ДІЛДӘБЕК ЕЛУБАЕВ! СОҒЫСТА ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН АҚСУЛЫҚ ЖАУЫНГЕРГЕ ІЗДЕУ САЛАМЫЗ

Уақыты: 09.05.2022
Оқылды: 1615
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сұрапыл соғыстың зардабынан шайқалмаған шаңырақ аз болған жоқ. Ерін жоқтап, еңіреген жесірлер, перзентінен айырылған аналар, әкелерін іздеген мен сияқты балалар соғыстың зардабын еш ұмытпаймыз.

1942 жылы әкем Ділдәбек Елубаев соғысқа аттанарда мен 5 жаста едім. Бүлдіршін болсам да есімде, шығарып салуға көп адам жиналды. Әкем атпен жүр. Мен жылап, әкемнің үзеңгісіне жармасып, қасынан қалар емеспін. Әкем маған: «Жылама, қазір арба жегіп келем де, тәтең екеуіңді алып кетем», – деді. «Онда қанжығаңдағы қоржыныңды қалдыр», – деп жылағаным есімнен кетпейді. Әкем сол кеткеннен мол кетті, оралмады.

Алғашында майданнан үшбұрышты хат келіп тұрды. Барғаннан кейін атты әскерге қабылданғанын, соғысқа дайындық үстінде жүргенін жазыпты. Кейіннен: «Енді, міне, ұрыс даласындамыз», – деп хат келді. Бұл ең соңғы хаты болды. Бұдан кейін әкемізден хабарсыз қалдық. Сұрапыл соғыс аяқталып, арада бірнеше жыл өткен соң іздеу салдық. Хабарсыз кеткендердің тізімінен табылды. Кейін жерленген жері, қай шайқаста қаза тапқаны жайлы іздегенімізде ешқандай дерек болмады.

Әкем туралы есімде қалған естеліктер: оның мал дәрігері болғандығы еді. Үнемі терең ой үстінде жүретін, ертелетіп жұмысқа кетіп, үйге кеш қайтатын. Өзі соғысқа кеткенде үйде қалған дәрілері дорба ішінде тұратын. Әкемді сағынған сайын заттарын, жұмысына қатысты қолданатын дәрі-дәрмегін ашып көріп, қайта орап, жинап қоятынмын. Әкем соғыстан оралған соң керегіне жаратар, іздейді деп ойлайтынмын. Санасам, әкемді үзеңгісіне жармасып, соңғы рет көріп, шығарып салғанымызға 80 жыл толған екен. Оның үстіне, әкеме биыл 105 жыл толып отыр. Әкем маған әлі тірі сияқты сезіледі. Перзенттік махаббат, сағыныш ешқашан өшпейді. Тірі кеткен адам тірі келуі тиіс сияқты. Қақпаны қағып, есіктен кіріп келер деп қаншама жыл күттім десеңізші?! Бүгінде жасым 85-ке таяса да, әкемді іздеймін, әкеме деген сағыныш сол қалпы. Үмітімді де үзгім келмейді.

Құрметті қазақ елі! Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Ел іргесі аман, тыныш заман болсын! Соғыстан аман-есен оралған бауырларымызға, батыр-ардагерлерімізге осы бір тағылымды мерекеде зор денсаулық тілеймін. Ал өмірден өткен, соғыста қаза болған боздақтарға, әкелерімізге иман байлығын тілеп, жатқан жері жайлы болсын демекпін.

Нұршәкен ДІЛДӘБЕКҚЫЗЫ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы