ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ БЕС ҒАСЫР САҚТАЛҒАН КӨНЕ БҰЙЫМДАР КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 01.04.2022
Оқылды: 1783
Бөлім: РУХАНИЯТ

Достық үйі ­– Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен мекеме ғимаратының алдында Ұлыстың ұлы күні ­– Наурыз мейрамы тойланды. Той-думанда бес ғасыр сақталған көне бұйымдар көрмеге қойылды.

Киіз үй тігіліп, шатырлар қойылып, күресуге лайықтап кілем төселіп, жастарға арнап алтыбақан құрылды. Кішігірім алаңдағы осы бір көрініс Наурыз мерекесінің бар болмысын көз алдыңа алып келеді. Әр шатырдың жанында шеберлер бұйымдарын, суретшілер картиналарын, зергерлер әшекейлерін этно-жәрмеңкеге қойған. Әсіресе, бір әулеттің ата-бабалары бес ғасырдан бері қолданған, 700-ден аса мұраны сақтап, көрмеге жартысынан астамын әкелген талдықорғандық Андас шаңырағының бұйымдары көптің қызығушылығын тудырды. Отбасылық жәдігерлерді таныстырған этнограф, қолөнер шебері Әуесхан Мажайқызы әр бұйымның тарихына тоқталып, ұмыт болған керек-жарақтарды көрсетіп, түсіндіріп берді. Сол сияқты Звягина Евгенияның әшекейлері мен ерекше салынған картиналары, Пак Наталияның таза былғарыдан жасалған белбеулері мен сөмкелері, Әсем Жұмаханованың «Қоржын» брендіндегі өнімдері жәрмеңкенің сәнін келтірді. Шараға қатысқан қонақтар Талдықорған мен Текелі қаласы, Ескелді, Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандарының жайған дастарқаннан тәм татты.

Наурыз думаны бәйшешек кейпіндегі кішкене бүлдіршіндердің «Илигай сәулем» әнінің әуеніне қойылған биімен басталып, кішігірім қойылымға ұласты. Көріністе балуандар белдесіп, Алдар көсе және оның әні, бишілердің «Қара жорғасы» бәрі ретімен сахналанып отырды. Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев және облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов көпшілік алдында сөз алып, мерекемен барша жұртты құттықтады. Артынша Болат Бақбергенұлы осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан қатысушыларды марапаттап, Алғыс хат берді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы