БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ. САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1881
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының соңғы кезде тыныс-тіршілігі жанданып, шығармашылығы дамуда. Оның бірден-бір себебі жаңа ғимарат, іскер жұмысшылар десек, бұл салада қойылымнан кейін көрерменнің қошеметіне бөленіп жататын әртістер мен қоюшы режиссерлерден бөлек, сахна сыртындағы қызметкерлердің де еңбегі орасан. Осы орайда Жетісу өнерінің қара шаңырағы саналған Бикен апа атындағы  драма театрының сахна сыртындағы жұмысшылары туралы сыр шерткіміз келеді.

Театр жұмысының нәтижелі болуы – білікті басшылық пен ұжым мүшелерінің ұтымды ұйымдасқан, жүйелі ұжымдасқан еселі еңбегінің нәтижесі екені анық. «Көреген басшы  – елді өсіреді, күшті майдан – ерді өсіреді» демекші, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Руслан Сеңкебаев театрға келген уақыттан бері өнер ошағы жылдан-жылға өріс алып, заман ағымына сай дамып келеді. Театр ғимаратының техникалық жағдайын қарау, ағымдағы жөндеуден өткізу, инженерлік желілер мен жүйелердің жұмыстарын қадағалау, автотұрақтардың күтімі, электр жүйелері мен қысқы жылыту және маусымдық тазалық жұмыстары, қойылымға келетін көрермендер, театрдың барлық шаруашылық жұмыстары директордың орынбасары жауапкершілігіне жүктелген. Өзіне тапсырылған жауапты қызметті Сырым Өренбаев тындырымпаздығы арқасында мінсіз атқаруда.

Көркем қойылым бөлімінің меңгерушісі театр бөлімдерінің барлығына жауапты адамның бірі. Гримерге грим жетпесе, суретшіге бояу, жиһаздарға реквизит, бутафор мен тігіншіге материал немесе ағаш, тіпті, шеге керек болса да, өз міндетін жоғары деңгейде атқаратын қойылым бөлімінің меңгерушісі Шағантай Әлсеитов өз жауапкершілігін терең сезіне білген азамат.

Спектакльде декорацияларын бояудан бастап қойылымда пайдаланатын ыдыс- аяқты, муляждан жасалған бұйымдарды, тастарды бутафор-декоратор өз қолымен жасайды. Әсіресе ертегі кейіпкерлерінің және батырлардың қатысуымен өтетін қойылымдарға жасалған бас- киімдерге табан ет, маңдай терді төгуге тура келеді. Бұл да әркімнің қолынан келе бермес үлкен өнер. Осындай ерекше қырымен танылған, осы істе өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген көркемдік-бутафорлық цех меңгерушісі Айжан Авкубаева мен суретші декоратор Аслан Досбай білікті мамандар санатында.

Қойылымдардың дұрыс өтуіне, сахна машинистерінің дайындыққа кешікпей келуіне, шымылдықты уақытылы ашылуы мен жабылуына, барлық көркемдік жағына жауапты режиссердің көмекшісі Жадыра Иебекова да жауапкершілігі мол қызықты да қиын жұмысты атқарады. Көрермен тарапынан көп еленбейтін, еңбегі сырт көзге шалына бермейтін, сахнаны бірде күндіз, бірде түнге айналдырып, бір қарасаң найзағай ойнатып, келесі кезекте қызыл-жасыл жарықтармен сахнаны ойнақы көрсету – жарық шеберінің жұмысы. Осы тұрғыдан келгенде өз ісіне тиянақты, жауапкершілікпен қараған жан Азамат Ерденбаевты ерекше атар едік. Әр қойылымға музыка іздеп, оны ерекше талғаммен құрап, сахнаға өңдеп жазатын музыка бөлімінің меңгерушісі Өркен Жаңабеков болса, әртістердің айтатын әнін, дикторлық текстерін дыбыс жазу технигі Арнай Азанбаев жазады. Сонымен бірге, қойылымға дейін де, қойылым кезінде де музыканы уақытылы беріп отыратын радиоцех меңгерушісі Мират Құттыбеков, дыбыс жазу инженері Саят Исимбаевты атамай кетуге негіз жоқ.

Театрдың тігін цехындағы машинкалар бір сәт те тоқтап көрген емес. Өйткені, спектакльде киілетін барлық киімдер осы цехтан сахнаға қарай жол алып жатады. Әр әртістің киетін киімдері режиссер мен суретшінің талабына сай, актерларға қолайлы тігілуі тиіс. Сахнада әдемі көрінетін осы бір киімдердің бәрі Наталья Пасечная басқаратын тігін цехында Бейбітнұр Нұрғалықова, Гүлжан Әбдікәдіровалардың ісмер қолынан шығады. Әр қойылымға ағаштан, темірден дәнекерлеп жасалған темір жолдар, үйлер, баспалдақтар, қылыш-қалқандар сынды бұйымдар ағаш шеберханасының меңгерушісі Салтанат Жұмаділованың қолынан шықса, сахналық киімдерді өз бабында сақтап, әртістерге дайындап ұсыну жағын Ләйлә Ахметжанова артық меңгерген жан. Спектакль күні ғана емес, дайындық кездерінде де Ләйлә көмекші костюмері Қатира Қалиақпарова екеуінің киім цехы мен сахна арасында жүгіріп жүргенін көресіз. Ал, сол киімдерді тазалайтын Салтанат Асқамбаева сынды жібек мінезді әріптесіміз.

Сахнаға шыққан әртістің қолына таққан сағаты, білезігі, саусағына ілген сақинасынан бастап, найза, қылыш, кебеже, сөмке, сандық дейсіз бе, жалпы сол күнгі қойылымға пайдаланатын заттың барлығы да жиһаздардың бөлмесінде. Бір қарағанда көне заманның шағын музейінің көшірмесі іспетті. Осынау заттарды өз орнымен пайдалануға беріп, спектакль біткенде барлығын рет-ретімен жинап, көзінің қарашығындай қарап келе жатқан реквизиторлық цехтың меңгерушісі Ұлжалғас Жұмаділова мен реквизитор Ләйлә Нүсіпованың көзге көрінбейтін еңбектері айтарлықтай.

Қашан көрсең де компьютерден қолдары босамай, театр репертуарының нығая түсуіне барлық қойылымның жарнама өнімдерін дайындап, әлеуметтік желілерге жариялап, артистерді фото мен видеоға түсіріп, театр қорындағы бейне және фото мұрағатты жүргізетін жарнама бойынша менеджер Салтанат Ниязбекова мен суретші-безендіруші Надира Галиева, театр ұйымның бухгалтерлік есебін және қаржылық-шаруашылық қызметін ұйымдастыру, материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының үнемді пайдаланылуын, ұйым теңгеріміндегі мүліктің сақталуын бақылау, есептік-экономикалық бөлімшелердің қызметін қамтамасыз ету, бас бухгалтер Нұргүл Кемербаева, бухгалтер Татьяна Гусенко, экономист Әйгерім Бектемірованың мойнында.

Театр қызметкерлеріне әртүрлі құқықтық мәселелер бойынша жазбаша және ауызша кеңесті жүзеге асыру, заңды құжаттарды құрастыруға құқықтық көмек көрсету, сотта театрдың мүддесі мен құқығын қорғау, келісімшарт жасау, театрдың құжаттарын заңмен сәйкес болуын қадағалайтын заңгер кеңесші Есімжан Атығұлов,  баспасөзбен байланыс орнатып, газет-журнал беттеріне мақалалар жариялап, театрдың көркемдік кеңесінің отырыстарының хаттамасын, жылдық жоспары мен есебін жазу, әкімшілік жұмыстары мен фестивальге өтініш жіберу, мәдениет басқармасына қатысты құжаттармен айналысу әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Айдынбаеваның  мойынында. Сол секілді кадр бөлімінің инспекторы Әйгерім Байдилдинова мен кадр жөніндегі маман Венера Аблаким, әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі менеджер Бақытжан Туғамбаева мен билет бақылаушы қыздар Ботагөз Әмірғалиева, Кенжегүл Сағынбек, Ботагөз Әлтай, Айым Балтабаевалардың еңбектерін атап өту қажет.

Театр қызметкерлерімен ай сайын өрт қауіпсіздігі туралы сұхбат өткізу, жөндеу жұмыстарының іс-шараларын жүргізу, театрдың ішкі және сыртқы жағын өртке қарсы сумен қамту өрт қауіпсіздігі дабылының қызметі бойынша жауапты техник Қанат Дүйсенбинов,  театр қойылымдарын көркемдеуге, сахнаны ашып-жабу, станоктар мен декорацияларын құру машина цехының меңгерушісі Алпысбай Үркінбай, сахна машинистері Махмұтжан Беделбаев, Ербол Шегебаев, Жантас Ерденбеков, Бекзат Олжабайұлы, күзетшілер Азамат Мергенбаев, Данияр Қабимолдинов, Айдос Қаблисанов, Қайрат Даиров, сантехник Дархан Смағұлов та театр үшін өз еңбегін атқарып келе жатқан әріптестеріміз.

Театрға керек-жарақтарды алып келу, керек жеріне апару жабдықтаушы агентіміз Мансұр Жүсіпов, автокөлік жүргізуші Болат Смағұлов, Болат Садуақасов, ғимарат кілттеріне жауапты Алтай Жорабеков, еден жуушылар Сәуле Тәшен, Надежда Заборина, Аймен Бекпаева, Әсел Тастанбекова, Татьяна Иванова, Бақыт Иманберлинова, Шолпан Рахимова, Гүлім Смағұлова, Руфа Нұрғалиқызы, Ұлбосын Тінімбаева, Айтгүл Елікбаева, аула тазалаушылар Анарбек Ақтаев пен Сейітануар Сейітбетқалов, гардеробқа жауапты киім ілушілер Ғалия Нақысбекова мен Айгүл Төлегеновалар да өнер үшін өз қолдарынан келгенше еңбек етіп, өз салалары бойынша үлестерін қосып келе жатқан жандар деп атап өтуге толықтай негіз бар.

Жанымда жүрген жақсы адамдар жайлы ойымыздағы бір үзік сыр осы еді. Жаңа бағыттағы мәдениет өркениетін жасап, заманауи талаптарға сай, ұлттық өнерімізді таныту жолында еңбек етіп келе жатқан Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахна сыртындағы қызметкерлеріне денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін! Халықаралық театр күні құтты болсын!

Зәмзәгүл ӘМІРҒАЛИЕВА,

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының музей меңгерушісі

Алматы облысы