ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАҒЫ ДА ЖАНЖАЛ: ОҚУШЫ ЕСЕПКЕ АЛЫНДЫ, МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСТАН КЕТТІ

Уақыты: 29.04.2022
Оқылды: 1752
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы мұғалім мен оқушы арасындағы жанжал қыз баланың киім үлгісіне байланысты туған. Бұл ақпаратты Алматы облыстық білім басқармасы таратты.

«Жанжал киім үлгісіне қатысты болған. Яғни, оқушының сыртқы келбеті ұстазына ұнамаған. Сол себепті, мұғалім ашуға булығып, оқушыға дөрекілік көрсеткен. Қыз бала да дөрекілікпен жауап қайтарған», - делінген Алматы облысы білім басқармасының хабарламасында. Яғни, ұстазға өзі үлгілі санайтын оқушының киім үлгісі ұнамаған. Оқушы қыз мектепішілік есепке алынды. Онымен мектеп психологы жұмыс істейтін болады.

«Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі этика кеңесін өткізді. Оған оқушының анасы мен мұғалім де қатысты. Өткізілген кеңес пен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тараптар татуласып, бір-бірінен кешірім сұрап, тарқасты. Мұғалім денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан кету туралы шешім қабылдады. Ал оқушы мектепішілік есепке алынды. Онымен психолог жұмыс істейді. Ұжымда кәсіби педагогтар жұмыс істейді», - деп толықтырды басқарма өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда мектеп мұғалімі мен оқушының жанжалдасқан видеосы желіге тараған еді. Жанжалдан кейін ұстаз өз еркімен жұмыстан кетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"