АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Уақыты: 29.03.2022
Оқылды: 1356
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алакөл ауданы Арқарлы ауылдық округінде күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі қолданысқа берілді.

Сан жылдар сұрқы қашып, сұлулығынан айырылған ескі ғимарат қолданысқа жарамас күйге жеткен еді. Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдың тұрғындары осы нысанды жөндеп, елді мекенге рухани өзгеріс енгізуді сұраған. Осы округте жылқы малы мен ірі қара түлігін өрбітіп отырған ауданның меценаты Бауыржан Оспанов халық тілегіне құлақ асып, қолдау көрсетті. Жеке қаражатына толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ғимаратты әрлендіріп берді.

Бауыржан Оспановтың демеушілігінен бөлек 9 млн.теңгеге техникалық-материалдық базасы толықтырылды. Сондай-ақ, арқарлылық Асқар Себепов пен Күлипа Нүсіпова да қаражат бөліп, қалған жұмыстың бір жағына шығысты.

Салтанатты шарада алғы сөзді алған аудан әкімі Алмас Абдинов: «Мәдениет – әр ұлтты өзгелерден айшықтап тұрар болмысы, тіршілік қағидасы. Өнер мен шығармашылығы кенжелеп қалған халық кейін қалып қалары да сөзсіз. Шалғайдағы ауылда мәдениет ошағын күрделі жөндеуден өткізіп, қолғабыс еткен азаматтарға алғысымыз шексіз. Туған жерге ту тігіп, ауылдың көркеюіне атсалысу – нағыз патриот тұлғаның ісі», – деді.

Арқарлы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Мамырбеков жомарт азаматтарға бұқараның ізгі тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Артынша күміс сақал қариялар мен ауылдың үлкендері қызыл лентаны қиып, әжелер шашуын шашып, қауым жаңартылған ғимаратты тамашалауға кірді.

Түрлі үйірмелер жұмысына арналған кабинеттер, жиын-шаралар өтер сахна, қызметтік бөлмелер мен қажетті құралдар түгенделген. Ауласы абаттандырылып, заман талабына сай жабдықталған. Алыстағы ауылдың көркін ашып, сәнін келтіріп-ақ тұр. Шара соңында аудан өнерпаздары шағын концерттік бағдарламасын назарға ұсынып, Наурыз мейрамы аталып өтті. Тұрғындар арасында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, жұртшылық бір жасап қалды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы