ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ТАЛДЫҚОРҒАН ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 18.03.2022
Оқылды: 1352
Бөлім: РУХАНИЯТ

Журналистер үйінде Талдықорған қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Әсет Масабаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, еркін пікір алмасты. Шаһардың жай-күйі, әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен идеология, әдебиет пен мәдениет сынды сан сала бойынша туындаған сауалдарға жауап қатып, «төртінші билік» өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Басқосудың тізгінін алған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әміре Әрін алқалы жиынның мән-маңызына тоқталып, шаһар әкімінің келген қадамына құтты болсын айтты. Айбоз ақынның жалынды сөзінен кейін шаһар әкімі Әсет Дүйсебекұлы:

– Наурыздың алғашқы аптасында қалаға әкім болып тағайындалғаным өздеріңізге белгілі. Бүгінге дейін тотыдай түрленген қаланың жай-күйімен танысу үстіндемін. Кейбір мәселелер бойынша туындаған сауалдарыңызға сәуір айында толыққанды жауап беретін боламын. Ал бүгінге дейін танысып үлгерген дүниелерді ашып айтып, қордалы дүниелерді бірлесе қолға алсақ игі болар еді, – деп атап өтті.

Кездесу барысында тұрғын үй мәселесі, қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы, мәдениет пен әдебиет, саяжайлар ахуалы, қоғамдық көлік қатынасы, идеология, жастар тәрбиесі, жұмыспен қамту, қаланы аббаттандыру, тазалық тақырыбында бірқатар мәселе талқыланды.

Өңірлік БАҚ өкілдері көтерген мәселелерге зер салған шаһар әкімі өз кезегінде:

– Бұған дейін қалада ауқымды жұмыстар атқарылды. Білікті басшылардың бұған дейін жасап кеткен жұмыстарын жоққа шығара алмаймыз. Менің ендігі мақсатым – сол жұмыстарды әрмен қарай жалғастырып, халықтың ұсыныс-тілектерін ескере отырып жетілдіру, ел игілігі жолында еңбек ету, – деп атап өтті.

Жиын барысында «Талдықорған» газетінің тыныс-тіршілігі де қозғалып, қазіргі қиындықтар тікелей қала әкімінің бақылауында екендігі айтылды. Сонымен қатар, әдебиет пен мәдениет салалары бойынша Талдықорған қалалық әкімдігі тарапынан рухани шаралар жиі ұйымдастырылмайтынын айтқан журналистер көрнекі орындарға қажетсіз жарнамаларды қойғанша, ұлы топырақта түлеген Жұматай Жақыпбаев, Сайын Мұратбеков, Мұқағали сынды марқасқалардың суреті ілінсе деген ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, аталмыш газет бас редакторының орынбасары Забира Сайдилдина, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, «Жетісу» теле-радио компаниясының директоры Серік Сарыбаев, «Жанр» әдеби бірлестігінің президенті Есболат Айдабосын сынды бірқатар азамат пікір білдірді. «Журналист қоғамның жауы емес. Шенеуніктер айтылған сынға түсіністікпен қарауы керек. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс атқару  қажет», – деген тілшілер қауымы қордаланған мәселелерді бірлесе шешуде, ақпарат беруде, халықтың мұң-мұқтажын тиісті мекемелерге жеткізуде аянбай еңбек етуге дайын екендігін айтты.

Кездесу соңында айбоз ақын Әміре Әрін ақ бата беріп, ел игілігі үшін атқарылар іс жолында сәт-сапар тіледі.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы