ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАҒЫ БІР АҚЫН ҚЫЗДЫҢ ЖЫР ЖИНАҒЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 12.03.2022
Оқылды: 1279
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиетінің қазыналы қамбасына тағы бір олжа келіп қосылды. Өмірін жырмен нұрландырып, кеудесінде бүлкілдеген алау сезімнің сан сәулесінен түрленген тіркестер теріп өлең атты бекзат өнер туындасына теліп жүрген Гүлнәр Демеуованың «Таңғы арай» атты алғашқы жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Тіл сарайында өрнек тапқан шараға зиялы қауым өкілдері мен әдебиетсүйер қауым қатысып, қарлығаш қанат туындының оқырманға жол тартуына тілек білдірді.

Өмірді мейлінше қарапайым жырлаған шайырдың рухани кешінде облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанәділов тұсаукесер рәсімін салтанатпен өткерді.

– Дүниенің көркемдігі мен тазалығын, сезімнің мөлдірлігі мен тұнығын өмірінің өлшемі еткен ақындардың жүрегін тулатқан жырдан қазыналы, қымбат дүние бола қоймас?! Тірлікте салиқалы ғұмыр кешіп, тағдырдың сынағына тап болса да төзімін қалқан, сабырын сауыт етіп берекелі де мерекелі базарлы күнге тән қыздырып, өлең атты ұлы өріске еркін ат шалдырып жүрген қазақтың ақын қызы Гүлнәр Тұрсынбайқызының тұмадай тұнық жырлары кімді де болса елітіп, елжіретпей қоймасы да анық. Мен де осынау кітапты парақтап отырып көңілім толқыды. Арғы түбінен тектілік үзілмеген әулеттің қызы ақын болып, сөз ұстап, осындай жыр маржанын бізге ұсынып отыруының өзін заңдылық деп білемін, – деп Ермек Әбілмажінұлы рухани шараның алғашқы сөзін толғаммен бастады.

Өз кезегінде сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов ақынға деген жүрекжарды лебізін арнап, аталмыш кітаптан жалынды жыр келтіріп, оқырманға жол тартқан поэзия жинағының ғұмырлы болуын тіледі. Сондай-ақ, қазақы дәстүрмен ақынның иығына жаулық жапты.

«Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қалыптастырған қағидамен жыр саптаған Гүлнәр Демеуованың жан әлемін айшықтап, жырларының көркем тұстарына тоқталған айбоз ақын Әміре Әрін, руханият әлеміндегі қарындасының тырнақалды туындылары бірнеше жыл бұрын қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Jetisy» газетінде жарияланғанын атап өтті. Ғасырдан астам тарихи сүрдегі бар басылым қашанда елін жырлап, ұлттық құндылықтарын асқақтатар азаматтарға қолдау білдіріп келе жатқан ата басылым екенін жеткізді. Сонымен қатар, бір өлеңін оқып отырып, қара-пайым ғана жолдардан ақынның көңіл көзін, жүрек сөзін талдап, ерекше саралап өтті.

Шара барысында кітап авторының ұстаздық жолының алғашқы жылдарынан Жамал Қасымбекқызы тебірене естелік айтса, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Дайранқызы ақ тілегін арнап, алдағы уақытта ақынмен сұхбаттасып, шығармашылығын насихаттайтынын айтты. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, профессор Мұратбек Иманғазинов ақын жырларына әдеби талдау жасап, сонау антика әдебиетінен тамыр тартқан қазақ пәлсапаларының, дүниетанымының тереңдігіне, кемелдігіне сай көркем туындылар «Таңғы арай» кітабында кездесетіндігін айшықтады. Есімі Алашқа танылған Жетісу жерінің арқалы ақын қызы Сағыныш Намазшамова ақын атты жаратылыс әлемінің алуан сырлары туралы толғанса, Қазақстанның Құрметті журналисі Мейрам Жанәділов ағалық ілтипатын арнады.

ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Жұматай Оспан­ұлы жүргізіп, көрігін қыздырған рухани шарада Гүлнар ақынның сөзіне жазылған жерлесіміз, танымал сазгер Жанар Қожағазинаның  «Балапаным – байлығым» әнін танымал әнші Тахмина Әшімбекова, «Туған үйім – жұмағым» әнін Ескелді аудандық Мәдениет үйінің әншісі Ғалия Шахарбаева, «Әз-Наурыз» әнін ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Әбенова әуелетсе, Данияр Арапов әнін жазған «Тәуелсіздік айбарым» туындысын Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әнші жігіттері асқақтата орындады. Талдықорған қаласындағы  №15 орта мектебінің оқушылары ақын жырларын мәнерлеп оқыған осынау рухани шараның соңында кітап авторы сөз алып, қуанышына ортақтасып келген зиялы қауым өкілдеріне, көпшілікке деген алғысын жеткізді.

АСЫЛ СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы