологиялық қызметтің жүргізілуін зерделеу бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова баяндама жасап, колледждердегі тәрбие жұмысындағы кемшіліктерді атады. Бұл орайда бірнеше колледж директорына сөгіс жарияланғанын айтты.

Кеңейтілген алқа соңында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қорытынды сөз сөйлеп, орын алып отырған кемшіліктерге тоқталды. Ол өз сөзінде мектептің материалдық-техникалық базасының жаңартылғанын, бірақ, соны балалардың өз деңгейінде қолданбайтынын жеткізді. Сондай-ақ, білім шаңырақтарында кітапхана, көрнекілік құралдарын пайдаланудың тәрбие жұмыстарының нашарлап кеткендігі айтылды. Кейбір аудандарда пән мұғалімдері жоғары оқу орындарына қашықтан оқыту жүйесі бойынша құжат өткізе салып, сабақ берген. Сондай-ақ, кейбір ұстаздардың өз пәні бойынша сабақ бермейтіндігі сынға алынды. Жиын балалар білімі мен тәрбиесіне байланысты көптеген мәселені қозғады. Шешу жолдары айтылып, ісіне жүрдім-бардым қарағандардың жауапқа тартылатыны ескертілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы