БҰЛ КҮНДІ ҰЗАҚ КҮТТІК. ЕКІ ЖЫЛ БОЙЫ ТОЙЛАНБАЙ ҚАЛҒАН НАУРЫЗ-ДУМАН

Уақыты: 21.03.2022
Оқылды: 1320
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының тұрғындары үшін "Наурыз-2022" мерекесі несімен есте қалды?

Әппақ қардай киіз үйлер, халық билері, ән шашу, дәмді тағамдар: ыстық бауырсақ пен наурызкөже. Алматы облысының тұрғындары пандемиядан кейін араға екі жыл салып, әз-Наурызды дәл осылай атап өтті.

Бұл күні Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев көптің қуанышын бөлісті.

Қалыптасқан дәстүр бойынша барлық негізгі мерекелік іс-шаралар "Жастар" мәдениет және демалыс саябағында өтті. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік Туының жанындағы алаңда қазақ халқының  салт-дәстүрлерімен танысуға болатын ақшаңқан үйлер тігілді. Жастар би, вокалдық композицияларды орындауда өз таланттарын көрсетті, арнайы тақырыпқа суреттер салды.

Спорттық сайыстар өткізіліп, мерекенің шырайын аша түсті. Әсіресе, түйе көтеру сайысы келген көпті таң қалдырды. Ердің білектісі сынға түскен жарыста Ибрагим Берсанов жеңіске жетті.

Ал "Жастар" саябағының орталық алаңында мерекеге әзірлеген мәдени бағдарлама шарықтау шегіне жетті.

Айта кетейік, бұл күні облыс орталығында 2000 литр наурызкөже таратылды. Бұдан басқа, түрлі қайырымдылық акциялары өткізілді. Мереке күні этноауыл салтанат құрды.

Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген халықтың қарасы қалың болды. Араға екі жыл салып, өткізілген алғашқы думан-тойды тамашалауға келушілердің қуанышында шек жоқ. Солардың бірі - Әлия Кәрімова.

- Біз бұл күнді ұзақ күттік, бүгін немерелеріммен бірге алаңға шығып, наурызкөже ішіп, қазақ дәстүрлерімен танысып, жарыстарға қатыстық, - деді Әлия Кәрімова.

Ел-жұрт асыға күткен әз-Наурыз мерекесі сән-салтанатымен Алматы облысында аталып өтті. Осылайша, ұлыс оң, ақ мол болсын деген ниетпен келген көп тарқасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"