ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАДА 500 БЕТТЕН АСАТЫН ЖЫР-ЖИНАҚ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1388
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық кітапханада қазақ ақындарының "Мезгіл әуендері" жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әр кітаптың дүниеге келу тарихы болады. "Мезгіл әуендері" жыр жинағы халқымыздың аңсай күткен тәуелсіздігіне арналған.

"MoLia & DOS" баспасы кәсіптік нарыққа жол тартқанына 21 жылдан асты. Алғаш республикалық "Абитуриент", "Турист" газеттерін, "Абитуриент" анықтамалығын шығару үшін құрылған баспа осы өнімдерді өздері басу үшін полиграфиялық кешенге айналды. Қазір толық өндірістік баспа кешені саналады.

Қолда бар өндірістік техника мен кәсіби білім-білігімізді халқымызбен бөлісіп, жеңілдетілген бағамен көп болып ұйымдасып, бір тамаша жинақ шығарсақ деп әлеуметтік желіде арқалы ақындарымызға арнап үн қатқанымыз өткен жылдың қарашасы еді. Желтоқсанның 27-нші жұлдызында 30-дан аса ақын қатысқан жыр жинағы дайын болды.

Міне, енді сол сәтті бастамамызды Ұлттық кітапхана ұжымы қолдап, рухани орталықта тұсаукесер рәсімі өтті. Шығыстан Айжан Имантаева, батыстан Үмітгүл Нұрмұхан, елордадан Қалқа Анарбекова сынды ақындарымыз арнайы келіп қатысты. Басқа да сырттағы ақындар: Талдықорғаннан Гүлбақыт Қасен, астанамыздан Бақытгүл Мадиярова онлайн байланысқа шықты. Алматыдан сексеннен асса да күш-жігерімен бәрімізді қуантып жүрген Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Қызжібек Жарқынбаева апайымыз бастаған, Шаяхмет Қали, Айсұлу Рүстемова, Жәния Ералиева, Нұргүл Маулина, Әуелбек Ысқақов, Еркін Нұрбай, Әбдібек Әбдіманапұлы сияқты жыр жинағына өлеңдері енген ақындарымыз қостаған рухани жиын, алқалы отырыс қазақ жырының, қазақ сөзінің қуаты, тамыры терең, ел ішінде екенін көрсетіп, ұлтымыз үшін марқайған бір сәтті бастан кештік. Жұмыстан қол тиіп, уақыт тауып қатысқан авторлардың бәрі ретімен сөз сөйлеп, жыр оқып, ортақ қуаныштарын бөлісті.

Тұсаукесер рәсімін жас та болса бірқатар ізгі іске ұйтқы болып жүрген белгілі ақын, ҚР Ұлттық кітапханасының жауапты үйлестірушісі Мұратхан Шоқан жүргізді. "Мезгіл әуендерінің" тұсауын өзіміз осынау рухани қуанышқа құрметтеп шақырған "Қазақ үні" газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист, қаламгер Зейнолла Абажанов, Қазақстанның Құрметті баспагері, "Рух-БГ" баспасының директоры, аудармашы, қаламгер Балжан Хабдина, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ақын апайымыз Қызжібек Жарқынбаева, қазақтың белгілі ақыны, кәсіби математик, ардагер ұстаз Шаяхмет Қали кесті.

«Моlia & DOS» баспа-баспахана ұжымының атынан құрметті авторларға мерекелік Алғыс хат тапсырылды.

Жаңа Қазақстан оқырмандарына жаңадан жол тартқан, қазақ ақындарының өз қаржысына асарлатып, баспа жеңілдігімен шығарған "Мезгіл әуендері" жыр жинағы шартарапқа қанат қақты. 500 беттен асатын "Мезгіл әуендері" жыр жинағының тұсакесер рәсіміне қатысқан барша оқырман, зиялы қауым өкілдеріне, кітапхана қызметкерлеріне мың қайтара алғыс айтамыз. Мазмұнды, адал еңбектің, тума таланттың куәсіндей бастамашыл жинақтар көбейе берсін!

Баян БОЛАТХАНОВА

Алматы