КІТАП ОҚЫҒАН САЙЫН АЙНАЛАҢА МЕЙІРІММЕН ҚАРАЙСЫҢ, ІЗГІЛІККЕ ҰМТЫЛАСЫҢ

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1302
Бөлім: РУХАНИЯТ

Есік қаласындағы аудандық кітапхананың қызметкері Сәнам Азизова қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын сүйіп оқиды. Әсіресе Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасын» сан рет парақтаса да жалыққан емес. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» жанына соншалықты ыстық. Ал ұлы Абайдың мұрасын өзіне өмірлік бағдаршам етеді.

Сәнам Ахметқызының ұлты – түрік. Көктөбе ауылында туып-өскен. Әке-шешесі 1939 жылы сталиндік қуғын-сүргінде Қазақстанға жер аударылыпты. Сол бір қиын шақтарда қазақтардың өзге ұлттарға құшағын ашып бауырына басқанын түрік ағайындар ұрпақтарына өнеге етіп отырған. Сәнамның қазақ халқын ерекше қадірлейтіні де сондықтан.

1941 жылы әкесі Ахмет майданға аттанады. Ал анасы Шурәт тылда еңбек етеді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, сұрапыл соғыстан Ахмет аман-есен елге оралады. Сөйтіп, жас жұбайлар бір-бірімен қайта табысады. Көпбалалы отбасына айналады. Жеті қыз, екі ұл өсіріп тәрбиелейді. 1963 жылы сол жеті қыздың алтыншысы болып Сәнам дүниеге келеді.

Ол оқушы кезінен бос уақытын кітапханада өткізуді әдетке айналдырған. Қазір де оның өмірі осынау рухани орынмен тығыз байланысты.

– Көктөбе ауылында сегіз жылдық мектепте білім алдым. Одан кейін Есіктегі педагогикалық училищеге оқуға түстім. Мұғалімдік мамандыққа қол жеткізген соң Ұйғыр ауданына жолдама берді. Бірақ әкемнің жібергісі келмеді. Сол күндердің бірінде әдеттегідей аудандық кітапханаға бас сұқтым. Ондағы қызметкерлер мені жақсы таниды. Өйткені қолым қалт етсе осы жерден табыламын. Менің бос жүргенімді білген соң кітапханашылар бір қызметкерінің декреттік демалысқа шыққанын айтып,соның орнына уақытша жұмыс істеуге шақырды.Төбем көкке екі елі жетпей, қатты қуандым, – деп Сәнам Азизова өткен күндердің сағынышты сәттерін еске алады.

Сөйтіп, 1983 жылы он сегіз жасында мұғалім боламын деген түрік қызы кітапханашы атаныпты. Сәнам күні бүгінге дейін бір жерде табан аудармай қызмет етіп келеді.

– Биыл жұмыс өтіліме 38 жыл толады. Зейнет жасына таяп қалдық. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Алғашқы тәлімгерім Шолпан Шәріпбаева апайымды сағынышпен еске аламын. Ол кісілердің жарқын бейнелері әлі көз алдымда. Қазақтың қасиетті жерінде туып-өскеніме, қазақтармен біте қайнасып, туған бауырдай болып кеткеніме Аллаға сансыз шүкір! Тарих ұмытылмайды. Қазақтардың жасаған жақсылығына ұрпақтардың айтар алғысы зор, – дейді Сәнам Ахметқызы.

Кітапхана ол кісінің екінші үйіндей. Мұндағы әр кітапты баласындай мәпелеп, бар-жоғын түгендеп отырады. Әсіресе кітап оқимын деп келген жастарды көргенде алабөтен қуанатыны бар.

– Кітапты сүйсең – барша ұлтты сүйесің. Өйткені, кітап адам баласын рухани тазалыққа тәрбиелейді. Көп оқыған сайын айналаңа мейіріммен қарайсың. Ізгілікке, адамгершілікке, жақсылыққа ұмтыласың. Мәселен, Абайдың «Қара сөздерін» алып қарайықшы. Даналыққа тұнып тұр. Оны көңіліңе тоқысаң ешқашан жолыңнан адаспайсың. Абайдан асқан ұстаз жоқ, – деп тебіренеді Сәнам апай.

Әрине, адамдардың бірін-бірі құрметтеп, тату-тәтті ғұмыр кешкеніне не жетсін?! «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Өмірдің мәні осы емес пе?!

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы