ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ 8 НАУРЫЗҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 06.03.2022
Оқылды: 1611
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шарада сөз алған облыс басшысы мерекелік көңіл-күймен жиналған әйелдер қауымын 8 наурыз мейрамымен құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір қазақстандық отбасына, ана мен баланы қорғау мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын айтты.

- Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз әйелдерді экономикалық және саяси қолдау бағытында айтарлықтай жетістікке  қол жеткізді.  Яғни, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда; отбасының балалы болуын қолдау мақсатында арнайы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды; әйелдердің еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстардың тізімі заңды түрде жойылды; әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімдерге 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл әйелдердің Парламентте және мәслихаттардағы өкілдігін ұлғайтуға мүмкіндік берді, - деген Қанат Алдабергенұлы Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағанын, бұл ретте ана мен баланы әлеуметтік қорғау шаралары тұтас халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отырғанын жеткізді.

Әкім өз сөзінде қазіргі қоғамда әйел тек отбасында ғана емес, мемлекеттік және саяси мәселелерге де белсене араласып жатқанын, олар әртүрлі салада, атап айтқанда, мемлекеттік қызметте, бизнесте, білім мен медицинада және әлеуметтік салада жемісті еңбек ететінін тілге тиек етті.

Салтанатты жиында Жетісудың елге белгілі анасы, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, танымал өнер иесі, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Алмахан Кенжебекова, сондай-ақ, немересі Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде әскери қызметін атқару кезінде батылдық пен Отанға адалдық үлгісін көрсеткен Ұлан Мырзабайдың әжесі Шынар Бестаева, Сарқан ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының химия-биология пәнінің мұғалімі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ұлағатты ұстаз Татьяна Станкевич сөз сөйлеп, мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.

Қанат Бозымбаев өнегелі әженің сөзінен кейін: "Мен Ұланның анасынан ерте айырылғанын білемін, оны 5 жастан бастап өзіңіз өсірдіңіз.  Оған жақсы білім, лайықты тәрбие бердіңіз. Сіз өзіңіздің немереңізбен мақтана аласыз. Ұлан сияқты жастармен біздің елімізге еш қауіп төнбейтініне сенемін", - деп өз пікірін айтты.

Шараның келесі бөлігі "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алған аналарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Алакөл ауданынан Анар Түстікбаева, Текеліден Раушан Беделбаева, Ұйғыр ауданынан Индира Османова, Панфилов ауданынан Айнұр Қыстақбаева, Талғар ауданынан Ардақ Әбдіқожаева алтын-күмістен алқа тағынып, Президенттің құттықтау хаты табыс етілді. Сондай-ақ, ел дамуына, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген әр саланың нәзік жандарына облыс әкімінің атынан сыйлықтар табысталды.

Салтанатты жиында белгілі демеуші, облысқа танымал жомарт жүрек азамат Ерік Айдарбаев пен "Харекет" қайырымдылық қорының атынан барлығы 12 отбасына баспана кілті берілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы