ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖЕҢІС КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Уақыты: 09.05.2022
Оқылды: 1784
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихымыздағы ең елеулі сәт 9 мамыр – Жеңіс күні маңызы зор ұлы мерекенің бірі. Ақтық демі қалғанша Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны, тылдағы жұмысшылардың ерен еңбегі мәңгі өшпейді. Биыл Жеңіске 77 жыл толды. Жылдағы дәстүр бойынша кеудесіне орден, медальдарын жарқырата тағып алған соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары Талдықорған орталық саябағындағы Даңқ ескерткішінің маңына жиналды. Шараға Ауған соғысы ардагерлері мен Желтоқсан көтерілісінің қатысушылары да келді. Саябаққа жиналғандардың бәріне Жеңіс лентасы таратылды.

Биылғы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған шара Алматы облысы әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен басталды. Ескерткіш жанында соғыста қаза тапқандардың еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, перзенттік борышын өтеген көпшілік бабалар рухына тәу етті.

Осы тұста биылғы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге арналған шаралардың жоғары деңгейде өткенін атап кеткен жөн. Жалпы, биыл қос мереке қарсаңында облыста екі мыңнан астам шара ұйымдастырылыпты.

Айталық, шара өтетін орындар безендіріліп, концерттік бағдарламалар ұсынылса, білім беру мекемелерінде сынып сағаттары, шығармалар байқауы, дәстүрлі "Ерлік сабақтары" өтті. Сондай-ақ, "Батырларға тағзым" онлайн акциясы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай "Ұранды ердің ұрпағы қайсар" әскери-патриоттық шарасы аясында жас сарбаздар мен әскери-патриоттық клуб мүшелерінің ант қабылдау рәсімі де нәтижелі болды. "Жүрек жылуы", "Аялы алақан", "Асар" қайырымдылық, әлеуметтік акциясы, тыл еңбеккерлеріне қамқорлық айлығы да сәтті жалғасты.

Ал Жеңіс күнінің құрметіне ағымдағы жылы облыстық бюджеттен ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің әрбіріне 1,5 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек берілді. Сонымен қатар, басқа да санаттар бойынша қаржылай көмек көрсетілген. Бұдан басқа, жыл басынан бері Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жылу, ыстық және суық су, газ және электр  энергиясы сияқты коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төлеуге 4,5 млн.теңге бөлініпті. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, емдеу-сауықтыру жолдамалары, әртүрлі техникалық және көмекші гигиеналық құралдармен толық қамтамасыз етілген.

Өкінішке қарай, соғыс ардагерлерінің саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны анық. Биылғы Жеңіс күніне соғыстың алапат өртін көріп, өлім мен өмірдің арасында жүрсе де, аянбай ерлік көрсеткен 25 ардагер жетіп отыр. Олардың дені жүз жасқа жетіп қалғандықтан көбі орталықтардағы салтанатты шараға келе алмады. Сондықтан, облыс әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорған қаласында тұратын соғыс ардагерлерінің үйіне арнайы барып, әңгімелесіп, хал-жағдайымен танысты.

Алдымен облыс әкімі бастаған топ "Болашақ" шағынауданы, 29 үй, 12 пәтерде тұратын Қаңтарбай Сәрсенбай ақсақалдың үйіне барды. Биыл 99 жасқа келген қарт жауынгер әлі де тың көрінді. Бәтима Нүсіпқызы апамызбен берекелі отбасын құрып, өмірге 11 бала әкеліп, 25 немере, 45 шөбере, бірнеше шөпшек сүйген ардагер бүгінгі бейбіт күнге дән риза. Кеше ғана келін түсіріп, тағы бір немересінің отау құрғанына қуанып отыр екен. Соғыс кезінде бастан өткерген қызығы мен қиындығы көп естеліктерін әңгімелеп, тағы бір жадырап қалды.

– Биыл Жеңіс күнін 77-ші рет қарсы алып отырмын. Ең алғаш рет Жеңісті Мәскеуде қарсы алып едім. Бауыржан Момышұлымен бірге жараланып, жарты жыл госпитальда бірге жаттық. Соғыс жылдарындағы көрген қиындық пен бастан өткерген қауіпті айтып тауысу қиын. Ағын судай жылжыған уақыт, міне, бірталай өмірімізді ұрлап үлгерді. Енді соғыстың бетін аулақ қылып, бейбіт күніміздің берекесі ұзағынан болсын, – деген ақ тілегін айтып, көпшілікке бата берді.

Көксу ауданының Балпық би кентінде 1924 жылы туған Қаңтарбай Сәрсенбай 18 жасында әскерге шақырылады. Аягөз қаласында кіші командирлер даярлайтын алты айлық курстан өтіп, сержант дәрежесін иеленеді. Бұдан кейін Түркменстанның Мары қаласындағы пулеметшілер училищесінің офицерлер даярлайтын бір жылдық курсына жолдамамен жіберіледі. Курста оқып жүріп салмағы 65 келі болатын екі метрлік ірі калибрлі станоктың құрылысын үйреніп шығады. Рота командирінің бұйрығымен автоматшылар бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Бөлімшедегі 37 жауынгерді үш ай бойы түрлі әскери жаттығулар жасатып, соғыс тәсілдерін үйретеді. Содан кейін майданға аттанады.

Шығыс Пруссияның Шяуляй қаласын, Литас, Латвия, Польша жерлерін жаудан қорғауға қатысады. Туған жерге екінші топтағы мүгедек болып оралады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жауынгерлік қызметі жоғары бағаланып, бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталады. Елге оралған соң Панфилов педагогикалық училищесін бітіреді. Талапты, Алғабас жетіжылдық мектептерінде денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Быжы ауылдық кеңесінде он жыл хатшы, есепші қызметтерін атқарады. Пошта және байланыс бөлімшесін 15 жыл басқарып, абыройлы еңбек етеді. 1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Соның нәтижесінде «Еңбек ардагері», «Астананың 10 жылдығы» медальдарын өңіріне тағады. Көксу ауданының Құрметті азаматы атағын алады.

Өткен жылдары Қаңтарбай Сәрсенбай ақсақалға соғыс ардагері есебінде бір бөлмелі үй берілген. Бірақ бес қабатты ғимараттың төртінші қабатынан тиген баспана жүзге жақындап қалған, қол-аяғы сырқырап ауыратын ақсақалдың түсіп, шығуына үлкен кедергі болып тұрған көрінеді. Әңгіме барысында ардагер осы қиындықты алға тартып, облыс әкіміне баспанасын төменгі қабаттарға ауыстырып беруін сұрады. Қанат Алдабергенұлы ақасақалдың өтінішін орындайтынын айтты.

Келесі кезекте облыс әкімдігі өкілдері Еркін ауылы, Көктал елдімекені, Күреңбел көшесі, 37 үйде тұратын Төлеубай Шектібаевтың үйіне бас сұқты. Мұнда көпшілікті 98 жастағы Төлеубай ақсақалмен бірге Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов және ардагердің бала-шағасы мен ауылдастары қарсы алды.

Төлеубай Шектібаев 1925 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, Скотовод кентінде туған. Жасы он сегізге толған 1943 жылы әскер қатарына алынады. 1943-1944 жылдары дайындық шеберлігін үйренгеннен кейін Қиыр Шығыс шекарасында, Амур маңайында шекараны жаудан қорғады. Беларус майданының құрамында болып, Венгрияның Балатон көліне дейін неміс басқыншыларын тазартуға қатысты. 1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон әскерлеріне соққы берді. Содан кейін Харбин қаласын азат етуге араласады. Туған жеріне 1945 жылдың мамырында оралып, Семей өңіріндегі ауылшаруашылық техникумында еңбек ете жүріп, сырттай Алматы мал дәрігері институтын бітіреді. Ауылында экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, ауыл кеңесінің төрағасы болып істейді. 2006 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін Талдықорған қаласына қоныс аударады. Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп, қадірменді қартқа айналған.

Төлеубай ақсақал облыс әкімі бастаған топқа аталық ақ батасын беріп, ақ дастарқаннан дәм таттырды.

Облыс орталығында басталған соғыс ардегерлерімен кездесу шарасы аудан, қала әкімдері тарапынан жалғасып, Жеңіс күнін жақындатқан барлық қарт сарбаздарға құрмет көрсетілді. Биылғы Жеңіс күні осындай айшықты істерімен есте қалды.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы