БАСПАСӨЗГЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ПЕН ЕРКІНДІК КЕРЕК. ОНЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 18.03.2022
Оқылды: 1376
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел ішінде бұл күндері «Наурыз реформасы», «Жаңа Қазақстанның жаңарған келбеті» атанып үлгерген Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру туралы да айтылды.

Алдымен Прези­дент­тің мы­на сөзіне көңіл бөлейік: «Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары бәсекеге қабі­лет­ті және еркін болуы кер­ек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша ма­ңыз­ды. Отандық ақпа­рат құрал­дарының Қазақ­станда, өңірде және әлемде бол­ып жатқан үдерістер ту­ра­лы өз көз­қарасы болуға тиіс».

БАҚ бәсекеге қабілет­ті болуы үшін не керек? Әри­не, еркіндік керек. Ер­кіндік дегеніміз не? Ер­кіндік еріккеннің ер­мегі емес. Еркіндік – мә­дениет, еркіндік – жауап­кершілік. Еркіндік – ел­дегі заңды сыйлау, құр­меттеу. Мемлекеттің тұ­тас­тығын сақтау мен ақ­параттық қауіпсіздік те еркіндіктің үлесіндегі мін­деттердің бірі.

Біз көп ретте еркіндіктің осындай ұғым аясындағы қызметі мен талаптарын ұмыт қал­дырып жатамыз. Қазір Еу­ропа жұрты оқырман ауди­ториясын молынан қам­тып, кәкір-шүкірді сөз қыла беретін блогерлердің әлеу­меттік желілердегі парақ­шаларын ысырып қой­ып, дәстүрлі БАҚ-тың ақпаратына қайтадан жү­­гінуде.

Аз-кем уақыт­тан кей­ін біз де бұл үрдіске ора­ламыз. Алай­да менің бұл сөзім қаз­ақ қоғамында бел­сен­ділік көрсетіп келе жат­қан азаматтық жур­налистиканың аяғына тұ­сау салу немесе олар­дың ой­лары мен жаз­ғандарына мүл­де сенбеу керек де­ген­ді білдірмейді. Мен дәстүрлі БАҚ-тың коммуникациялық техно­логияларды пайдалана оты­рып, ілгерілеуі мен қан­дай тақырыпқа да бол­сын ашық пікірі бар азамат­тық журналистика жағын­дамын. Бұны «бір» деп қойыңыз.

Екіншіден, БАҚ-тың бә­се­­кеге қабілеттілігі оның қар­жылық ахуа­лына да кел­іп тірелетінін екпін түсі­ре айтқанды жөн көре­мін. Бұл ретте амал жоқ, Қазақстандағы ақпараттық ке­ңіс­тікте қатар өмір сүріп жат­са да барикаданың екі жағалауында қалған қаз­ақ баспасөзі мен орыс­тілді газеттердің және ин­тернет-басылымдардың қар­жылық мүмкіндігін са­лыс­тыруға тура келеді.

Сөз­дің турасына көшейік, Қазақстандағы орыстілді газеттер мен интернет-басылымдар – күтімі күшті, асыраушысы мырза «бағымдағы» баспасөз. Мен өзі Ақпарат министрінің деңгейіндегі жиындарға жиі қатысып жүретін адаммын. Сон­дай жиындарда біз­дің орыстілді әріп­тес­теріміздің сұрайтыны тек ақша, содан кейін спирт­ті ішімдіктер мен темекі өнімдерінің жарнамасы. «Осы жарна­маға Үкімет рұқсат етсе жақсы болар еді, спиртті ішім­діктер мен темекі өнім­дерін өндіретін кәсіп­керлер сонда жарна­маларын шетелдік баспа­сөзге бермес еді», – дегенді қай­талаудан танбайды олар.

Бұл нені білдіреді? Бұл біздің әріптестеріміздің мемлекеттік тапсырыс бойынша алатын қыр­уар қаржыны місе тұт­пай, қаржылық құ­ры­­лым­дардан қар­пып отырғанды қалай­тындығын, солардың сойылын соғатындығын білдіреді.

Президент осы жолғы Жолдауында олар­ға: «Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе кө­лең­келі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды», – деп ескертті. Мұны біздің әріптестеріміз ескере ме, жоқ па, оны уақыт көр­сетеді. Ескермейтін болса, «БАҚ туралы» Заңға бұл мәселеге байланысты бап енгізуге тура келеді.

БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі ұжымның шы­ғар­машылық әлеуе­тімен шектелмейді, он­ың жоғарыда біз атап өткендей кілтипандары да бар. Әрине, ақшасы көп, керек десеңіз құпия деректерді ақшаға сатып та алатын мүмкіндігі бар газет пен «шықпа, жаным, шықпамен» отырған газетті ақпарат нарығында бәсекеге салудың өзі ұят. Осыны билік енді мықтап ескеруі керек.

Үшіншіден, БАҚ-қа ақпарат беретін де­рек­­көздері де ашық әрі еркін болуға тиіс. Мәсе­ленки, бір жерде бір ше­тін оқиғаның шеті шы­ғып қалды дейік. Оқи­ғаның мән-жайын бес сау­­сағындай білетін мем­­­лекеттік органның жа­уап­ты қызметкерлері мұн­­дай кезде жақ аш­пай, жоғарыға жал­тақ­­­таумен отырады. Жоға­ры жақ ойланып-тол­ға­нып, «былай ай­тың­­дар» деп, нұсқау жет­­­кіз­генше, қоғамда ұш­қары ақпарат тарап кете­ді. Оның соңы түрлі қауе­сетке ұласып, тіпті, әлеу­меттік толқуларға жал­ғасуы мүмкін.

Демек, де­ректі, нақты, шынайы ақ­параттың шығуына БАҚ қана емес, шенеунік те, мемлекеттік немесе мен­шіктегі мекеме қыз­меткері де мүдделілік та­ны­туы қажет. Бұл ретте баспасөзге ақпарат бе­ру­ші, істің жайын түсін­діруші тұлғаның да құ­қығы, басының азаттығы мен қауіпсіздігі заңда бел­гіленуі керек. Бізде жауапты қызметкер БАҚ-пен байланыстан қашады. Себебі, ол алда-жалда бір сөз айтып қалса, ертең қызметтен қуылуы ықтимал, сенімсіз адам атануы кәдік.

Ендеше, БАҚ-тың еркіндігімен қатар ақпарат көздерінің ашықтығы да аса қаж­ет Батыс елдерінің бас­пасөзі неге еркін? Неге ық­палды? Өйткені, Ба­тыс­та баспасөздің ер­кіндігімен бірге әрбір азаматтың ой мен пікір еркіндігі де мызғымастай болып қалыптасқан. Біз де осындай жағдайға жетуі­міз керек.

Төртіншіден. БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тетік – тіл. Қазақстанда мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын мекемелер мен ұйымдарда ақпа­рат алдымен қазақ ті­лін­де дайындалып, ел­ге алдымен қазақ тілін­де тарауы керек. Шет­елдерден келетін ақ­­па­ратты қоя тұрыңыз, Қазақ­станда қандайда бір мәселеге қатысты сөз бола қалса, алдымен орыс тілінде дайындалады. Шенеунік: «Өздерің ауда­рып алыңдар», - деп орыс­ша сөйлейді.

Мұндай жағ­дайда байғұс қазақ журналисі қайтеді? Ау­да­­рады. Ол алған ақпа­ратын қазақтілді оқыр­манға, аудиторияға арнап ауда­рып отырғанда орыс­тіліндегі ақпарат же­тер жеріне жетіп қояды. БАҚ-қа ресми, бейресми ақпарат берудегі мұндай әділетсіздік пен тең­сіздікке де нүкте қоятын кез келді.

Әзірге қысқа қайы­рып айтарым – осы. БАҚ-қа қатысты пі­кірі­м­­ді орайы келгенде жал­ғастыра түсемін деп ой­лаймын. Неге десеңіз, Жаңа Қазақстанның маз­мұнымен үйлесетін БАҚ та Жаңа болуы керек. Ал оның жаңа тұрпаттағы қыз­меті туралы сөз әлі де ай­тылып, талқылана түсуі тиіс.

Дәурен ҚУАТ,

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы