ҒАСЫРДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР ҚОС ГАЗЕТ БАСШЫЛЫҒЫНДА АУЫС-ТҮЙІС БОЛДЫ

Уақыты: 29.03.2022
Оқылды: 1865
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының ғасырдан астам тарихы бар қос басылымы – «Jetisý» мен «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктірген «Өлке тынысы» ЖШС-на жаңа директор тағайындалды.

Тағайындауға байланысты өткен жиында алғашқы сөзді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек алды. Ол өз сөзінде аталған серіктестікті осы уақытқа дейін абыроймен басқарған Мейрам Базарұлына алғыс айтып, өңірлік ақпарат саласына қойылар талап күшейгенін, заман талабына сай ақпарат тарату мен ағартушылық бағыттағы жұмыстар әлеуметтік кеңістіктің сұранысына сай жанданатынын жеткізді. Қоғам сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент ұсыну, әлеуметтік желіде ақпараттық жұмысты күшейту бағытында тың жобалар қолға алынатынын әңгімеледі. Сондай-ақ, ақпарат саласындағы реформаларға байланысты «Жетісу медиа» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі аталған серіктестік құрамына біріктіріліп, жаңа бағытта жұмыс істейтінін түсіндірді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына журналистика саласында есімі белгілі Досан Атантеловтің тағайындалғанын айтты.

Досан Қызайбекұлы 1971 жылы Сарқан ауданында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды шығыстанушы-тарихшы мамандығы бойынша бітірген. Иран елінің жеке компаниясында парсы тілінің аудармашысы, «Проктер енд Гембл» компаниясында менеджер болып еңбек жолын бастаған. «31 телеарна», «Информбюро» жаңалықтар қызметінде жүргізуші-редактор, «Тұжырым» сараптамалық бағдарламасында жүргізуші, «Алматы» телеарнасында жаңалық жүргізіп, «Қылкөпір», «Бес парыз», «Пікірлер пирамидасы», «Тарих таразысы» бағдарламалары мен ток-шоуларында жүргізуші-редактор, танымдық-публицистикалық бағдарламалар редакциясының продюсері болып еңбек еткен. «Бизнес ресурс» ЖШС бағдарламалар редакторы, «Қазақстан» ұлттық арнасы  «Айтуға оңай» ток-шоуының продюсері, «Жетісу» телерадио компаниясы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

Жиын барысында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары Болат Абаған, контент-менеджер Жұмахмет Жайлаубаев, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина сөз алып, Мейрам Базарұлының ұзақ жылдар бойы ақпараттық кеңістікте атқарған қызметі мен қос басылымның дамуына қосқан сүбелі үлесін айшықтап өтті. Азаматтық, тұлғалық қасиеттерімен қатар іскерлігін, ұйымдастыушылық қабілетіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, жаңадан тағайындалған Досан Қызайбекұлының жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Досан Қызайбекұлы сөз сөйлеп, көптің сенімін ақтайтынын айтып, журналистерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Айта кетейік, осыған дейін басшылық қызмет атқарып, көп жылдардан бері ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қазақстанның Құрметті журналисі Мейрам Жанәділов жаңа директордың кеңесшісі болып жұмысын жалғастырады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы