ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАСЫНА ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІН БЕРУ - ТАРИХИ ТҰРҒЫДА ӘДІЛЕТТІ ШЕШІМ

Уақыты: 29.03.2022
Оқылды: 1861
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыз күнгі «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халық асыға күткен еліміздің күрделі мәселелерінің алдыңғы қатарында саяси реформалардың бағыттары айқындалды.

Жолдаудағы: «Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», – деген көп жыл бойы халықтың көкейінде жүрген жағымды хабарды естігенде тыл және еңбек ардагерлердің қуанышында шек болмады.

Біз аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті, артына өшпес із қалдырған ірі тұлға деп білеміз, бағалаймыз және оны әр кезде мақтаныш тұтамыз. Қапшағайда Тәуелсіздік жылдары Д.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қала орталығына ескерткіші орнатылып, бір мектепке есімі берілді.

Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып ширек ғасыр қызмет атқарып, 50 жыл елағасы болған Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығымен тұспа-тұс Қапшағай қаласына тарихи тұлғаның есімін беру әділетті шешім болды деп ойлаймыз.

Қапшағай қаласының ардагерлері Қапшағайға Д.Қонаевтың атауын беруді толық қолдады.

Амангелді БЕСПАЕВ,

Қапшағай қалалық ардагерлер және Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Алматы облысы