МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕЛ ІШІНДЕГІ САПАРЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАП, СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 1390
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздіктің отыз жылдық бедерлі бетін тарих тізбегіне тоғытқан уақытта биліктің саяси құрылымына бірқатар өзгерістер еніп, Үкімет құрамы жаңадан жасақталды. Оның түпкі мәнін «Қаңтар қасіреті» деген атпен шежіремізге шегенделіп қалар оқиға айшықтады. Өткен кезеңде орын алған олқылықтың кесірінен небір кемшіліктер көз алдыда көлбеңдеді. Жағдайды жақсарту мақсатында ел Президенті батыл іс-әрекеттер жасап, өткір шешімдер қабылдады. Осы орайда ел мұңын тыңдап, жұрттың пікіріне құлақ асу үшін туған жері Жетісу өлкесіне іссапармен арнайы ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

–  Мақпал Мазаққызы, бұл жолғы іссапарыңыздың мақсаты жайлы әңгіме өрбітсек. Ресми сапарыңызды қай өңірден бастадыңыз? Халық тарапынан қандай мәселе көтерілді? Қандай ұсыныстар айтылды?

– Бұл іссапарда әріптестеріміз республиканың әр аймағына бағыт алды. Алматы облысынан сайланған бес депутат өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып шықтық. Мен төрт аудан, бір қалаға жауапты болдым. Жұмысымды Қапшағай қаласынан бастадым. Қаланың өзінде ғана емес, Шеңгелді, Сарыбұлақ, Қосқұдық сынды елді мекендерге де ат басын тіреп, елдің жай-күйімен таныстым. Қапшағайдан кейін Балқаш, Райымбек өңірлеріне бардым. Нарынқол сапарын бір күнге сыйғызу мүмкін емес. Қарасаз, Қайнар, Нарынқол сынды бірқатар елді мекендерді қамтуға тырысып, одан келе Кербұлақ ауданына, ондағы бірнеше ауылда болдық. Күні кеше Ескелді ауданында болып, Қоңыр, Көктал ауылдарындағы ағайынмен кездестім.

Сапар барысында аудан орталықтарында көптеген кездесулер өткіздік. Тұрғындар тарапынан түскен сауалдардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына бағытталды. Жер дауына қатысты дүниелер де бар. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында туындап жатқан өзекті мәселелерді және көптеген дауларды шешу үшін Үкіметке «Қысқа мерзімде заң жобасын дайындаңдар» деп тапсырма берді. Оның бірі – ұжымдастыру. Негізінен, кооперативтер құру қазақ халқының басынан өткен жағдаят. Кейбір ауылдардың негізгі сүрлеуі кооператив бағытымен өркендеп тұрғанымен жалпы халықтың бұған бәлендей сезікпен қарап отырғаны де көпке мәлім.

Сапарымыздың алдында өткен жиында бұл заң тағы да қаралған болатын. Бірнеше комитеттен жиналған депутаттар түрлі сауалдарымызды қойдық. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, қысқа мерзімде дайындалған заң жобасы әлі шикі екенін көріп отырмыз. Біз де ол жағын айтып жатырмыз. Ауылдағы қарапайым тұрғындар бұл заңға қалай қарайды, жете түсінді ме деген сауалдар маңызды. Бұл халықпен бірге талқыланып, қаралуы тиіс дүние екенін талап еттік. Сол тараптан алғанда әлі де талқылау жүріп жатыр.

– Бұдан өзге қандай мәселелерді, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды ерекше назарға алдыңыз? Қай мәселені депутаттық сауал ретінде жолдаймын деп ниеттеніп отырсыз?

– Қапшағай су қоймасының деңгейі жылдан-жылға төмендеп барады. Былтырғы сапарымда мұның мән-жайына жіті мән беріп, жауапты адамдармен пікірлескен болатынмын. Сонымен қатар, арнайы комиссия құрыңыздар, зерттеп-зерделеп, мән-жайын анықтаңыздар деп те тапсырма бергенмін. Жауапты адамдар арнайы комиссия құрып, Қапшағай су қоймасы алабын дронмен түсіріп, мән-жайды жіті зерттеді. Қытай тарапымен (Іле өзенінің бастауы Қытай елінде) сөйлескен кезде мәселені өздеріңнен іздеңдер деген екен. Қапшағай қаласының әкімі маған бұл мәселенің түп-төркінін баяндап берді.

Нақтырақ айтатын болсақ, бұрындары кеме қатынасы болған кезде Іле өзенінің ҚХР шегарасына дейінгі арнасы тұрақты түрде тазаланып тұратын. Кейінгі 20 жылда бұл орайдағы жұмыстар атқарылмай, өзеннің су қоймасына құяр тұсындағы арнасы қайырланып қалғандықтан өзен табиғи арнасын өзгерте бастаған. Сөйтіп, Алтынемел ұлттық паркінің аумағында жаңадан көлдер пайда болып, су қоймасына онсыз да аз мөлшерде келіп жатқан судың бір бөлігі бұл күнде құмға сіңіп жатыр. Міне, осының кесірінен көршілес аудандарда су тапшылығы мәселесі туындап отыр. Осыны республикалық деңгейде көтеруді қолға алып жатырмын.

– Райымбек ауданындағы Қызылшекара мен Қостөбе қосылып, өз алдына ауылдық округ болсақ деген арман-тілегін айтып келеді. Әлеуметтік желіде бір тұрғын сізден осы мәселеге назар аударуыңызды сұрапты.

– Сүйіндік Серік есімді бауырымыз парақшасына белгілепті. Негізінен бұл мәселемен бұрыннан таныспын. Облыс басшылығы, мәслихат та бұл жайтты жақсы біледі. Өйткені, біздің алдымызда ғана бұл мәселе егжей-тегжейлі қарастырылыпты. Елдің игілігі жолында ұсынылған тілектерге көзқарасым қашанда дұрыс. Негізі бұл үлкен идеология. Ары бармай-ақ, жалқы мысал келтірсек Бердібек Соқпақбаевтың ауылы ғой. Екіншіден, экономикалық дамуға да үлкен жол ашылатын еді. Бұған облыс басшылығы жете мән беруі керек.

– Сіз мүше болаған комитет шеше алатын, айналысатын мәселелер бойынша халық тарапынан сұрақтар болды ма?

– Иә, білім саласына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Бұл сапарымда білім саласындағы қызметкерлер мен ауыл мұғалімдері, директорлардың басын қосып, үлкен жиын өткіздім. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмыз десек те әлі күнге дейін даулы мәселелер туындап жатады. Өйткені, біз білім саласындағы кейбір құндылықтарды ескермей жүрміз. Әлем бойынша ортақ стандартпен оқимыз дедік те халықтың өзіне тән руханияты, ұлттық құндылықтары, географиясы, тарихы, халықтық педагогикасы барын естен шығарып алдық.

Кездесуде білім саласына қатысты сауалдар да осы бағытта қойылды. Мәселен, бір сыныпқа 5-6 оқулықты қолданып сабақ өтудің тиімділігі бар ма? Бір пән бойынша әртүрлі баспадан шыққан оқулықтарды қатар оқытқанда не ұтамыз? Осы сарындағы сауалдар жолданды. Мен, бастабында бүгінгі заман талабына сай жан-жақты білім алып, толысып шығу үшін бұл оқулықтардың пайдасы көп деп ойлағаныммен, артынан ойланып қалдым. Бірін-бірі қайталамайтын, мазмұндары әркелкі оқулықтар оқушыны шатастырмай ма деген ойға жығылдым. Бұл мәселені зерттеймін деп өзіме түртіп алдым.

Білім саласы бойынша кейбір елді мекендердегі оқу орындарында материалдық базасында жетіспеушілік бар. Қала мен ауылдың мектебін салыстыра алмайсыз. Кезіндегі мектептердің материалдық базасы діңгегі мықты, сапасы күшті еді. Қазіргі таңда оқушыға заман талабына сай білім беру үшін тақта, бор мен оқулық аздық етеді. Оларға арнайы кабинеттер керек. Кейбір мектептерде химия, физика, биология пәніне арналған лабораториялық кабинеттер жоқ.

Бүгінгі таңда оқушылардың  сұранысы басқа. Кезінде мен француз тілін оқыдым. Құлаққаппен тыңдайтынбыз, ерекше әсер ететін. Білімді сіңіруге көмектеседі. Бүгінгі заманның баласына ол керек нәрсе, ал ауылдың мектептерінде заман ағымына икемделіп жасалынған түрлі тәжірибелік дүниелер жетіспейді. Сондықтан ауыл мектептерінің материалдық базсын жаңғырту күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі екені анық.

– Өзіңіз мүшесі болған әлеуметтік мәдени даму комитеті былтыр 12 негізгі заң жобасын қарады. Солардың ішінде үш бірдей заң жобасына депутаттар бастамашы болған еді. Арасында сіз көтерген мәселелер болды ма?

– Мен Елордаға бара салып көпбалалы, соның ішінде мүгедек балалары бар аналардың жиындарына қатыстым. Өздеріңіз күнделікті көріп отырсыздар, бұл аналар митингке өте көп шығады.  Мұқтаждықтың салдарынан қоғамға нарзы болып алған. Оның мәні мен мазмұны да тереңде жатыр. Ең бір өкініштісі – бізде бұл үйреншікті көрініске айналып кеткен секілді. Аналар келеді, сағаттап күтеді. Шағымдарын қинала жүріп жеткізеді. Біреулері әлеуметтік теңсіздікті, жағдайдың нашарлығын, баспана мәселесін алға тартып, несиенің пайызын өтеуге жағдайлары келмейтініне шағынады. Енді бір топтың дәрі-дәрмекке ақшасы жоқ. Мемлекеттен берілетін дәрілер балаларына көкмектеспейтін көрінеді. Кейбір жағдайы өте ауыр балалар шетелдің дәрілеріне мұқтаж. Мемлекет ол дәрілердің өзін емес, тек соған ұқсас дәрі-дәрмектерді ғана елге алып келеді.

Осындай әлеуметтік мәселелерді шешетін инклюзивті қоғам құруға бағытталған екі заң жобасы қабылданды. Оның бірі инклюизифті білім беру болса, екіншісі жекелеген санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. Оған қоса мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша заң жобасын қолға алып жатырмыз.

Біз осының бәрін ескере келе комтетіміздің 5 жылдық жоспарына мүгедектік баласы бар отбасына грант бөлу мәселесін енгіздік. Өйткені өмірдің сынағын көріп, кемтар баланың күйігін татып отырған отбасындағы жас жеткіншектің жоғары білім алуына жол ашуымыз керек. Мұны жергілікті уәкілетті органдар шешсін, жауапкершілігіне алсын дедік. Бұл мәселе ұзақ талқыланып, ақырында оң шешімін тапты. Министрліктер тарапынан біраз талқылаудан өткеннен кейін жүзеге асқан жобаның арқасында бүгінгі күні республика бойынша 1300-ге тарта балаға тегін оқу гранты берілді. Үйдегі бір сау бала жоғары білім алып, біліктілігі толысқанда отбасына қарайласады. Шаңырағын алға сүйрейді. Біз ақша беріп, материалдық жағынан қамтамасыз етіп адамды байыта алмаймыз. Адамның білім көкжиегін кеңейтудің мәні материалдық көмектен де құнды, баянды емес пе?

– Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына көркем аударма мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадыңыз. Қазақ әдебиетіндегі үздік шығармаларды әлем тілдеріне аудару көптен бері өріс алмай келе жатқан дүние. Үкімет тарапынан осы бір мәселені шешуге байланысты нақты бір қадамдар жасалып жатыр ма?

– Мәжіліске көтеретін мәселені зерделеп, үлкен дайындықпен барған едім. Руханияттың жүгін көтеріп жүргеннен кейін көркем аудармаға мән бердім. Бұл бағытта Кеңес дәуірі кезінде өте жүйелі жұмыс жасалған. Бұрынғы классиктеріміздің аударған шығармалары қандай керемет еді?! Қазір біз дәл сондай көркемдік деңгейде шығарманы аудара алмаймыз. Алшақтық бүгінгімен салыстырғанда, жер мен көктей. Ол кезде тұлғалар Мәскеудегі Әдебиет институтына арнайы барып оқитын. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ағамыздың өзі оқып келді. Дантенің «Құдіретті комедиясын» қалай аударды?! Ал енді біздің аудармашылардың БҰҰ алты тіліне аударған кітаптары туралы біраз сындар айтылғаны көпке мәлім.

Мен сол кезде көптеген ақын-жазушыларымен сөйлесіп, қазіргі аударма үрдісі жайлы ақпар алдым. Сол кезде өзімді таңғалдырған бір ғана тәжірибе жайлы айтып өтейін. Ұйымдастырушылармен қосып санағанда 400-ге тарта аудармашы, ақын-жазушы бетпе-бет отырып, әр сөзді талдап отырып шығарманы тәржімалапты. Бұл уақытты өлтіретін процесс әрі тиімсіз дүние екенін ескеруіміз керек. Сонымен қатар, қазақтың ғажайып шығармалары шет тіліне өз деңгейінде аударылып жатқан жоқ.

Әдебиетіміз соғұрлым бай десек те, оны тіл білмегендіктен жарқыратып көрсете алмай жатырмыз. Сондықтан сөз майын ішкен ақын-жазушыларға мүмкіндік беріп, Еуропаға барып оқып келуіне жол ашуымыз керек. Тілді терең меңгеріп, білімін жетілдіріп келген азаматтар әдебиеттің әлемдік аренаға шығуына сонда барып еркін күш салады емес пе? Сондай-ақ, әлем әдебиеті жауһарларын да орыс тіліне қарайламай-ақ, түпнұсқадан аудару үрдісі де сонда қарқын алары сөзсіз. Мен мәселенің осы жағын көтердім. Салыстырып қараңыздар, қаламгерлерге жол ашыңыздар деген ойды ортаға салдым.

Жалпы, әдебиетті пән ретінде ғана оқытудың өзі қателік. Әдебиет – ұлттың жаны. Идеология саласында орын алған үлкен кемшіліктердің негізгі себебі де осында жатыр. Әдебиет идеология құралына айналуы керек. Әдебиетке көңіл бөлінбей, идеологиямыздың ақсағаны ақсаған. Ақын-жазушыларға жақсы жағдай жасау керек. Қазіргі таңда қаламгерлерге тиімді көңіл бөлініп отырған жоқ. Үкімет тарапынан азды-көпті көрсетіліп жатқан көмектер бар шығар. Бірақ бұрынғыдай емес. Осы секілді көптеген түйткілді мәселеге мән беріп, ең алдымен, ұлттық рухын көтеретін, руханиятын айшықтайтын салаларға баса мән беруіміз керек.

– Журналистика саласында, нақтырақ айтсақ, ғасырдан астам тарихы бар «Жетісу» газетінде біраз жыл еңбек еттіңіз. Бұрынғы әріптестеріңіздің қадірін, қоғамдағы орнын жақсы білесіз. Парламент мінберінде журналистердің қаламақысына қатысты әңгіме айтылды.

– Газет-журнал басылымдарында кезінде авторларға қаламақы төленетіні баршаға белгілі дүние. Сол қаламақы мәселесін қайтадан көтергеніміз рас. Шынымен де журналистердің қоғамда арқалап жүрген жүгі ауыр, еңбектері ерен. Бүгінде қаламақы төлеу мүлдем тоқтатылды деуге толық негіз бар. Парламент мінберінде Мейрамбек Төлепберген ағамыз бұл мәселені көтерді. Жанарбек Әшімжан, Дархан Мыңбай сынды журналистика қазанында шыңдалған азаматтармен бірге бұл мәселені талқыға салғанымыз рас. Бүгінде билік пен бұқараның арасында алтын көпір міндетін атқарып жүрген жандардың алатын айлықтары да мардымсыз. Әр адам маңдай терінің өтеуін лайықты алғаны жөн. Біз бұл тұрғыдағы  ұсынысымызға жауап күтіп жүрміз.

Бүгінде журналистердің мәртебесін, қоғамдағы орнын айыра алмай қалдық. Бұл жерде мен кейбір блогерлер жайлы айтайын деп отырмын. Олар көп ретте көпшілікке дәйексіз ақпараттар жеткізіп, тек рейтинг үшін ғана жұмыс істейді. Шынайы мәлімет болмаған жерде халық адасады. Журналистиканың дамыту үшін оларға да заңды мәртебе берілуі керек.

– Халық сізді баяғыдан ақын ретінде жақсы таниды. Көпшілік шығармашылығыңызды сағынған да болар. Қазіргі таңда шығармашылықтан алыстап қалған жоқсыз ба?

– Бұл жағына мейлінше кең тоқталғым келгенімен, сауалыңыздың орынды екенін ғана құптағым келеді. Халық қалаулысы ретінде атқаратын іс өте көп. Танысатын заңнамалардың өзі жеткілікті. Осындай шақта шығармашылықтың екінші, үшінші орынға ысырылып қалып бара жатқанын ойлап қынжылып қалатыным да жасырын емес. Дегенмен, оқырмандарым жиі іздеп отырады. Әлеуметтік желіде ашық болғандықтан парақшама кез-келген адам кіріп, ондағы ақпарлармен таныса алады. Бүгінде халық болып саясатпен айналысып кеткендіктен бе, парақшаға өлең жүктесең, әп-сәтте адам жанын ауыртатын теріс пікірлер жазылады.

Пікірлерді оқып, еріксіз ауырып қаласың. «Мәселені шешпей неге өлең жазып отырсың?» деген комментарийлар да болады. Қазір "Фейсбукке" көп өлең жүктемеймін. Ара-тұра болмаса. Мәселен, Тәуелсіздікке 30 жыл толғанда өлеңбаянымды ұсындым. Айналамдағы оқыған-тоқыған білімді жастармен, зиялы азаматтармен бірігіп, «Аманат» туындысын түсірдік. Бұл – Алаш арыстарының аманаты. Мұны мен ақын қыздарының еліне арнаған жүрекжарды үні деп айшықтар едім.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы