МЫЛҚАУ КЕМПІР. КӨЗГЕ ЖАС АЛЫП ОТЫРЫП ОҚИТЫН ШЫНАЙЫ ӘҢГІМЕ

Уақыты: 05.03.2022
Оқылды: 2147
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түс ауа егістікке су салып келген Сүлеймен бел жазып алайын деп төсекке жантая кетті. Шаршағаны білініп тұр, сілесі қатып, ұйқыға шомды. Түскі асын ішкесін аздап көз шырымын алатын әдеті болса да, күндегідей емес, осы жолы ұйқысы қатты болды.

Құдай қосқан қосағының ұйқысын бұзып алмайын деді ме, Керімбала үйге кірмеді. Үй артына жиналған тезектен бір қап тезек әкеліп, қазанның астына от жақты. Іштей күбірлеп, бірдеңені айтып жүр. Бірақ оны өзінен басқа ешкім естімейді. Үйдің бар шаруасын өзі атқарса да, үстіне кір жуытпайтын өте кірпияз. Аққұба келген бойшаң. Сұлулығын бет-жүзінен байқауға болады. Жасы шамалап қалса да сыны кетпеген. Көрші-қолаң тұрмақ, ауылдағы ағайын бетіне тіке сөйлей алмайды. Мінезі де жоқ емес. Тәкаппарлығы бірбасына жетіп-артылады. Өсек-аяңға жоқ, бірақ кесіп айтады. Сонысынан ба, бірді-екілі замандасы болмаса көп ешкім жуықтай қоймайды. Кейде көңілі жадырап, шешіле сөйлеп, тісінің астынан зілді әзілін айтып қалатын кезі де кездеседі. Бірақ ондай әрекеті сирек. Көбінесе іште бір мұң бар. Мұңмен жалғыз өзі арпалысып, күн кешіп келеді. Бүгін де жадырамады, мұңайып жүріп қазандықтың астына от жақты. Күндегіндей емес, самал жоқ, үп еткен жел болса оттықтың астындағы қызыл шоқты лаулатып әкетер еді. Бүгін бықсыды да қойды.

– «Қараң қалғыр, мына от тұтана ма? Кеше жиналған тезек емес, қырық жылғы малдың жапасы, саусылдап кеуіп қалған. Сүлейменнің ошағы тұтан», – деп оттың астын үрлеп-үрлеп жіберді.

Қызарған шоқ бір лап етті де түтіндеп өзіне қарай кері қайтты. Көк түтін бетін жауып, көзін ашытып барады. Ащы түтін танауымен қоса тамағын қауып, көзін жасауратып жіберді. Жаулығының ұшымен сүртіп тұрғанда қызыл жалын жылтыңдап, қаланған тезектің арасынан сиырдың тіліндей әр тезекті бір жалап, от тұтана бастады. Ошақтың басында отырып Керімбала көзінің жасын сүрте берді. Басында түтіннен шыққанымен бұл жолы шынайы ыстық жас беттегі әжімдердің арасымен тарам-тарам болып арнаға түскен судай жылжып, жаулығының ұшына тамды. Қыз күні есіне түсті ме, қалың ойға шомылып, ыстық жалынға қарап, үнсіз отыра берді.

Керімбала Іле өзенін жағалаған Балғалы руының қызы. Әкесі Толысбай асқан дәулетті кісі болған деседі. Бұлымбай да қара жаяу емес, текті жермен құда болам деп ұлы Сүлейменге он үш жасар Керімбаланы алып берген. Бар жастығы мен қызықты шағы өтсе де, үйде екеуінен басқа тірі адам жоқ. Отасқандарына да көп жыл өтті. Алла екеуіне бір шақалақты бұйыртпады. Бағанағы «Сүлейменнің оты тұтан» деп шоқ үрлеп жүргені де осы. Жатса да, тұрса да Жаратқанға жалбарынып, бір қызықты көрсет дегеніне қырық жылдан асып кетті. Сүлеймен де іштей қынжылғанымен сыртқа сыр білдірмейді. Қу тіземді құшақтап өтермін деген ой жиі мазалайды. Жазғаны осы шығар деп қыздай алған Керімбаласымен күн кешіп келеді.

Отқа қарап мұңайып отырған Керімбала қазанның тасығанын естіп есін жиды. Сақырлап су қайнап, Сүлейменнің ас-суын беруге қамданды. Қара қазанмен бірге сары самаурын да ызылдап, суы сыртына бұрқылдады. Керімбала бұл уақытта үйге кіріп, дастарқанды әзірлеп, самаурынды да әкелді. Сүлеймен сол қатқан күйі орнынан қозғалмады.

– Әй, Сүлеймен, тұрсаңшы. Шаңқай түсте жатқан төсегіңнен тұрмадың ғой. Өзің өліп қалғаннан саумысың? Күн еңкеймей, шайыңды ішіп, егістікті байқап қайтсаңшы, – деді.

Керімбаланың дауысы зілді шықты ма, шырт ұйқыда жатқан Сүлеймен басын жұлып алды.

– Өскенің болғыр, ерте оятсаң қайтеді, қатып қалыппын ғой, – деп теңселіп барып құмғанын қолына алды. Беті-қолын жуып, дастарқан басына келді. Екеуара шүйіркелесіп отырып шай іше қояйын деп еді, үстілеріне көршісі Күлғайша кіріп келді.

– Қашан келсең екеуің шәй ішесіңдер де отырасыңдар. Бір-біріңсіз күндерің өтпей ме, әлде істейтін істерің жоқ па? – деп тілмен бір түйреп өтті.

– Осы сенің тілің мен аяғың қатар жүреді екен. Елді мұқатпай шайға кел, – деп Керімбала сөзін аяқтатпай үстемелеп жіберді.

– Бір кесе ішем де кетем, біздің шал да шайдан өлгендей бір самаурынды тауысып, егіске кетті. Өткен жолы шай ішіп отырам деп, төменгі арпаны су басып қалған. Бүгін кетпенін сүйретіп ерте кетті ғой, – деп сақылдап күлді Күлғайша.

Күлғайша көңілашар. Жүрген жерін қағытып, қысыр сөзімен елді күлкіге бөктіріп жүреді. Біздей тілімен талайды түйреп алған. Онысын өзі аңдамай қала ма, артынан сонысынан бармағын тістеп жатады. Әзілі көп, ешкімге әдейі кеп соқтықпайды. Бәрінің көңілін табамын деп, қоржыны қалжыңға толы келіншек. Осы отырғанда да біраз әзілін боратып, тұнжырап отырған Сүлеймен мен Керімбаланың езуін жиғызбады. Тумасынан біртоға, көп әзілге езу тарта қоймайтын Сүлеймен Күлғайшаның әңгімесіне балаша күледі. Әзілдесіп отырып, Сүлеймен орынан тұрды. Өйтпесе, Күлғайшаның әңгімесінің бітер түрі жоқ, ерте жіберген су атыздан асып, бар бақшаны басып қалған шығар. Босағаға қоя салған кетпенін көтеріп, Сүлеймен егістікке қарай бет алды.

Қызды-қыздымен әңгіме Сүлеймен мен Керімбалаға ауысты.

– Әй, Керімбала, мен бекерге келген жоқпын. Мен саған жау емеспін, замандаспын әрі абысын да болам. Көрші отырып, сенің зарың маған батады, – деп бір әңгімені бастады.

Бұл кезде Керімбаланың түрі суып, тағы не пәлені шығарғалы отыр дегендей сұстанып, Күлғайшаның бетін қайтармаққа бекінгенімен аузынан сөз шықпай, тілі күрмеле берді. Оған назар аударған Күлғайша жоқ, алдындағы шайдан бір ұрттап қойып, әңгімені бастады.

– Керімбала, сен менің ақылымды тыңда. Отасқандарыңа қырық жыл болды, ана Сүлейменді қу бас етпекпісің? Ол байғұстың да жасы келді. Алпысты алқымдап, қарттықтың ауылына аяқ басты. Қанша ғұмыры бар, ертең қисайып қалса, аты өшіп қалады ғой. Өзі жалғыз, бауыры Білібайды білесің, соғыста шейіт болды. Одан қалған жалғыз қызды Мекетайды бауырыңа басқанымен ол да кетеді. Ертең шалың кетіп қалса, Мекетай тұрмысқа шығады, сенің күнің не болады? Сен ақылға көніп, Сүлейменге бір адам тап. Ең болмаса ат ұстары соңында қалсын. Қу тізесін құшақтап, қу бас кетті деген кімге жақсы? Ол момын, Жаратқанның ісі деп жүре береді. Қайбір жетісіп жүр дейсің, іштен тынып жүрген шығар, сен осылай ерлік жаса, – деді.

Ешкімді кеудесінен бастырмайтын Керімбала бұл жолы Күлғайшаға жауап қайтара алмады. Төбесінен біреу суық су құйғандай тас қатып, жақ жазбай отырып қалды. Өңі бозарып, өксік тамағына келіп тығылды. Тас құрсағы одан ары мұзға айналғандай, суық тер аяғына дейін бір-ақ шықты. Маңдайдан шып-шып етіп шыққан термен қоса, көзден жас төмен қарай домалап түсті. Осыны байқап қалған Күлғайша шошып кетті. Жанды жеріне тиіп кеттім-ау деп тілін тістей алды.

– Керімбала, әй, Керімбала, саған не болды, өңің қашып кетті ғой, аңдамай сөйлеп, жанды жеріңе тиіп кеттім-ау, кешірші мені, – деп үстелдің арғы басына отырған Керімбаланың қасына ұшып барып құшақтай алды.

Осы кезде барып, есін жиған Керімбала көзін ашып, Күлғайшаны кеудесінен итеріп жіберді.

Бір нәрсені бүлдіргенін сезген Күлғайша орынан тұра сала үйіне қарай безек қақты. Ал Керімбала болса, отырған орнында қалшиды да қалды. Аяқ-қолы дірілдеп, көз тұманданып, санасына түрлі ой келді. «Сонша жыл бетіме ешбірі қарсы келмегенде Күлғайшаның бұнысы несі?! Бедеулігімді бетіме басқаны ма? Төрімнен көрім жақын қалғанда Сүлейменімнің құшағына өзгені қайтіп қиямын? Қырық жыл ыстығымыз бен суығымыз бірге өткенде көрейін дегенім осы ма еді? Бұл қай сасқаны?» – деп өкіріп қоя берді.

Бар шерін шығарып, етегі жасқа толды. Іштегі запыран шығып, жеңілдеп қалғандай болды. Бірақ Күлғайшаның сөзі құлағында қалып қойды. Есеңгіреп жүріп, үйдің шаруасына араласып кетті. Түстегі дастарқанды жиыстырып, Сүлейменнің тамағын дайындады. Кеш қарая Сүлеймен де келді. Бір ай бұрын асарға сойған қой етінен қалған бір жілікті қазанға салып, кешкі асты алдыға әкелді. Білібайдан қалған жалғыз қыз Мекетаймен бірге отырып, үшеуі ет жеп ауқаттанды.

Күндегідей емес, дастарқан басы үнсіздік орын алды. Ара-тұра Сүлеймен сушылардың әңгімесін айтқанымен Керімбала оның біреуін де естімеді. Бар ойы күндізгі Күлғайшаның айтқан әңгімесі ойынан кетпеді. Жүрегін тілгілеп, сыздатып барады. Бүгінгі түнді Керімбала ұйқысыз өткізді. Таңға дейін көз ілмеді. Көзі ілініп бара жатса Күлғайшаның дауысы құлағына келіп, басын төсектен жұлып алады. Мүмкін Күлғайшаның айтып отырғаны да дұрыс шығар деген ой мазалай берді. Бірақ отасқан күйеуіне деген қызғанышы, қимастығы жібермеді. Ойды ой қуып, санасы сан-саққа жүгіріп жатқанда күн ұясынан шығып, таң атты. Күндегі әдеті бойынша Сүлейменді жұмысына жіберіп, шаруаға араласып кетті. Күніне екі келіп кететін Күлғайша да аяқ баспады. Буынсыз жерге пышақ ұрғанын біледі. Оның үстіне Керімбаланың мінезімен де жақсы таныс. Беті күйіп, аяқ аттамады.

Бірнеше күн осылай үнсіз күн кешіп, көршімен араласпай қалды. Қанша жыл қатып қалса да, жүректің түбінде бір жылылық бар емес пе?! Онсыз да жатса-тұрса, жалбарынатын Керімбала ақылға келгендей болды. Ақыры Күлғайшаға өзі барды.

– Күлғайша ауыздыға сөз бермей, ауылдың бар әңгімесін жіпке тізіп, әзіліңмен елді жусатып кетуші ең, неғып баспай қалдың? – деп зілденіп сөйлеп қалды. Айыбын түсінген Күлғайша үстінен ауыр жүк түскендей, жүгіре басып кеп Керімбаланы құшақтай алды.

– Айналайын, жарығым, Керімбала, бір ашуыңды маған бер, аңдамай сөйлеймін деп сенің жүрегіңді жаралап алдым-ау. Кешір мені, кешір, – деп құшағын ашпай тұрып алды.

– Мына қатын қайтеді, босат мені, кеудемді қысып жібердің? Өлтіремісің, ары тұр, – деп зілсіз жауап қатты. Ашуының тарқағанын Күлғайша да сезе қойды.

– Жүр, шай ішейік, сенсіз біздің үйдің берекесі кірмейтінін білесің, алдыма түс, – деп қолтықтай кетті.

Екеуі баяғы өмірлері секілді әңгімесін айтып, дастарқан басында шүйіркелесті.

– Күлғайша, сенің сөзіңнің жаны бар, өткендегі айтқаның орынды. Қырық жыл отасқан күйеуімді біреуге бере салған оңай емесі рас. Бірақ ұрпақты ойласам жанымды жегідей жеп бітемін. Саған ренжіген жерім жоқ. Қаперімде сөз тауып айта алмадым, кеудеңнен итеріп жібергеніме сен ренжіме. Оданда екеуміз Сүлейменге жар іздейік. Менің мінезіме кім шыдай қояды дейсің, тілі жоқ, құлағы естімейтін біреуді таппасаң – деп Керімбала ішек-сілесі қатты.

Оған қосылып, Күлғайша да жадырап қалды.

– Е, мынауың жөн. Іздесек іздейміз, несі бар? Сүлеймендей сымбаттыға қатқан қатын тиеді. Жасы алпысқа келді дегенің болмаса, әлі жиырмадағы жігіттей. Ауылды бір аралап шығайыншы, мен тием деген қырық қатын соңымнан еріп келсін, – деп әзілін жалғап әкетті.

– Расымен, мен бір адамды білем, көрші ауылда дәл сондай бір адам бар, – деп Күлғайша көзі жарқ ете қалды.

– Кім ол? Расымен тілі жоқ, құлағы керең әйел ме? Ол мақаумен қайтып тілдесеміз? Көне қойса жақсы, ағайыны қалай қабылдайды? –деп Керімбала өзектей түсті.

– Тілдесетін несі бар? Сүлейменге бала тауып берсе болды емес пе, мына көрші ауылда Омар деген кісінің Орынша деген қызы бар. Жас күнінде қатты шошынып қалса керек, содан тілі шықпай қалған. Құлағы да ауыр естиді. Ағайынымен жағдайды айтып көрсе, көнеді де, – деді.

Сол күннен бастап, Керімбаладан тағы да ұйқы қашты. Бір күні сәлем-сауқатын салып, көрші ауылға кетті. Омардың үйіне барып, Орыншаны көріп қайтты. Тіл-аузы жоқ дегені болмаса құрсақ ұрпақ өрбітер шамасы бар. Сол ауылға бірнеше рет қатынап жүріп, Омарға жағдайын жеткізді. Бұл кезде ауылда әңгіме тарап кеткен болатын. Ауылда құпия болушы ма еді. Сүлеймен де естіген. Сыр білдірмеген сыңай танытқанымен, Керімбаланың ісіне іші жылып қалды. Оңашада көңілі босап, көзіне жас алып та алады. Ақыры не керек, Орыншаны үйіне әкелетін болды. Жөн-жоралғысын жасап, Орыншаны әкеп Сүлейменге екінші әйел етіп қосты.

Алғашқы күндері іші ұлып, өзін жайсыз сезінгенімен Керімбала күн өте бой үйретіп, көндіге түсті. Үйдің бар билігі өзіне өтіп, сары бәйбіше атанды. Ас-суды өзі дайындаса, қара жұмысты Орыншаға жүктеді. Кейде өзінің зілдігін көрсетіп, тоқалға басшылық жасайды. Орынша байқұс айтарға тілі жоқ, сары бәйбішенің айтқанына көндігіп, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын болды. Бар ауыр тірлік соның мойнында. Күннен-күнге сары бәйбішенің үстемдігі арта бастады. Араға тоғыз ай салып Орынша дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Бүтін ауыл болып, Сүлейменнің баласының тойын тойлады. Тіпті, Орынша босанған күні Сүлеймен таң атқанша ауылдың бар үйінің есігін қағып, сүйінші сұрапты. Көптен күткен қуанышы, жүрегін жарардай шаттанады. Жаратушыға бір, арды ойлаған сары бәйбішесіне екі алғыс айтып, шаттыққа бөленеді.

Сүлеймен ұлының есімін Сарымсақ деп қояды. Тұла бойы тұңғышы, артымда ұрпақ қалды, қу бас дегеннен құтылдым деп той жасайды. Сары бәйбішенің де мерейі өсіп, үлкен істі тындырғанын, Сүлейменнің қуанышына бірге шаттанды. Сол күннен бастап Сарымсақты бауырына басты. Орынша үшін қилы да, тағдырлы өмір енді басталды. Баланы дүниеге әкелдім дегені болмаса, маңдайынан мейірленіп бір иіскемеді. Құшағына қысып, көтеріп те жүрмеді. Туа салған кішкентай шақалақты сары бәйбіше мылқау кемпірге ұстатпады. Түн ортасы болатын, Сарымсақ қарны ашты ма, шырылдап жылап берді. Құшағындағы баланы көтеріп, ортаңғы үйге апарды. Бұл уақытта күндізгі ауыр тірлік бар, әбден шаршаған Орынша тұяқ серіппей ұйықтап жатыр еді.

– Әй, мылқау, тұр. Мә, мына баланы еміз, – деп бүк түсіп жатқан Орыншаны түртіп қалды.

Көзін ашып, ұйқысын аша алмай бүгежеңдеп, Орынша байқұс баланы емізуге ыңғай танытты. Туғаннан баланы қолына дұрыстап ұстамаған Орынша байқұс дұрыстап емізудің ыңғайын таппай, оның үстіне сары бәйбішеден де қорынып, сасқалақтай берді.

– Мына мылқау, баланы өлтіресің, былай тұр, ұстама, – деп жұмыстан жарылып кеткен қолын қағып жіберді.

Қолымен Орыншаның омырауын ағытып, Сарымсақты мылқау кемпірдің омырауына тосты. Ашығып қалған Сарымсақ анасының омырауын мейірлене сорып, бауырына қарай тығыла түсті. Осы сәт Керімбаланың жүрегін дір еткізіп, қолынан баланы шығарып ала жаздады. Сыр білдірмегенсіп, Орыншаның қос омырауын кезек емгізіп, баланы қайта алып кетті.

– Болды, жата бер, қатты ұйықтап қалма, түнде жыласа тағы әкелем, – деп дауыстап сөйледі.

Сары бәйбішенің бұл сөзін мылқау кемпір естімеді де. Тек қолымен нұсқағанын ұққандай болды. Қайран ана, тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңейтіп, ішінен жарып шыққан баласын құшағына қысып ұйықтай алмаған қандай қиын? Мейірлене иіскеді, баланың иісінен асқан тәттілік бар ма?! Мылқау кемпір іштей жыласа да, қолдан келер қайран жоқ, ары қарай бүк түсіп жата кетті. Күн осылай өте берді. Баланың тәрбиесі де, бар ықыласы да сары бәйбішеге тиесілі. Оны былай қойғанда ес біле туған анасы мылқау кемпір емес, Керімбала деп өсті. Орынша бірінің артынан бірін туып, Сүлейменге үш ұл, бір қыз тауып берді. Барлығы да біздің шешеміз Керімбала деп ержетті. Әредікте көрші қатындар сендердің шешелерің ана мылқау кемпір десе, намыстанып жылап қашатын кездері де болды. Бір жолы кенжесі Құралайдың маңдайынан иіскегені үшін сары бәйбішенің қаһарына түсіп қалған. Үйге кірсе бесікте бөленіп жатқан Құралайды көреді. Жан-жағына қарап, сары бәйбішені іздеді. Көріне қоймағасын бесіктегі Құралайдың маңдайынан иіскеп кеп бергенде көзінен мөлт етіп, жас тамды. Ана сезімі оянды ма, нәрестенің иісіне мауқын басып, бесікке басын қойып, ұйықтап кеткен. Дәл осы кезде сары бәйбіше де үйге кіріп қалады. Қызғанышы оянып, бесікке басын қойып отырған мылқау кемпірді нұқып қалады.

– Тұр былай, бесікті аударасың, саған бала не керек, бар жұмысыңды істе, – деп үйден шығарып жіберді.

Керімбаланың зілі қатты болғанымен іштей Орыншаға жаны ашитын. Кейде мұнтаздай етіп киіндіріп, тарамыс-тарамыс болған қолдарына сақина кигізіп, бір уақыт көңілін көтеріп қоятын. Бұған мәз болған Орынша мақтанып, өз әлінше рахметін айтып, көршілердің үйіне қарай барып, үстіндегі киімін көрсетіп әлек болатын. Көршілер де оның қуанып тұрғанын сезіп, бас бармағын шошайтып, мақтауын асырып жіберетін. Көңілі көтерілген Орынша осыған риза. Ол дүниеге Сарымсақ, Рахым, Қазтай, Құралай деген ұл-қызды әкелді. Кішісі дүниеге келгесін көп ұзамай Сүлеймен дүние салды. Үйдің иесі Керімбала болды. Сүлейменнің қазасы оңай болған жоқ. Жетпіске жетпей кеткен Сүйлеймен ұрпақсыз кетпеді, қайтар алдында бар балаларын жинап алып, екі кемпірді аманаттап кетті.

– Сендерді туған аналарың – Орынша, Керімбала – баққан аналарың. Екі шешелерің де сендерге аманат, – деді. Төрт бала да Орыншаның туған аналары екенін шынайы білді, жүректерімен сезді. Бірақ олар әлі жас еді. Оның үстіне баққан шешелерінің ықпалынан шықпай, соның қас-қабағына көбірек қарайтын.

Сүлеймен дүние салғасын мүлде ауыр болды. Шиеттей бала мен мылқау кемпір Керімбаланың қолына қарап, ауыртпалық бір өзіне түсті. Тұрмыстың тауқыметі қиындай түскенде Керімбала мылқау кемпірді төркініне апарып тастады. Ай өтті, жыл өтті, өмір зулап жүре берді. Орынша да төркініне сіңісіп кетті. Ана емес пе, сағынышын басу үшін ауылға кеп, балаларының сыртынан көріп кететін еді. Үйге кіруге сары бәйбішеден қорқып, жүрегі дауаламай сырттан кетіп жүреді. Мұны ауыл адамдары бірнеше мәрте байқап қалғаны бар. Іштей жандары ашып, Керімбаланы да сөзбен сыбап алатындар болды. Осылайша балалар ер жетті. Алды әскерге барып, Сүлейменнің шаңырағын тіктеді. Бір жолы Сарымсақ пен Рахым егістікке жұмысқа барған. Рахымды бүкіл ауыл Еретай деп атайтын. Сушы болып жұмыс істеп жүрген әкелерінің замандасы Медеқұл мен Шәлменге амандасады. Жөн сұрасып, біраз әңгіме-дүкен құрады. Осы сәтте Медеқұл мен Шәлмен замандастарының ұлдарын құшағына қысып, бір әңгіменің тегін ағытады.

– Айналайын, Сарымсақ, Рахым, сендер әкелеріңнің зарыға күткен жарығысыңдар. Сүлеймен жарықтық өте момын болды. Ағайынмен тату, досқа адал, өте еңбекқор адам еді. Аузы дуалы батагөйлігі бір төбе еді ғой. Жарықтық жатқан жері жайлы болсын. Сарымсақ, сен дүниеге келгенде әкең бүтін ауылдың есігін қағып сүйінші сұраған, қуанышы қойнына сыймай жарты әлемге жар салып қуанып еді. Сол бір күн кеше ғана өткендей еді, енді, міне, сендер дәу жігіт болдыңдар. Бір шаңырақтың иесісіңдер. Сендерге бір нәрсені айтайын, ана туған аналарыңа жиі барып тұрыңдар. Ол бишара сендерді жарық дүниеге әкелді ғой. Өткен жолы жолым түсіп сол ауылға барған кезде жұмыста жүрген Орынша қасындағы қатындарға саусағын санап, менің төрт балам бар, мені алып кетеді деп жатыр екен. Тілі жоқ болса да, жаны бар адам ғой. Ымдап айтып жатқанын мен түсіндім, жаным да ашып кетті. Оның үстіне денсаулығы да кетіп қалыпты, жасы да келіп қалды ғой. Шамаларың жетсе қолдарыңа алыңдар, айтайын дегенім осы, – деді.

Әкесімен бірге жүрген әкелердің бұл сөзі Сарымсақ пен Рахымның жүрегін толқытып жібергендей болды. Оның үстіне Сарымсақ жақында ғана шаңырақ көтерген болатын. Екі ақсақалдың сөзіне құлақ асып, таң сәрімен Сарымсақ қасына келіншегін ертіп, туған анасының үйіне барды.

Қасына келінін ертіп барған Сарымсақты көрген Орынша қалбалақтап жүгіріп келіп, құшақтай кетті. Қолынан сүйіп, қуанып, мауқын басты. Келінін көріп, маңдайынан иіскеді. Ыңылдап, қолымен сермеп бір нәрселерді жеткізгісі келді. Қолынан сүйреп, ескі қораға қарай жүрді. Бүгежеңдеп барып, қораның бұрышына қазып, тығып қойған бір орамалды алып шықты. Ұлы мен келінінің қолына ұстатып, аш дегендей ишара танытты. Жарығым-ай, ана жүрегі емес пе?! Төркінінде жүріп, ұл-қызын ойлаған. Жастайынан мейірімге қанбаса да, балаға деген махаббаты ерекше. Жылдар бойы істеген еңбекақысынан тығып, кілең бақыр тиынды жинап, ұлы мен келінінің қолына ұстатқаны Сарымсақтың көңілін толқытты. «Керімбаланың ашуынан бір ығып, көңілінен бір ығып, туған ананың махаббатын сезбеппін ғой. Көңіліңнен айналдым, анашым», – деп құшағына қысты. Ұлы мен келінін көріп, көңілі жадырап қалған Орынша біразға дейін қуанып жүрді. Маңайындағы қыз-келіншекке мәз болып, ұлының келгенін жеткізді. Бірақ ауруы күннен күнге дендей берді. Анасының ауырып қалғанын естіген ұлдар келіп біржола үйлеріне алып кетті. Үйге кетеміз, алып кетем деп Сарымсақ пен Рахым келгендегі Орыншаның қуанғанын көрген ауылдастары көз жастарына ерік берді. Байғұстың өміріндегі ең бақытты сәті осы шығар. Жарық дүниеге нәресте әкегенде былай шаттанбаған болар, ал бүгінгі бақыт мәңгілік есінде қалары сөзсіз.

Мылқау кемпір сары бәйбішенің үйіне келгенімен көпке жүрмеді. Науқастанып келген Орынша сал болып төсек тартып жатып қалды. Үш жылға жуық төсек тартқан аналарын балалары балапандай қорғаштап, бағып-қақты. Амал қанша, ақыры дүние салды. Туған анасын арулап мәңгілік сапарына шығарып салды. Перзенттік парыздарын өтеді. Мылқау кемпірді жерлеп келіп отырған күні Керімбаланың замандастары сары бәйбішені сөзбен түйреп қағытып қоймады.

– Керімбала, сен шалыңды, Сүлейменді сонша мылқау кемпірден қызғанып едің, бәрібір сенен бұрын Сүлейменмен мылқау кемпір табысатын болды. Шынайы махаббат Орынша екеуінде болған секілді, – деп қағытты.

Бұл сөз Керімбаланың жүрегіне ауыр тиді. Әзілге қанша бұрғанымен ішінде қызғаныш оты қылтия кетті. Ақыры не керек, сан жылғы қызғаныш Керімбаланың түбіне жетті. Орыншаның қырқы болатын күні құсалықтан жан тапсырды. Керімбала да мылқау кемпірдің соңынан мәңгілік сапарға аттанды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды