Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ӨМІРЛІК БАҒДАР" ЖОБАСЫНЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ НЕДЕ? БАСПАСӨЗ МӘЖІЛІСІ

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 1680
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында «Өмірлік бағдар» жобасы аясында баспасөз мәслихаты өтті. Жастардың болашағына жарқын жол ашатын тың бастама туралы Алматы облыстық ішкі саясат, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары баяндап өтті.

Алғашқы болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек бұл жобаның 9,10,11-сынып оқушылары мен ауылда жұмыссыз жүрген жастарға бағытталатынын айтты.

- Кәсіби бағдар бойынша жылда жұмыстар жүргізіледі. Бірақ биыл үш басқарма бірігіп, оған басқаша ден қойып отырмыз. Мақсатымыз – мектептерге барып, жоғары сынып оқушылармен, олардың ата-аналарымен және жұмыссыз жүрген ауыл жастарымен кездесіп, қандай мамандық бойынша білім алуға болатыны, қандай гранттар бар екендігі туралы бағдар беру.  Бұл ретте аудандар мен қалаларға баратын ақпараттық-насихаттық топтар құрылған. Олар осы сәуір айында мектептерді аралап, жастарға бағыт-бағдар беріп, қолда бар ақпараттық нұсқаулықтарды таратады. Жастардың қай салаға бейімі барын анықтау мақсатында әңгімелеседі. Кері байланыс орнату барысында сауалнама толтырылады. Облыстағы барлық орта білім ошағын қамту үшін «Бір күн, бір ауыл, бір мектеп» қағидаты бойынша жұмыс жүргізіледі, – деді.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың техикалық мамандықтарды дамыту туралы тапсырма бергендігіне тоқталып, облысымызда 74 кәсіптік-техникалық білім беретін колледж бар екендігін, онда 66 мамандық бойынша білім беріліп жатқанын жеткізді.

- Биыл 9-сыныпты бітірушілер үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 2500-ге арттырылуда. Жаз бойы үш айлық курстар бойынша жұмыссыз жүрген жастар жұмысшы мамандықтарында оқытылады. Құрылыста немесе фермерлік шаруашылықтарда жұмыс істеу үшін міндетті түрде бірнеше жыл білім алу міндетті емес, үш айлық курстарды оқып, кәсіп меңгеруге болады. Ол үшін шәкіртақы, жатақхана, күніне бір реттік берілетін тамақ та қарастырылған, – деді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат бұл үлкен бастаманың маңызы еңбек нарығын талдау, бүгінгі күнде қандай мамандықтар сұранысқа ие, кәсіпорындарға қандай мамандар қажеттігі туралы мәлімет беруде екенін атап өтті.

- Қазіргі таңда облысымызда үлкен кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Соған орай жаңа мамандарға сұраныс артуда. Атап айтар болсақ, инженер, электрик, логопед, дефектолог, мүгедек балалармен жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімі, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласында фермер, механизатор, кран жүргізуші сынды мамандар қажет. Мал бағатын, оның жайын білетін адамдар да қазір жоқтың қасы, – деді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жастарға мол мүмкіндік ашылып отырғанын жеткізіп, осы орайда жас мамандардың тәжірибе жинап, ары қарай жұмыспен қамтылуына жол ашатын «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу 12 айдан 18 айға ұзартылғанын және ол үшін мемлекеттен төленетін ақы 72000-нан 92 000-ға көтерілгенін алға тартты.

Баспасөз мәслихаты соңында журналистер өздерін толғандырған сауалдарды қойып, тұшымды жауаптар алды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы