ҚАЗІР КІТАП ОҚЫЛМАЙДЫ ДЕГЕН БОС СӨЗ. ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ НЕ ЖАЗЫП ЖҮР?

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1483
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сайтымыздың бүгінгі қонағы - Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Ziyat» кітап дүкенінің иесі, жас ақын Асылан Тілеген. Жас кітап сатушыға осы бағыт бойынша үш сұрақ қойдық.

1.Жастар арасында қандай кітап өтімді, олар кімдерді оқып жүр? Ақпанда Кітап сыйлау күні өтті, қай Кітаптарға ұсыныс көп болды?

– Жастар арасында әлі де «Абай жолы», «Көшпенділер», «Махаббат, қызық мол жылдар» сынды кітаптар сұраныста. Жанр бойынша прозалық шығармаларға, оның ішінде, жаңа жинақтарға сұраныс өте көп. Бұл қатарда  қазақ тіліне тұңғыш аударылып жатқан шығармалар да бар. Оның ішінде «Хәрри Поттер» сынды кітаппен, «Стиб Джобс» сияқты іскерлік әдебиеттерді айтуға болады. Оны заңды деп есептеймін. Оқырмандар арасында мойындалған әлемдік шығармаларды ана тілінде кез келген сауатты адам оқығысы келеді. 14 ақпанда өткен Кітап сыйлау күні әлі де кеңінен аталып, үлкен маңызға ие болды деп айта алмаймын. Айналамыздағы достарымыздың көбіне, қыз-жігіттерге қарап отырып-ақ аталған күннің белгілі бір дәрежеге жетпегенін түсінесің. Мүмкін, дәл осы күнді басқаша жарнамалау керек те шығар. Атап өтудің жаңа жолдарын да қарастыру керек деп ойлаймын.

2.Кітап сатумен айналысуға қандай да бір қолдау бар ма және осы іспен айналысуға ынталы жастарға қандай кеңес бересіз?

– Дәл бұл кәсіппен айналысуға мемлекет тарапынан, болмаса қалалық әкімшіліктің қолдауы бар-жоғын нақты білмейді екенмін және ол туралы ізденіп те көрмедім. Сондықтан бұл туралы ештеңке айта алмаймын. Одан гөрі зиялы қауым тарапынан, авторлардан үнемі қолдау болады. Себебі, олар қазақ тілді кітаптардың сатылуы қандай деңгейде екенін жақсы біледі. Бізде аты дардай кітап дүкендерінің 99 пайызы негізінен өзге тілде жазылған кітаптарды ұсынады. Осыны түсінген авторлар, белгілі қауым өкілдері қазақ тілді кітапты сататындарға қолдау білдіріп отырады. Оны мен өз басымнан өткіздім. Мәселен, кітап дүкенін ашпас бұрын онлайн сатумен айналыстым. Бір жылдан кейін аяқ алысым жақсы болғаннан кейін кітап дүкенін ашуға тәуекел еттік. Онлайн кезінде де, кітап дүкенін ашқан кезде де белгілі ақын-жазушылардан қолдау болды. Өздері де кітаптарын ұсынды, жарнамаға араласты. Осының өзі мен үшін үлкен қолдау болды. Ал енді осы іспен айналысуды қалаған жасқа: «Тәуекел ет, еңбектен», – дер едім. «Қазір кітап оқылмайды» дегеннің бос сөз екеніне осы іспен екі-үш жыл бойы айналысып келе жатқан адам ретінде айта аламын. Бәсеке артқан жағдайда оқырман саны, кітапқа деген сұраныс та арта береді.

3.Қай жастың кітабына сұраныс бар? Жастар не жазып жүр, олардың кітабына деген қызығушылық қандай?

– Жастардан орта буынға өткен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабы қазір сұраныста. Шығарманың өзі аға буыннан, оқырмандар тарапынан жақсы бағаға ие болған. Әсіресе, мектеп оқушылары, мұғалімдер, студенттер көптеп алады. Поэзияда Ерлан Жүністің кітаптары жақсы өтеді. Ал жақында ғана жарық көрген жас жазушы Досхан Жылқыбайдың «18:47» кітабына күн санап сұраныс артып келеді. Осындай бағыттағы кітаптар әлі де жазылу керек. Бір-екі автормен оқырманның сұранысына жауап беру де қиын. Қазір жазылмай жатқан жанрлар – хоррор, мистика, фантастика. Бұлар оқушылар үшін өте қажет деп есептеймін. Аталған жанрлар бізде аз жазылды, кейбірі тіпті жазылмады да. Бірақ сұраныста. Әдетте оқушылардан, оқырмандардан сұрағанда осы жанрдағы кітаптарды сұрап жатады. Жалпы кітап дүкені деген – баспа мен оқырман арасындағы дәнекер. Бірақ баспалардың көбісі дәл қазір қандай кітаптардың өтімді екенін сұрамайды. Егер де сұрап жатқан жағдай оқушылар іздеп жүрген жанр бойынша бірнеше туындыны жарыққа шығаруға да болар еді.

Серік ҚАНТАЙ