ТАЛДЫҚОРҒАНДА "ҚАРА ШЕКПЕН" ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ. ЖАҢА ҮН, ТЫҢ БОЯУ

Уақыты: 19.03.2022
Оқылды: 1486
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай заманда да шынайы өнерді жасайтын тынымсыз еңбек пен талант иелері халық тарапынан жоғары бағаланған. Олардың руханиятымызға берері мол. Бұл мақалада өзара бекем байланысқа түскен ансамбль тұтастығы жайлы, Г.Хугаевтің «Қара шекпен» қойылымы туралы аз-кем сөз қозғалмақ.

Режиссер, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының көркемдік жетекшісі Ерлан Кәрібаев «Қара шекпен» қойылымын Жетісу көрермендеріне ұсыну керектігін айтқанда, бірнеше театрда сахналанған туынды деген кереғар пікірлер туған болатын. Алайда қойылымның қанша рет сахналанғаны емес, қалай сахналанғаны маңыздырақ деген көркемдік жетекшінің сөзі театр ұжымының шабытын қамшылағандай көрінді. Режиссер мен шығармашылық құрам қойылымды батыл қадаммен, нық сеніммен бастап кетті.

Режиссура – күрделі кәсіп. Оның ерекше қағидалары жетерлік. Бар құралың қиялың деуге толық негіз бар. Асай-мүсейлерің жүрегіңде, жаныңда. «Режиссерлер әртүрлі болып келеді. Бірі – педагог. Екіншісі тек қана қоюшы, ұйымдастырушы. Енді бірі әмбебап, қайсына болсын, қай жанрға болсын қабілеті бірдей», – деп әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай айтқандай, Ерлан Кәрібаевтың бұған дейінгі қойылымдары арқылы әрі педагог әрі кез келген жанрдағы қойылымды сапалы түрде сахналайтын қабілетті режиссер екенін дәлелдеді.

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрындағы алғашқы қолтаңбасы С.Сарыбайдың «Орақты батыр» тарихи драмасы екені зейінді көрерменге мәлім дүние. Бұл тақырыптық ауқымы тар болғанына қарамастан көрермендердің сүйсініп, рухтанып тамашалайтын қойылымына айналған. Ал «Қара шекпен» әфсанасында өнерпаз қауым да, өнерсүйгіш ел де дүр сілкінді. Көркемдік идеялық деңгейінің биіктігі, кестелі де келісті тілі, сахнаға сән берерлік оралымды ойлары, кейіпкерлерінің кесек мінездері, оқиғалардың әдемі өрбу, даму, өзгеру, алмасу сәттері, барлығы қабыса келе нағыз кәсіби жұмыстың көрінісін байқатты. Жаңа үн, тың бояу. Не десек те, нәтижесі жақсы. Ойға жетелейді, сезімге бөлейді. Оқиғаның біртұтастығы, кейіпкерлер мінезінің айшықтығы, әртістердің өзара даралануы, тұрпат-мүсіні барлығымызды тәнті етті.

Айта кетуіміз керек, талғампаз көрермен қойылымның техникалық тұрғыдағы мінсіздігіне де разы болды. Нақтырақ айтсақ, қойылымның қоюшы-суретшісі Еуразиялық Шығармашылық гильдиясының мүшесі, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет  саласының үздігі Гүлдана Жұрқабаева мен жарық қоюшысы, режиссер Гаухар Адайдың жұмысы сыншылар мен халық тарапынан жоғары бағаланды. Сахнада артық декорация жоқ. Шексіз кеңістік. Киелі қара шекпеннің өзі адам жанын, төбеттің оған деген адалдығы мен көңілінің мөлдірлігін көрсетіп тұрғандай. Кейіпкерлердің портреттік ұқсастығын жасамай, әртістерге жаңаша, заманауи тұрғыда сән беріп, түс пен элементтерді ойнатқан суретшінің жұмысы, сөзсіз, жоғары деңгейде. Ал мұндағы образды декорацияның да, кейіпкердің жан күйзелісі мен шешімдерін де, барлығының рөлін жарық ойнап тұрғандай. Театрдың жарық құрылғыларының мүмкіншілігін жаңаша құбылтып, кәсіби түрде көрсеткен Гаухар Адайдың еңбегі еленерлік.

Драматург жазып, режиссер қойып, суретші сызып береді. Соңындағы бар тауқымет актердің иығына артылады. Өнер – зерде мен түйсіктен нәрленеді. Шеберлік керек, тәжірибе қажет. Алған тақырыбын ақырына жеткізіп, көрерменнің есінде қалар соқталы кейіпкерлер сомдап шығу оңай дүние емес. Десе де бұл қойылымда әртістердің мінез бояулары қанық, пластикалық қабілеттері ширақ. Көкжалдың рөлін сомдаған ҚР Мәдениет саласының үздігі Базарбек Тоқымтаев ағамыздың шеберлігін әр қойылым сайын мойындамай кетпейсің. Алқымнан алатын қаһарлы қыстан, шығармада айтылатын ұлы аштықтан сескенген қауқарсыз көкжалдың образына түгелдей еніп, сахнада өмір сүріп жүрген сынды. Бір сәтке қойылымда отырғаныңды ұмыттырып жібереді.

Екі жарым ғасыр өмір сүрген Қуқар ше? Оның зал ішінен сахнаға енетін сәтіне дейінгі сөзі – қазіргі адам болмысының нақ көрінісі. Абай Нұғмановтың мәтінді жеткізу шеберлігі, дауыс тазалығы мен кейіпкер мінезін толыққанды аша алғанына қарап, еріксіз «қарғасыз қойылым құрдымға кетер еді» деген ойға түсесің. Тіпті, Қосүрейдің рөліндегі Динара Махмет қойылымға жан бітіріп, ерекше динамика қосты.

Тұзар – қойылымдағы басты кейіпкер. Бұл рөлдегі 2 құрам артисттері Шалқар Мүкен мен Мейіржан Нұров бастан-аяқ әр кейіпкермен байланысқа түсіп, жұртшылық ілтипатына бөленді. Көз салсаңыз, бұл қойылымда қосалқы рөл жоқ сынды. Себебі, кейіпкерлердің барлығы ақылға сыйымды, көңілге қонымды сөздері арқылы бір организм сынды жұмыс жасап жүр. Әрқайсысының өз мақсаты бар, бояу нақышы да, екпін ырғағы да, жүріс-тұрысы да, кескін-келбеті де келісті. Әр кейіпкер қазіргі заман шындығын ащы дәмін сездіреді. Көкірек көзі бар көрермен үшін – бұл таптырмайтын рухани азық дерсің.

Театр – өмір айнасы болса, соның айқын дәлелі деп Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында премьерасы өткен Г.Хугаевтің «Қара шекпен» қойылымын айтар едік. Өйткені, бұл қойылым әр адамның көруге, сабақ алуға тиісті туындыларының сапында болуы қажет-ақ.

Әйгерім АЙДЫНБАЕВА,

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Алматы облысы