АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛ ҒЫЛЫМЫНАН БӨЛЕК, МУЗЫКАНЫ ДА ТЕРЕҢ МЕҢГЕРГЕН

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1614
Бөлім: РУХАНИЯТ

Басынан сан қилы заман өткен халқымыздың тарихында шешуші рөл атқарған тұлғалар есімі жетерлік. Сондай ұлылардың бірі және бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. ХХ ғасырдың басында қазақ елінің қоғамдық-саяси, мәдени, әбеди, ғылыми өміріне белсене араласып, өнімді еңбек еткен Ахметтің мұрасы тәуелсіздікпен бірге туған елімен қайта табысты. Қайраткер соқтықпалы-соқпақты жолдан өтіп, сол заманғы биліктің талай қудалауына ұшыраса да, «қайткенде қазақтың көзін ашып, сауаттандырамын» деген түпкі мақсатынан айнымады.

Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, бір басына жүз мамандық берілген тағылымды тұлға өмірі қай-қайсысымызды болсын бей-жай қалдырмасы анық. Десе де, болашақ филолог, ұрпақ тәрбиелейтін ұстаз ретінде Ахмет Байтұрсынұлының осы бір  мұғалімдік, ағартушылық  жолындағы еңбегіне аңсарым ерекше  ауды.

Ол бұл жолды өзінің азаматтық міндеті, дүниетанымының негізі деп санаған. Бұл ұлттық сананы көтерудің, өз сөзімен айтсақ, қазақты «өзге жұрттар өрге қадам басқанда қатарынан қалыспайтын» халық етіп ілгері бастырудың алғашқы арнасы оқу-ағарту деп білді.

Бұл ұстаным әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған емес. Қазақтың қалың бұқарасының сауатсыз қараңғылығы рухани дамуының бірден-бір кедергісі екенін бейнелі тілмен, қазақтың намысын жани: «Надандық, өнеріміздің ата жолдасымыз болған соң, олжалы жерде үлестен қағылатынымыз, ордалы жерде орыннан қағылатынымыз, жоталы жерде жолдан қағылатынымыз - бәрі надандық кесапаты», - деп ашып айтты.

Ағартушылықты насихаттаған өзге қайраткерлерден Ахмет Байтұрсынұлының басты ерекшілігі – ол өнер-білімге шақырумен қатар нақты іске көшті. Ұлттық болмыстағы оқулықтар жазу мақсатында төл әліпбиімізді түрледі. Газет ісін қолға алып, қазақ даласына өркениетке ұмтылудың қажеттілігін көрсетті. Оқу-ағарту мәселесін талай мәрте  көтеріп, соны жолдар ұсынды әрі тұтынды. Ұлттық мектеп ашып, бала оқытты.

Міне, бұл – Ахмет Байтұрсынұлының нағыз азаматтық келбетін көрсететін әрі ұрпаққа өнеге болар нақты іс-әрекеттері. Ал, ол бұл сүрлеу – қаншама азап пен тозақ арқылы келгені баршамызға бұл күні тарих деректерінен мәлім. Артында қалған ұрпағына қаншама құнды мұра қалдырғаны көңілге медет. Біздерге, болашақ мұғалімдерге ұлт ұстазының өнегелі жолы қашанда үлгі. Ахмет мұрасын насихаттау – біздің парыз.

Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің ұшан-теңіз екенін «Тіл - құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өндірістік тәжірибеден өту барысында жете түсіндік. Тәжірибе барысында тың мәліметтер мен соны ақпараттарға қанық болдық. Соның бірі – Ахметтің музыкалық қабілетінің ерекше болғандығы. Ол домбыра, қобыз, қылқобыз, күйсандық аспаптарында еркін ойнай білген. Александр Затаевичке қазақ әндерін нотаға түсіру үшін домбырада шебер ойнап бергендігі, бұл жөніндегі деректі зерттеушінің «Қазақ халқының мың әні» жинағынан кездестіруге болады.

Түсінгеніміз, әмбебап тұлға Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын ден қойып оқып, шығармашылығына тереңдеген сайын алып тұлғаның даралығы мен даналығына тәнті болатындығымыз. Ең бастысы, ұлт ұстазы қалыптастырған ұлттық болмысымызды саф қалпында сақтауға әрі дамытуға бүгінгі жастар, біздің, перзенттік парызымыз екенін ұқтық.

Бізді қуантқаны, университетіміз бен орталықтың жастар біліктілігін арттыруда бірлескен өндірістік тәжірибе алаңқайын жасақтап, жағдай жасауы. Ел келешегі - жастарға сенім артқаны үшін "Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы" кафедрасындағы оқытушыларға, профессорлық құрамға, ғылыми-зерттеу орталығына алғысымыз зор.

Қымбат САТЫБАЛДИНА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

Ғылыми кеңесшісі:

Райхан ИМАХАНБЕТ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы